Түркістан: «Домбыра – рухтың үні» атты мерекелік шарасынан

 

Түркістан төрінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – рухтың үні» атты мерекелік іс-шара өтті. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен іс-шара ұлттық өнерді ұлықтап, күй өнерін жас ұрпаққа насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу сынды дүниелерді мақсат етеді.

Мерекелік бағдарлама аясында киелі шаһардағы «Ақжайық» музыка мектебінің оқушылары ұлттық нақыштағы бірнеше күйді нақышына келтіре орындады. Осылайша көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Түркістанның құрметті азаматы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Өнер мектебінің» директоры Тұрар Тілеулиев бастаған өнер саласының танымал өкілдері арнау айтып, ұлттық мұрамыздың маңызын жыр жолдарымен жеткізді.

Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрлі өнерді қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Шара соңында белсенді қатысушылар мен өнерпаздар арнайы марапаттарға ие болды.

Шілденің алғашқы жексенбісі  — Ұлттық домбыра күні. Домбыра – қазақтың жаны ғана емес, рухтың үні! Халқымыздың рухани алтын қазынасы жасай берсін! Қазақ күй өнері мен қара домбырасы ұрпаққа аманат.

Түркістан қаласы