Түркістан өңірінің киелі орындары түркі әлемінің назарында

Түркістанда II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы өз мәресіне жетті. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен жиынның қонақтары Түркістан қаласы мен Отырар аудандарының киелі орындарын аралады.

 

Алдымен Арыстан баб кесенесіне зиярат етуден бастады. Бұл кесене көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші саналады. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб қабірінің басына арнайы салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.
Танымдық сапар әрі қарай Отырар қалашығында жалғасты. Отырар – Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Араб жазбаларында бұл қаланы Фараб деп атаған. Отырар жеріндегі алғашқы қоныстар VIII ғасырда пайда болған. Жібек жолының бас тармақтарының бірінде орналасқандықтан қала дамып, тез арада көркейе бастады. Шеберлер мен өнерпаздар шоғырланған үлкен сауда орталығына айналды. Бұл жерде сарайлар, керуен сарайлары мен қала көшелері пайда болды.

Күннің екінші бөлігінде киелі шаһардағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимаратта Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт сынды арнайы бөлмелер бар. Шетелдік қонақтар сәулет өнерінен бөлек, қазақ руханиятының мол мұрасымен, ұлттық салт-дәстүрімен танысты.

 

 

Айта кетейік, екі күн бойы өткен симпозиум «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбына арналды. Оған Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан және Қазақстаннан жетекші ғалымдар және халықаралық ұйымдардан сарапшылар қатысты.

Тұрсынай Шаметова