Шүкіршілік
Қымбат ана.
— Ене, сіздің бір ақылыңыз ба, жоқ жол көрсетер нақылыңыз ба? Сондай бір көмегіңіз керек болып тұр. Мына қызым, жасы отыздан асып барады екі рет күйеуге шықты. 17 жасында қыздай қосылған бірінші күйеуі маскүнем біреу боп шықты, жұмыс жасамайтын, жалқау болғанда нағыз дәретін ит жемес екен, одан бір баласы бар, екінші күйеуден қашып құтылғандай болдық. Онысы дүнияның қызғаншағы болды. Отырса опақ тұрса сопақ, үстіне таза киім ілсе төбесіне күнде әңгір таяқ ойнатады. Қайта қайта сотқа арыз беріп ажырасты ау ақыры.
Енді үшінші рет тағы бағын сынамақ, бұнысы да ажырасқан біреу, былай жұрттың айтуынша қақ соғы жоқ момындау жігіт екен. Қызым түр мен ақылдан кенде емес, бір үйді сүйрейтін адам.
Үнемі жұрт алдында жүреді, белсенді. Анау мынау нәрселерді ұймдастырып жұрттың ұйтқысы болып жүреді. Тек осы күйеуден жолы болмай жүр-деп айтып отыр еді, әлгі «жолы болмағыш» қыз шап етіп сөзге араласып
— Қымбат әже, жұрттың бәрі сізді сыйлайды, сіздің ақылыңызды тыңдайды. Ел ішінде «дорогая ене» деген атыңыз жүр. Мен сіз туралы вайн түсіріп инстаға салып сізге жарнама жасап жіберейін. Сіз танымал «коуч әже» боласыз. Бұл деген керемет емеспе — деп желп ете қалды.
— Әй!-деген Қымбат әженің даусы қатты шықты.
— Сен екеуің не деп оталап отырсыңдар-деп екеуін тоқтатып, қыздың шешесіне қарап
— Сен қатын не айтып отырсың, қызыңды маған мақтап. Мен немене оны партияға қабылдайын деп жатырмын ба? Мақтаған қыз тойда «не етеді» деген, мынауың жел шығарған былай тұрсын екі рет тышып қойған ғой. Сен өзің қызыңа қандай тәрбие бергенсің? Отырған жерінде бас көз жоқ сенің сөзіңді бөліп отыр — деп ұрсып алды да, қызға қарап
— Сенікі не? Айт жоқ той жоқ, шошаң етіп шешеңнің сөзін бөліп.
Маған жарнама жасап «Байң» жасағанша, өзіңе бай ізде, өзіңді қарық қыл деп қатты айтты да, дауысын сәл басып
— Екеуіңе де айтарым шошаңдап білгішсіне бермең. Еркектер шошақай қызбен сөйлесіп ыржаңдасқанды жақсы көрседе, оларға үйленуге құлықсыз болады. Еркек отбасында тыныштықты көп қалайды. Әйел еркектен төмен болып, үнемі соған сенім білдіріп арасында мақтап қойса, еркек отбасы үшін тау қопарады. Ал сен алдына түсіп жүгіріп, аз болса оны дәрменсіз қылып көрсетіп үнемі алда болғың келеді, жоқ олай болмайды. Есіңде болсын, әйелдің тапқан мың теңгесінен еркектің тапқан бір теңгесі берекелі болады.
Еркекті құртатын «Өйй сен не білесің, ойбойй не қарық қылатын едің, осы сен араласпай ақ қойшы» деген сөздер. Осы сендердің белсенділіктерің бәрін бүлдіретін, өздеріңді көрсеткілерің келіп қашан көрсе шошаңдап қыстырлмайтын жерде жүресіңдер. Әрине сосын еркектерің қызғанады, ашуланады. Ер адам аздап өзімшілдеу болады үйленген соң ол әйелді «өзімнің жекеменшік әйелім» деп есептейді, елдің бәрі көз тігіп, сөз қылып отыратын қатын не керек оларға. Еркек, арақ ішсе де, жұмыс жасамай жалқауланып жатса да ең бірінші әйелі кінәлі, неге дейсің ғой? Жолбарыстың мұртынан қыл жұлып алып келген әйел туралы әңгімені бәрің білесің, сөйте тұра өз еркегіңді дегеніңе көндіре алмайсың ба? Еркекке сенің ақылды, оқымысты, пысық, белсенді болғаның керек емес, еркекке сенің тек қана соның әйелі болғаның керек. Отбасыңда бас болам деме, бастың мойыны болам деп есепте. Есіңде болсын, бас мойынның ыңғайына бұрылады. «Азаматым» деп арқасынан қақсаң оған қанат сыйлайсың.
