Түркістан өңірінде «Абай оқулары» байқауы өтіп жатыр
Биыл ұлы ақын, ағартушы, философ әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Осыған орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен аудан, қалаларда «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылған болатын. Қазіргі таңда іріктеу кезеңі өткізіліп жатыр, содан соң Түркістанда қорытындыланады. Біртуар тұлғаның мерейтойына арналған байқау Келес ауданында жалғасты.
Байқаудың мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, өлеңдері мен қара сөздеріндегі терең ойды кеңінен таныту, оқырмандардың классикалық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Келес аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шарада алдымен «Абай мұрасы – рухани қазына» атты кітап көрмесі таныстырылды. Облыстық кітапхананың Негізгі қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Ешманова Гүлназ қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Келес аудандық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Ләззат Қадырбаева және Келес аудандық Тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі пәні мұғалімі Нұрлыайым Бегаисовамен бірге қазылық етті.
Байқау үш кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар Абайдың он өлеңін жатқа мәнерлеп оқыды. Екінші кезеңде қара сөздері оқылып, мазмұны мен мәні түсіндірілді. Үшінші кезеңде үміткерлер ақынның шәкірттерінің шығармаларын жатқа айтып, олардың көркемдік және тәрбиелік жағына талдау жасады.
Байқау нәтижесінде Бекбота ауылдық кітапханасының кітапханашысы Атабекова Тәтігүл мен оқырманы Сайлау Айару бас жүлдені иеленді. Қошқарата ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Сапарова Бахтигүл пен оқырманы Омар Ақниет І орынға, Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Зәкір Әлия мен оқырманы Жәдігер Аруна ІІ орынға, ал Ұшқын ауылдық кітапханасының кітапханашысы Темірбек Айдана мен оқырманы Дүйсенбай Гүлсезім ІІІ орынға лайық деп танылды.
Ынталандыру сыйлықтарымен Береке ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нақыпбаева Айнұр (оқырманы Көбек Асадулла), Саттаров ауылдық кітапханасынан Калыкулова Қарлығаш (оқырманы Қасымбек Балым), және Қазақстан ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жамантаева Назерке (оқырманы Медет Інжу) марапатталды.
Облыстық кезеңге Бекбота ауылдық кітапханасының кітапханашысы Атабекова Тәтігүл мен оқырман Жәдігер Аруна жолдама алды. Байқауға қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.
Тұрсынай Шаметова