Трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өткізілді

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Арнайы минситрлік құрылғаннан кейін Мемлекет басшысы 2027 жылға дейін жаңадан 20 су қоймасын салу, суды тиімді пайдалану міндетін жүктеді. Бұл суды жинау, қажетті кезінде тарату мәселесін шешу үшін жасалған маңызды стратегиялық қадамның бірі еді.

Қыркүйектің басында мәжілісте өткен жиналыста қысқаша баяндама жасаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жылға жуық уақыт ішінде атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Министрдің мәліметіне сенсек 2024 жылы мемлекет көлемінде су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 411 жоба қолға алынған екен. Мұның ішінде 575,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын 203 каналды салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілген. Осының нәтижесінде 400- ден астам ауылдың сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарған. Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыпты. Биылғы қаңтардан бері 32 гидротехникалық құрылыс мемлекет меншігіне қайтарылыпты. 118 гидротехникалық құрылыс көп факторлы тексерістен өткен.

Елімізге ағып келетін су қоры мол Ертіс, Іле секілді біраз өзендердің басы шетелдерде жатқандықтан жыл өткен сайын су қорының азаюы байқалып отырғаны белгілі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев түрлі келіссөздер жүргізіп аталған мәселелердің оң шешім табуына тырысып келе жатыр. Президенттің нұсқаулары да минситрліктің назырныда тұр. Осының айғағы ретінде “көршілес мемлекеттермен трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өткізіліпті. Нәтижесінде, биыл елімізге Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді”,-деді Нұржан Нұржігітов.

Дайындаған: Ерқазы Сейтқали