Жамбыл ауданында мәдениет ошағы бой көтеруде

Аудан әкімі Сәкен Арубаев пен мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов жұмыс сапарымен Өрнек ауылында болды.

Биыл ауылға біршама игіліктер істер, ауыз толтырып айтарлық жұмыстар қолға алынуда. Атап айтар болсақ, Әшімұлы, Бекбенбет, Саухатов, Мұқанов көшесіне 103 миллион теңге бөлініп, жолдары асфальттануда.

 

 

Сондай-ақ ауылдың орталығынан «Ауыл – ел бесігі– жобасы аясында 210 миллион 481 мың теңгеге еңселі 140 орынды мәдениет үйінің құрылысы басталған. Мердігер ретінде құрылысын «Жаңа-Кемер Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған өнер ордасының бүгінде іргесі қаланып, сырты қоршауға алынған.

Бұдан бөлек мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 406 аулаға ұзындығы 30 шақырымды құрайтын табиғи газ желісі тартылуда. Мердігер «AKBARYS STORU LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл игілікке қазынадан бөлінген 310 миллион 790 мың теңгені жұмсамақ.

 

 

Жалпы, ауданның газбен қамтылуы көрсеткіші кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Өңірде 26 елді мекенге газ жүйесі тартылған, бүгінде 13 ауылға бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына аталмыш бағдарлама аясында 725 миллион теңге қаралып, ауылішілік көшелерге газ тарту жұмыстары тиянағын тапса, биыл Жұма стансасы, Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына табиги газ жүйесі кіргізіледі. Оған республикалық бюджеттен 655,3 миллион теңге жұмсалуда.

 

 

Осылайша, ауданда 2019 жылы газбен қамту үлесі 57,1 пайыз, 2020 жылы 61,9 пайызға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 90,4 пайызды құрайтын болады.

Ауылдағы жұмыстарды аралаған Сәкен Қаланұлы сапаға айрықша назар аударуды тиісті сала басшыларына тапсырды.

– Соңғы жылдары мемлекет ауылдық жерлерге, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға көп көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты түрлі бағдарламалар арқылы қаржы бөлу де жүйеленіп қалды. Сондықтан қазына қаржысынан шашау шығармай, сапаға баса мән беріп, жобаларды барыннша талапқа сай жүзеге асыруымыз керек. Бұл облыс басшылығының тапсырмасы, – деді аудан басшысы С.Арубаев.

 

 

Бұл ретте аталған ауыл тұрғындарының да айтар алғысы бар екен.

– Бір ауылда бір мәдениет ошағының болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені мұнда үнемі концерт қойылып, кинолар қойылып тұрса тұрғындар да бір уақ тіршіліктен қол босатып, руханиятқа көңіл бұрып тұрады ғой. 140 орындық мәдениет ошағының салынуына мұрындық болған аудан басшылығына алғыс білдіреміз, – дейді бір ауыл тұрғындары.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Жамбыл облысы