Үнемі оның еркек екенін мойындап өзіңнен жоғары қойып отырсаң ұтасың.
Сен жаңа үшінші рет күйеуге тигелі отырмын дедің ғой, бұл байдан да қазанға салған өкпедей қалқып бетіне шыққың келмесе осы жолы күйеуіңе сенім арт. «Еркекке тидім, ол бас мен мойын» деп бар.
Бес жылға дейін бетегеден биік жусаннан аласа бол. Осыған көнесің, көнбесең төртінші рет байға тию жоқ саған. «Әйел қырық шырақты деген» деп әр шыраққа ұмтыла берме, қанатың күйеді, майып боп қаласың.
Ал барың, осы тойғандарың мен. Бұдан түк шықпаса менің есігімді ашпаңдар-деп шығарып салған.
Бұл әңгіменің өткеніне үш — төрт жыл болған еді. Сөйткен қыз шешесімен, қасында ересек бір қыз, жетегінде бір ұл, ішінің әнтек томпайып тұрғаны тағы бір тіршілік иесі барын көрсетіп тұрған қалпында тағы Қымбат әжеге келіп отыр.
— Қымбат әже, сізге үлкен алғысымызды білдіруге келіп отырмыз. Әуелі Құдай сосын сіздің арқаңызда өмірім тұрақталып жағдайымыз жақсарып келеді. Осы барған күйеуім шынымен де жуас, момын жігіт екен. Кәдімгі «қой аузынан шөп алмас» дегеннің өзі екен. Мына қызықты қараңыз, біздің үйден шәй ішіп отырған бөлек шыққан үлкен абысыным «Мына шірікті өзің адам қылып алмасаң, мынауың мал болмайды» деп мысқылдады. Қатты намысыма тиседе ол кісіге үндемедім.
Тек жәй ғана «Менің азаматым бәрінен озады әлі» дегенімде, күйеуім маған оқыс қарап қалды.
Күйеуім әркімдердің майда шүйде шаруасын жасап азын аулақ табыс тауып жүр екен, барғасын үш айдан соң мына ұлға жерік болдым. Екі қабат екенімді естіген де енем, күйеуім екеумізге қарап «Өзің бір тірлік қылмасаң мына бала қырыққа келсе де қарық қылып малтабар емес. Енді нестейсіңдер?- деді.
Күйеуім үндемей маған қарады, мен енеме қарап
» Білмеймін. Еркекке күйеуге тидім ғой. Бала жасауды білген де, бағуды да білетін шығар» деп төмен қарадым. Міне сол күннен бастап күйеуім адам танымастай өзгерді. Әуелі біреулердің камазын жалға алып жүрді, соңынан өзі, жүрмей тұрған арзан камазды алып, соны жөндеп жеке камазы бар кәсіпкер боп шыға келді. Ұлымды босанып үйге келгенімде арақ ішіп келді де «Сен менен кетіп қалмайсың ғой я, Мен, сені де балаларымды да бағар ақша табам. Жұрттың алдына шығарам. Мен еркекпін, сөзімде тұрам, тек сен кетіп қалмашы» деп құшақтап отырды. Ертесіне сауалғасын «Менен енді өлмей құтылмайсың» деп едім, күліп жіберді. Қазір шүкір, камаздың арқасында үй салдық, маған кішігірім дүкен ашып берді, бірінші күйеуден қалған қызымды ханшайымдай қылып бағып отыр. Қымбат әже, бәрі сіздің сол ақылыңыз, Еркекке өзінің еркек екенін ұмыттырмай, жауапкершілікті жүктеп қойып соның ығында жүрсең, әйел үшін жұмақ сол екен. Рахмет Әже. Рахмет — деп баяғы «шошақай қыз» тәуір, келелі әңгімемен сөзін аяқтады. — Ее, қарағым ай, кеш те болса түсінгеніңе саған рахмет.
Қазақтың салт дәстүрі мен ырым тиымынан асқан ілім жоқ. Сол салтымызда ер адамды жоғары қояды. Күйеуінен асам деген әйел ақымақ, әйелін жеңем деген еркек ақымақ. Екеуі бірлесіп, бірі бас, бірі мойын болған
отбасы бәрінен озбақ — деп Қымбат әжей
шүкіршілік етті…
М. Кенжебаев. Бейнеу.