СОЛДАТТЫ СҮЙСЕҢ — ОСЫЛАЙ СҮЙ!
МОСКВАДАН СӘЛЕМ:
Жүрегімді селт еткізіп, жанарымды жалт қаратқан, әлем таныған ер мінезді ел ұлы, асыл ардағым, Бауыржаным! Сенен жасырын менің сырым бар ма? Соғыс өртін ұмытуға болар, махаббат өртін ұмыту мүмкін бе? Ұмытатындар оның жалынында жанбағандар.
Қымбаттым Бауыржан, алыстасың, амалым қанша? Көңілім сені күнде іздейді. Сен десе, менің жаным шыбын-шіркей. Бүгінде дауысыңды есту, қасыңда қатар жүру – маған арман. Жүрегімнің қылын қозғап, жан сырымды түгел шерткізген өзің едің, асылым. Саған күні-түні тілейтінім тек амандық.
Мен мына жалғаннан өзіңді өзім деп өтем. Кей күндері сен жастанған жастықты, сен отырған орындықты құшақтап сүйіп, қолыңнан кітап, қалам түспей ойға шомған сәттеріңді көз алдыма елестетіп, сағыныш-мауқымды басам. Сені сүймеу мүмкін емес, түсінесің бе, жаным, мүмкін емес…
Ар мен намыс семсері Бауыржан, сен менің мәңгі іңкәрімсің. Сендей ерге бір мен ғана емес, бүкіл адам баласы іңкәр. Еліңді ойлап, күрсінген сәттеріңдегі сұлу да, асқақ жан-дүниеңді сезінгенде, ет жүрегім елжіреп, сені бұрынғыдан да сүйе түскенім өзіме аян.
Қымбаттым, сенің «сүю де жақсы, сүйікті болу жақсы одан» деген сөзіңді еске алып, сүйікті бола алдым ба, бола алмадым ба деп те ойға батам. Екеуіміздің қолұстасып қатар жүруімізге кедергі көп. Өкінгенмен амал қанша? Әйтпесе мен сенен бір елі де ажырамас едім. Бәрібір сен менің жүрегімнің жүрегісің.
Көріспегелі көп уақыт өтті. Екі көзім төрт болып жолыңа қарайлаумен жүрем. Кейде мойныңа асылып, еркелеген кездерім түсіме енеді. Ояна салысымен, еркін дүние еркесі, саған қарай құс болып ұшқым келеді…
Сені ойласам, таңым атып, күнім шығып, ақ нұрынан шашу шашқандай шексіз қуанышқа кенелем. Саған жолықтырған тағдырыма мың-миллилон мәрте ризамын. Елігім деп еркелеттің, аққуым деп армансыз аяладың. Өмір келте болғанмен, менің саған махаббатым мәңгілік. Тынысымсың, жұтар таңғы жұпар ауамсың, Москвам да сенсің. Мұны мен сан қайталап айта бергім, айта бергім келеді, қымбаттым Бауыржан.
Өйткені маған көктемді сен сыйладың. Қасыңда жүргенде өзімді сұлу әлем төрінде жүргендей сезінетінмін.. Сол үшін алдыңда шыбық болып иілем. Тұла бойыңнан мін таппай, қиял көгінде қалықтаған күндерім қанша ма? Қиналған сәттерімде сезім гүлін сыйлап, жұбатқан да өзіңсің.
Таулар да аласарады, Бауыржаным менің, сен аласармашы. Сен жалғыз емессің, елің бар, мен бар, жаудан, даудан қорғайтын періштең бар.
Мың шүкір, кісілік-пейілің далаңдай кең. Мені табындыратын да, сағындыратын да осы ұлы қасиетің. Сені ойласам, көңілім тау-тау бұлттан арылған көк аспандай күлім қағады. Сен өмірімнің күнісің. Әттең шіркін, қанатым болса, Алматы мен Москва арасын күнде жалғап ұшудан жалықпас едім. Саған бір мен емес, бүкіл ел ғашық. «Мені арбаған сенің сұлу ажар-әрің емес, мені арбаған әр кез ақ сөйлеген арман-арың», – дегенің де есімде.
Менің генерал ұшқыш ағам сенімен Карловы Вары курортында бірге демалыпты. Сені таңғажайып адам деп тілі жеткенше мақтап келді. Шынында, Бауыржан, сен таңғажайып адамсың. Сен сөйлесең, Шостоковичтің жетінші симфониясын тыңдағандай көңілім өсіп, шаттанғаннан ән шырқағым келеді.
