Түркістан музыкалық драма театры бір маусымда бес премьера сахналаған
Түркістан облысында жалпы кәсіби үш театр бар. Соның ішінде ең жасы — төрт жыл бұрын ғана бой көтерген Түркістан музыкалық драма театры. Руханият ордасында «TMDT LIVE» жобасымен төрт труппаны қамтыған ерекше шығармашылық кеш өтті. Мұнда театрдың драма, вокал, балет труппасы мен «Түркістан» ансамблі бір сахнада өнер көрсетті. Жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасаны Бейсенбай Тәжібаев, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері де қатысты.
Мерекелік думан барысында театр репертуарындағы қойылымдардан бөлек, актерлердің, музыканттардың және бишілердің өнері ұсынылды. Авторлық музыкалық шығармалар, сахналық көріністер, заманауи хореография, жарасымды әзілдер мен әсерлі әуендер, поэзия, барлығы да еркін форматта өткен соң көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
— Жолаушы, мынау ұшақ қайда ұшады?Мен адасып жүрмін.
— Ыстықкөлге.
— Ыстықкөлге?
— Иә, Ыстықкөлге.
— Ыстықкөлге ұшақ қона ма?
— Иә, Ыстықкөлдегі «Махаббат мұнарасына» қонады.
— Солай ма? Ал ол ұшаққа билетті қайдан алуға болады?
— Билет әркімнің өз жүрегінде!
«Махаббат мұнарасы» қойылымынан дәл осы диалогты да ұмыт қалдырмады. Өйткені бұл көптің жұрегіне әсер еткен сөздер еді. Таңдаулы қойылымдардан реквизиттер жасырылып, жеңімпаздарға сый да ұсынылды. тМұның барлығы көрерменмен интерактивті бөлімінде жүзеге асты.
Театр басшысы Әлімхан Мырзахан жыл бойы қолдау білдіріп келген тұрақты көрермендерге алғыс айтып, арнайы марапат табыстады. Сонымен қатар төртінші маусымда атқарған жұмыстарына тоқталды. Бір маусымда шығармашылық топ бес жаңа премьерасы ұсынған. Атап айтсақ «Вальс королі» музыкалық драмасы, «Жалдамалы пәтер» музыкалық драма комедиясы, «Шейх Санаан. Фатум» драмасы, «Түркістан» ансамблінің мерекелік гала концерті, «Қара сөз» пластикалық спектаклі. Бұл қойылымдар театр репертуарын жаңартып қана қоймай, әртүрлі жанр мен стильдегі ізденістердің нәтижесін көрсетті. Әр премьера – көрерменмен жаңа бір диалог, жаңа бір эмоциялық тәжірибе болды. Соның ішінде IV маусым шымылдығын ашқан Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклі республика бойынша «Kazakhstan Ticketon Awards-2025» байқауында «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды.
Тағы бір жаңалық, 26-28 маусым күндері театр ұжымы Астана қаласына гастрольдік сапармен барады. Онда елордалық көрермен назарына «Шейх Санаан», «Түркістан» ансамблі және «Вальс королі» қойылымдарын ұсыну жоспарланып отыр. Бұл гастроль – театр үшін үлкен жауапкершілік пен мәртебе дейді ұйымдастырушылар. Өйткені еліміздің бас қаласына Түркістан театрының шығармашылық әлеуетін көрсету – ұжым үшін зор мотивация және даму сатысы болмақ.
Тұрсынай Шаметова