ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕ ЖАУАПТЫ МЕРДІГЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинсекция шараларын жүргізіп жатқан «Satti Tulik» ЖШС-ң жұмысына қатысты бірқатар сын айтылды. Нәтижесінде әкімшілік хаттама толтырылып, 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Мекеменің тапсырысшы алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өткізген штаб отырысында қаралды. Мердігер мойнына алған маңызды міндетін тиісінше орындамаған жағдайда, заң шеңберінде қатаң шара қолданылатыны ескертілді.
Сырдария өзені және Көксарай су реттегіш бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейлерге қарсы дезинсекция шаралары наурыз айында басталған. Бұл жұмыстарды «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарына «Защита-растений» ЖШС жауапты. Биыл биологиялық залалсыздандыру жұмыстары ерте, яғни наурыз айында басталды. Осы уақыт ішінде дәрілеу 7 рет жүргізілді. Жалпы заласыздандыру алаңы 15 секторға бөлінген.
Сырдария өзеніндегі залалсыздандыру аймағына 76 тонна «Бактицид» препараты өзенге құйылды. Мамандардың айтуынша, дәрілік заттың төрт түлікке, ара, балық және басқа да тіршілік иелеріне зияны жоқ.
Мердігер мекеме ғылыми негізде нақтыланған тұжырымдама аясында күрес шараларын биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі, ал су қорғау аймақтарындағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылады.
Түзілген келісім шартқа сәйкес, Сырдария өзеніне, сондай-ақ Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Отырар, Шардара, Келес, Ордабасы, Сауран аудандарында дезинсекция жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Биологиялық залалсыздандыру аясында 127 008 кг биологиялық препараттарды су айдындарына жіберу көзделген.
Өткен жылмен салыстырғанда құйылатын нүктелер саны екі есе көп. Бұл жұмыстарға 50-ге жуық адам, 15 техника, 4 қайық жұмылдырылған.
Биологиялық өңдеуден кейін қосымша химиялық препараттармен залалсыздандыру көзделген. Түзілген келісім шартқа сәйкес, 5408,4 га жер аумақты химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар да қатар жүргізілуде. Биыл зиянкестермен күреске 1,4 млрд теңге бөлініп, дәрі көлемі үш есеге артты.