ТАРАЗДА АЙНАЛМА ЖОЛ АҚЫЛЫ БОЛАДЫ
Тараз қаласының айналма жолы ақылы негізге ауысты. Жалпы ұзындығы 57 шақырымды құрайтын бұл жол еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды көлік дәліздерінің бірі. Айналма жолдың әр бағытында бір қозғалыс жолағы қарастырылған, ал әр жолақтың ені кемінде 3,75 метрді құрайды. Ақылы жүйені енгізудің негізгі мақсаты – жолдың тұрақты күтіміне, жөндеу жұмыстарына және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті қаржыны қамтамасыз ету. Бұл жоба мемлекет пен жеке сектор арасындағы серіктестік шеңберінде іске асырылып отыр.
Жолды күтіп ұстау және қызмет көрсету шығындары пайдаланушылардан жиналатын төлемдер есебінен өтеледі. Жол жүру ақысы көлік құралдарының түріне және төлем жасау тәсіліне байланысты есептеледі. Төлем мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде белгіленеді. 2025 жылы 1 АЕК мөлшері 3 930 теңгені құрайды.
– Жеңіл автокөліктер үшін бұл жолмен жүру тегін. Яғни жалпы салмағы 2,5 тоннадан аспайтын көлік құралдарына ақы төлеу міндеттелмейді. Ал аталған шектен асатын техникалар жол пайдаланғаны үшін арнайы бекітілген тариф бойынша төлем жасайды. Мысалы 16 орындық шағын автобустар мен жүк көтерімділігі 2,5 тоннаға дейінгі көліктер үшін жол жүру ақысы 390 теңге. Ал 32 орындық автобустар мен салмағы 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктерінен 790 теңге көлемінде төлем алынады. Жүк көтерімділігі 10 тоннаға дейінгі автопойыздар үшін бұл сома 1190 теңге. Сондай-ақ салмағы 10-15 тонна аралығындағы жүк көліктері ақылы жолмен жүргені үшін 1590 теңге төлейді. Ал 15 тоннадан жоғары ауыр жүк көліктері мен тіркемелі тракторлар үшін бұл мөлшерлеме 1980 теңгеге жетіп отыр. Төлем жасау алдын ала төлеу және кейін төлеу секілді екі түрлі тәсілмен жүзеге асырылады. Алдын ала төлем жасаған жүргізушілерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бұл тәсіл жүйелі түрде төлем жасауға ынталандырып, жүргізушілерге тиімді жағдай ұсынады. Барлық төлем түрлері арнайы терминалдар арқылы немесе онлайн сервистердің көмегімен жүзеге асырылады, бұл жол пайдаланушылардың уақытын үнемдеп, ыңғайлы қызмет алуына мүмкіндік береді, – дейді «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мамандары.
Дегенмен, ақылы жол жүйесінің енгізілуі қоғамда түрлі пікірлер тудырып отыр. Жүргізушілердің бір бөлігі бұл жаңашылдықты қолдаса, енді біреулері жол ақысының қолжетімді еместігін алға тартуда. Көп жылдан бері көлік тізгіндеп жүрген тараздық жүргізуші Шынәсіл Бектасұлы жаңа жүйеге қатысты өз көзқарасын білдірді.
– Соңғы он жыл бойы көлік тізгінінде келе жатырмын. Осы уақыт аралығында еліміздің бірнеше өңірін аралап, жол сапасымен де, қозғалыс ерекшеліктерімен де таныс болдым. Әсіресе халқы тығыз орналасқан елді мекендер мен көлік кептелісі жиі кездесетін қалаларда айналма жолдардың болуы шарт.
Тараз қаласын айналып өтетін жолдың республикалық маңызға ие екені белгілі. Жақында бұл жолдың да ақылы жүйеге енгізілгені туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден білдім. Жеңіл автокөлік жүргізушісі ретінде бұл жаңалық мен үшін аса ауыр тиген жоқ. Өйткені менің көлігімнің салмағы 2.5 тоннаға жетпейді, ал мұндай санаттағы көліктер үшін төлем мөлшері де көп емес. Алайда жүк көлігін тізгіндейтін жүргізушілер үшін бұл жаңалықтың аса жағымды бола қоймағаны анық. Мәселен, менің бір танысымның жүк көлігінің салмағы шамамен 12 тонна. Егер ол күн сайын осы ақылы жол арқылы өтсе, әр рейске 1590 теңге төлеуі тиіс. Бұл бір айда 40 мың теңгеден астам қаражатты құрайды. Тұрақты түрде жүк таситын жүргізуші үшін бұл аз қаражат емес. Дегенмен, жол сапасы жөнінде теріс пікір айтуға келмейді. Асфальт жамылғысы тегіс, жол белгілері талапқа сай орнатылған, қозғалыс та біршама ретке келтірілген. Жалпы алғанда, жолдың жай-күйі көңілге қонымды, – дейді жүргізуші.
Көлік жүргізушілерінің ыңғайлылығы үшін ақылы жолда абонементтік жүйе де енгізілді. Бұл жүйе пайдаланушыларға жолды шектеусіз қолдануға мүмкіндік береді. Абонементтер айлық және жылдық форматта ұсынылады. Айлық абонементтің құны көлік түріне қарай 1-ден 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) аралығында, ал жылдық абонементтің бағасы 12-ден 60 АЕК-ке дейін белгіленеді. Жоба аясында ақылы жол жүйесі 20 жыл мерзімге жоспарланған. Осы уақыт ішінде жиналатын қаражат жол инфрақұрылымының сапасын сақтау, жол бойындағы сервистік қызметтерді дамыту және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін жұмсалады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ,
Тараз қаласы