Түркістанда ерекше балаларға арналған өнер фестивалі өтті
Киелі Түркістан қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өнер мерекесі ұйымдастырылды. Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Түркістан БАЛАFEST» фестивалінің мақсаты – Түркістан қаласының ерекше мәртебесі аясында ерекше қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін көпшілікке таныту. Биыл дәстүрлі түрде үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байқауға 7 мен 14 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Олар екі жанр бойынша өз таланттарын ортаға салып, ән өнері мен қолөнер шеберлігінен бақ сынады.
Іс-шарада алдымен тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Әрі қарай мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы әсерлі әнмен өрілді. Сөз кезегін алған Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев ерекше балалардың өмірге деген құштарлығына тоқталып, олардың өнер жолындағы батылдығына сәттілік тілеп, ата-аналарына алғыс білдірді. Қоғам қайраткерлері де шынайы ризашылықтарын жеткізді. Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің инклюзивті білім беру орталығының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова мен Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрағасы Ұлжан Мұстафаева сөз сөйлеп, балалардың сарқылмас күш-жігері мен шығармашылық әлеуетіне ерекше тоқталды. Олар сондай-ақ ата-аналардың қамқорлығына алғыстарын білдіріп, қоғам болып қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.
Фестиваль аясында «Ұлы дала елі» орталығының кіреберіс фойесінде балалардың қолымен жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Түрлі материалдан жасалған әсем бұйымдар көпшіліктің ықыласына бөленіп, қонақтар ерекше балалардың шығармашылығына тәнті болды. Қолөнердің барлық түрі қамтылды. Бала жанын сөйлеткен туындылар көпшілікті бей-жай қалдырмады. Өнер фестивалінде ән жанры бойынша қатысушылар ерекше тебіреніспен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Олар патриоттық және Түркістан тақырыбындағы әндерді шырқады. Әрбір баланың сахнада еркін өнер көрсетуі көпшілікті сүйсінтті. Қошемет арқасында жігерленіп, өнерін паш етті. Мереке соңында барлық қатысушы арнайы алғыс хаттармен марапатталып, құнды сыйлықтар табысталды. Ерекше балаларға деген осы қамқорлық пен мейірімділікке риза болған ата-аналар ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін жеткізді.
«Түркістан БАЛАFEST» бұл тек өнер фестивалі емес. Ол ерекше балалардың қабілетіне құрмет пен сенімнің жарқын көрінісі деп білеміз. Мұндай бағыттағы игі шаралар балалардың болашағына сенім ұялатады деп сенеміз.
Тұрсынай Шаметова