Семейде чиптер мен электронды қондырғылар шығаратын зауыттың құрылысы басталды
Абай облысының Семей қаласында чиптер мен электронды қондырғылар шығаратын индустриялық парктің құрылысы басталды. Жаңа кәсіпорынның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли мен шетелдік инвесторлар қатысты.
Жобаны қазақстандық-қытайлық бірлескен «SUTO KAZAKHSTAN» компаниясы жүзеге асырады. Зауыт «Өндіріс» индустриялық аймағында орналасады. Мұнда чип, оптоэлектронды модуль, интеллектуалды хост-контроллер, қуат блогы, энергия үнемдейтін шамдар мен электронды дисплейлер өндіріледі.
Жаңа өндіріс орны Абай облысы мен Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің инвесторлары арасында өткен халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясында қол қойылған 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумның алғашқы нәтижесі болмақ.
Іргетас қалау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли жобаның өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жоғары технологиялық салаларды дамытуға серпін беретінін атап өтті.
— Бүгін біздің облысымыз үшін айтулы күн. Семей қаласында жоғары технологиялы зауыттың іргетасын қалап жатырмыз. Бұл заманауи электроқұралдар мен жарықтандыру жүйелеріне арналған чиптер шығаратын еліміздегі алғашқы кәсіпорын болады. Құрылыс кезеңінде 140 адам, ал зауыт іске қосылғанда 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылысқа жергілікті азаматтар тартылады. Қызметкерлердің орташа жалақысы 250-500 мың теңге аралығында болады. Әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетіледі, — деді аймақ басшысы.
Ерекше атап өтерлігі, жаңа зауыт Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттері үшін өндірістік тәжірибе алаңы болмақ. Компания мен оқу орны ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Жоба құны — 50 миллион АҚШ доллары. Құрылыс үш кезеңмен 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асады. Зауыт өнімі Қазақстанның ішкі нарығымен қатар, ТМД елдері мен Еуропаға экспортталады.
— Енді Семей қаласының маңында «Қазақстанда жасалған» таңбасымен микросхемалар мен чиптер өндіретін заманауи кәсіпорын пайда болады. Бізге 20 гектар жер бөлінді. Жоспарымыз бойынша негізгі ғимараттың құрылысын 90 күн ішінде аяқтап, алғашқы өнімді шығаруға кірісеміз. Басты мақсатымыз — чип өндіру. Мұндай өнім бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, — деді «Suto Kazakhstan» компаниясының құрылтайшысы Ернұр Болатұлы.
Саруар Қабдолла