Асылым менің, саған деген алғысым ешқашан таусылмақ емес. Күн күркіріндей даусыңды естісем деп ылғи елегзимін.. Өзімді жетектегі ботаңдай сезінем. Маңдайың жарқырап, күндей күліп, ұлтыңа, ұрпағыңа ұран боп, алшаң басып аман жүрші. Сен десе мен, тебіренбей, толғанбай тұра алмаймын Өзіңе кез болғаным қандай бақыт, сен деп өмір сүру маған ғажап күш-қайрат сыйлайды…
Қымбатты Бауыржаным, кейде сенің алдыңда қалай өбектегінімді де байқамай, соңынан байқап, шат-шадыман күйге енетінім де бар. Менің жан-дүниемді сұлу еткен таза жүрегің, ақ ниетің…Сыйласым да, сырласым да өзіңсің. Сені ойласам, сыбызғы-жүрегім сағыныш әнін сызылтып, арманым– ақша бұлт көңіл көгімде қалықтап, саған сапар шеккендей, шағала – шаттығым сенен мені «келе жатыр» деп сүйінші сұрағандай, самал жел сабырлы бол деп жұбатқандай болады..
Сені ойласам, ұйқым шайдай ашылады. Әлдеқашан қош айтысқан көктемім қайта оралғандай күй кешіп, бөлмеме сыймай, Москва көшелерін беталды кезіп кеткім келеді.
Бала кезімде бүкіл адамзат баласын асыраушы құдіретті күш – еңбек екенін ерте түсініп, ерте есейген едім. Суреттеуге тіл жетпес екінші құдіретті күш – махаббат екенін маған сен түсіндірдің, жанымның жарасын сен жаздың. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді. Сен болмағанда өмір сүрдім деп айтуым неғайбыл еді. Сен маған мәңгі өшпес нұр сыйладың. Сол үшін тәубе, тәубе деймін.
Алматыда өткен күндерім де есімде. Аспанға бой созған асқақ Алатауды бір көргеннен ұнатқам. Ол кездегі табиғат керемет таза еді. Халқыңның да жаны, сенің де жаның мөлдір болатын. Еліңнің ұлылығын, қасіретін сенен ұқтым. Елің туралы сүйіспеншілікке толы лебізіңді естігенде, туған анаңдай сені бесікке бөлеп, әсем әнмен тербеткім келді. Мұндай сәттерде сен мен үшін бейкүнә сәбисің. Сендей ер туғызып, қадіріңді білген, ұлым деп сүйген туған халқыңның алдында тізерлеп басымды ием.
Алатаудай биігім, Алатаудай алыбым бүгін менен алыстасың. Ендігі қуанышым – дауысыңды есту, хатыңды асыға күту, амандығыңды тілеу.
Сүйіктім, кейде сені опасыз, бәтуасыз біреулер қапыда қармағына түсіре ме деп қауіптенем. Ондай жан сенің ұлтарағыңнан садаға кетсін. Абай болшы. Құдайым сені кеудесі ыза-кекке, қызғанышқа толы залымнан сақтағай. Менің түнгі, таңғы, күндізгі тілегім, барлық уақытта ізгі сезім серігің болсын, айналыңды тек қана тәрбиелі, ақ ниетті, жандар қоршап жүрсін.
Жер мен көкті күңірентіп, қара бұлтты қақа айырған найзағайдай жарқ етіп, жауымызды жайратқан Бауыржаным, қаталдық пен қамқорлықтың, қатыгездіктің сырын мен сенен ұқтым. Көңіліне қаяу түсірмесін, уайымдамасын деп тіпті кейде ауырып жүргеніңді де менен жасырыпсың. Соны ойласам, қатты толқып, тебіренем, елжіреп еріп кетем. Не деген төзімді, ұстамды едің?! Өзіңді жан-тәніммен сүйетінімді сен қалай нәзік сезінгенсің.
Жұрт арасында менің жүзім жарқын,, ар-абыройым асқақ болғанын қаладың, қалап қоймай, соған жағдай жасадың. Ялта, Есентуки, Латвия курортттарына алып барып, демалдырғаның естен кетер ме? Мені әрдайым жас баладай жайраңдап, күлімдеп қарсы алушы едің. Сапарға шығарда қимай қоштасатынсың. Маған жеткенше алып-ұшып жететінсің.
Мені ешкім өзіңдей сағындыра алған емес. Мен сағыныш сезімін бастан кешкенім үшін бақыттымын. Ғашықтық – сағыну, сағындыра білу екенін маған сен сездірдің. Мен сенің шамды айнала ұшқан көбелегіңмін. Сен менің көкке самғар қанатымсың.
