Түркістанда «Абай оқулары» байқауы өтті

 

Биыл ұлы ақын, ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл! Осыған орай Түркістанда «Абай оқулары» байқауы өтті. Бұл жоба Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен және Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып отыр.

Қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлғасы өз заманында тек ақын ғана емес, ағартушы, рухани реформатор ретінде де танылған. Абайдың әдеби мұрасы – қазақ қоғамының болмысын, ұлттық рухын, адамгершілік пен парасаттың мәнін терең суреттейтін баға жетпес қазына. Оның өлеңдері мен қара сөздері бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар, ізгілік пен білімге бастар жол көрсетіп келеді.

Байқауға 5 кітапханашы мен 5 оқушы қатысып, әрқайсысы өз жұбымен сахнада өнер көрсетті. Қатысушылар үш бағыт бойынша сынға түсті. Біріншіден, Абайдың 10 өлеңін жатқа айтып, көркем сөз шеберліктерін көрсетті. Екіншіден, оның қара сөздерін мәнерлеп жатқа оқыды. Даналық ойларын түсіндірді. Үшіншіден, Абайдың ізбасар шәкірттері – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы және Мағауия Абайұлының шығармаларын жатқа айтып, осы рухани мектептің жалғастығын көрсетті.

Әділқазылар алқасының құрамында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының абонемент бөлімінің басшысы Гүлназ Ешманова, тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Баян Адырбек, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжахан Орынбасарова қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталып, марапатталды. III орынды Түркістан қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы Ғабит Замира мен оқырманы Сембай Айару, ал II орынды №2 кітапхана-филиалының меңгерушісі Өтегенова Әсел мен оқырманы Мирзаханова Шахмонам иелендң. I орынды №10 кітапхана-филиалының меңгерушісі Алишова Индира мен оқырманы Ерболұлы Исматулла жеңіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

Мұндай тағылымды байқаулар жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық әдебиет пен рухани мұраға деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық. Абайдың сөзімен айтқанда «толық адам» болуға ұмтылған жас ұрпақ жаман болмайды.

Тұрсынай Шаметова