Есіңде ме, Бауыржан, сен жазу жазып отырғаныңда бөлмеде жалаңаяқ жүретін едім ғой. Жалаңаяқ жүретінім – сенің ойың бөлінбесе екен дегенім…
Мен сені сүю арқылы халқыңды шексіз сүйдім. Жақында Мұстафа Шоқайдың асыл жарының жазбасын оқыдым. Ол Мұстафаның 1941 жылы жау қолынан қаза тапқандағы қайғысын, 1945 жылы неміс фашистерінің жеңілгендегі қуанышын жаза келіп, Берлин көшесін аралап келе жатып, қазақтардың дабырлап сөйлескен дауысын құлағы шалып, қираған үйдің қалқасында жеңіс тойын тойлап отырған олардың жандарына жетіп барып, бәрін жеңіс қуанышымен құттықтап, өзінің Мұстафаның жары екенін айтқанын, әлгілердің бірінің: «Ол – сатқын, бізді сатып, шет елге қашып кеткен», – деген сөзін естіп, қаскөй жанның үстінен мұзды суды құйып жібергендей шошына жиркеніп, ол жерден тез қарасын батырғанын жазыпты. Оның Мұстафаға деген мөлдір махаббаты мені қатты қуантты. Ана қираған үйдің қалқасында жеңіс тойын тойлаған қазақтарға Мұстафаны сағынғаннан барды ғой. Қандай қасиетті жан?!
Екінші мені шектен тыс қуантқан Әлихан Бөкейхановтың жарының «біз тек жарқын күндерде ғана емес, жауынды, дауылды күндерде де біргеміз» деп не бір қуғын-сүргінге төзгені. Мен ондай қуғын-сүргінді бастан кешкен жоқпын. Жаным, асыл жарым Бауыржаным, өзіңмен өткен жылдарым ең бір жарқын қуанышқа толы жылдар болды. Есіме түссе, көңілім күндей күліп, өмір сүре берсем деймін.
Жаз айларында отбасымызбен қала маңындағы саяжайымызға көшеміз. Сен қаласаң, Москвадағы пәтерімізде екі-үш ай тұрып, жазуыңды алаңсыз жазуыңа, алаңсыз ойлануыңа болады. Ешкім кедергі жасамаййды. Бұл қайтсем сенің творчествоңа сәл де болса, көмегін тисе деген қамқор одан туған ниет.
«Ұшқан ұя» кітабың тамаша, ешуақытта қайталанбас , халқыңның өмірін шынайы суреттеген озық туынды. Әдебиетімізде ойдан қосушылық бар. Ол оқырманды өзінен алыстатады. Қайсыбір қаламгер: «Мен көркем шығарма» жаздым деп ақталғансиды. Ол көбік сөз. Автор мүмкін болғанша шындыққа жақындауы керек. Ал шындық терең, шындық бай, сан қырлы. Оны сәтті суреттей алсаң, шығармаң оқырманның ыстық ықыласына бөленеді. Сенің «Ұшқан ұяң» оқырман ыстық ықыласына бөленген шығарма.
Сүйіктім Бауыржаным, аңдаусызда ренжітсем, кешір. Шамалауымша, көңіліңе көлеңке түсірген кезім жоқ сияқты. Әр күні ел алдында, жора-жолдастарың арасында сыйлы болса екен деп қолымнан келгеннің бәрін жасап баққаным өзіңе аян.
Қайталап айтам, сен мені алақаныңа сап аяладың, әлпештедің. Кішігірім түсінісе алмай қалған сәттерімізді есепке алмағанда менің кеңілімді бір рет те қалдырған емессің. Саған мың-миллион алғыс. Алда адамзат арманының ақ таңы, бәріміздің бақытымыз – жетінші қараша ұлы мереке күнімен құттықтаймын.
Өзіңнің Вераң.
1.Х1.1947 ж.
P.S.
Батыр ағамыз да шын ғашық болған. «Наша семья», қазақщасы «Ұшқан ұя» Мем. сыйлықты алған ең үздік кітабы сүйікті сұлуы Вераға арналған. Әу баста кітап шыққанда төбесінде солай жазылған болатын. 1953 жылы.
Қазақ радиосын басқарғанымда осы ғаламат ғашықтық құрметіне деп: “Наша семья” мен “Ұшқан ұя” кітаптарының аудионұсқасын жасап, бірнеше рет республикалық радио эфиріне шығардым!