Заң талаптарының орындалуы талқыланды

Облыс әкімдігінде өткен қоғамдық кеңестің отырысында мемлекеттік сатып алу барысындағы заң талаптарының орындалуы талқыланды. «Бірыңғай сатып алу терезесі» арқылы қызмет пен жұмыс бағыттары бойынша мониторинг жүргізу мүмкіндігінің жоқтығынан және облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан камералдық бақылау жүргізу мүмкіндігі болмағандықтан, өңірдегі мемлекеттік органдармен, мекемелермен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруда заң талаптары сақталмай отыр. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтықожаев айтты.

– Мемлекеттік сатып алу порталында «Бірыңғай сатып алу терезесі» арқылы жоспарланған тауар бағаларын төмендету бойынша күнделікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде, облыста 2020-2022 жылдар аралығында 2 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Департамент жүргізген мониторинг барысында лауазымды тұлғалар тарапынан конкурс нәтижесінен негізсіз бас тарту, келісімшарт бағасын көтермелеу, тиісті техникалық сипаттаманың жоқтығы және негізсіз төтенше жағдайларды жою үшін бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алудың тікелей шарт жасасу фактілері анықталып отыр. Атап айтқанда, облыстағы мемлекеттік органдар мен мекемелер төтенше жағдайларды жою негізімен 2021 жылы 6,8 миллиард, 2022 жылы 14,1 миллиард теңгеге 536 келісімшартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілі арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған. Оның ішінде, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Ш.Түменбаев, сондай-ақ бөлімнің қазіргі басшысы Е.Бабақұлов арқылы өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында жалпы сомасы 2,9 миллиард теңгеге 57 шарт жасалған. Сол сияқты 2022 жылы Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Қаликов арқылы 883 миллион теңгеге 27 шарт жасалған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде 2021-2022 жылдар ішінде 4 төтенше жағдай орын алған. Алайда, жоғарыда баяндалған келісімшарттардың аталған төтенше жағдайларға еш қатысы жоқтығы белгілі болды. Облыста мемлекеттік қызмет істері департаментіне жауапты лауазымды тұлғаларды тиісті жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау үшін хат жолданды. Заңда көзделген талаптардың негізінде мемлекеттік қызметкерлер бірнеше рет жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетсе де тәртіптік жауапкершілікке тартылмай, тек әкімшілік жауапкершілікпен шектеліп келеді. Осылайша, әкімшілік құқықбұзушылықты бірнеше рет жасаған лауазымды тұлғалардың әрекеті кейіннен қылмыстық құқықбұзушылық сияқты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Оған дәлел ретінде облыстағы 7 лауазымды тұлғаның әкімшілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылып, кейіннен қылмыстық жауапкершілікке тартылуын айтуға болады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға ішкі аудит департаментінің тарапынан камералдық бақылау жүргізу мүмкіндігінің болмауы лауазымды тұлғалар тарапынан негізгі қағидаттардың өрескел бұзылуына алып келді. Аталған жайттар лауазымды адамдар тарапынан мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы әрі тиімді жұмсау талаптарының жүйелі түрде бұзылуына және жекелеген кәсіпкерлік субъектілеріне артықшылық беруіне, бәсекелестік қағидаттарының бұзылуына әкеп соқты. Жоғарыда аталғандардың негізінде, Агенттікке мемлекеттік сатып алу саласындағы құқықбұзушылықты азайту мақсатында тиісті заңнамаларға мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетінде әкімшілік жауаптылық түрлері байқалғанымен, оны тәртіптік жауаптылықтан босатпайтын норма енгізу және мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау жүргізуге ұсыныстар жолданды. Бүгінде уәкілетті органмен тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Ербол Жұмақадірұлы.

Кеңесте талқыланған мәселеге байланысты облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасының баяндамасы тыңдалды. Алайда, кеңес мүшелері баяндамада жұмыс тәртібі ғана айтылған, онда ешбір мәселе түбегейлі қозғалмаған деген пікірге тоқталды. Ал Тараз қаласы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы Гүлшат Айтбаева жасаған баяндамаға байланысты пікір білдірген қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың бостандықтарын, құқықтарын қорғау, жемқорлықтың алдын алу, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар квазимемлекеттік құрылымдармен байланыс жөніндегі комиссия төрайымы Назима Жұбандықова хабарламада аталған қызметкерлер туралы деректер ашық айтылмағанын алға тартты.

– Баяндамада заңсыздыққа барған қызметкерлер жайлы ашық айтылмады. Оған қоса, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша кешенді шараларды ұйымдастыру» атты жоба бойынша жеңімпаз болған «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің атқарған іс-шараларынан мен хабарсызбын. Арнайы бұйрықтағы 3-қосымшаға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жобалық тобының жетекшісімін. Өңірдегі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға қаржы талап етілсе, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар бойынша жүзеге асырылады. Яғни, әр іс-шараның хаттамалары, фото есептері жобалар базасына енгізіледі. Ол жерде Тараз қаласы бойынша 2022 жылы бір де бір хаттама енгізілген жоқ. Сондықтан, аталған іс-шаралардың өткізілгенін білмейміз. Тағы бір айтарым, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында құрылған «Тараз – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің арнайы жоспарға сәйкес жұмыстар атқарғаны баяндамада айтылды. Бірақ, 2021-2022 жылдардан бері бүгінге дейін арнайы маман бекітілгенінен хабарсызбыз, жоспары да жоқ. Сондықтан жұмысын жоққа шығарамыз, өйткені есептілігі жоқ. Сонымен қатар, баяндамада қала әкімдігіне бағынысты барлық мекемелердің «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы аясында 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттері интерактивті картаға орналастырылды делінді. Алайда, бұл жоба 2020 жылдан бастап өз жұмысын тоқтатқан болатын, – деді Назима Норманбекқызы.

Қоғамдық кеңес мүшелері талқылай келе, баяндама бүгінгі отырыстың күн тәртібіндегі тақырыпқа сай емес деп тапты.

Шу ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Нариман Абай 2022 жылы және биыл үш айда сыбайлас жемқорлыққа және оның көріністеріне қарсы іс-қимыл жасау бойынша атқарылған шараларды баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтарға Бас Прокуратура «Ақпараттық қызмет» жүйесі арқылы тоқсан сайын тексеру жүргізеді. 2022 жылы ауданда 32 мемлекеттік қызметшіге (28 ескерту, 2 қатаң сөгіс, 2 қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту) тәртіптік жаза қолданылған. 2021 жылы 57 мемлекеттік қызметшіге (46 ескерту, 3 сөгіс, 1 қатаң сөгіс, 7 қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту) тәртіптік жазалары қолданылған.

– Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 25 дерекке немесе 44 пайызға төмендеген. Әкімшілік құқықбұзушылық фактілері бойынша 199 мемлекеттік қызметшінің 33-інде мәліметтер бар, 166-сында мәліметтер жоқ. Талдауға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі жол ережелері талаптарын сақтамау, мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу және өзге де әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны анықталды. Нәтижесі бойынша бірінші басшылармен кеңес өткізіліп, жыл қорытындысында мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзуға жол берген аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына, аудан әкімінің салалық орынбасарына тәртіптік шара қолданылды. 2022 жылы 1 мемлекеттік қызметшіге (Ескі Шу ауылдық округінің әкімі болған Б.Жаманғараев) Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жолдаған ұсыным көшірмесімен аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен Шу қаласы және ауылдық округ әкімдері таныстырылды. Оларға аталған заң бұзушылықтың қайталанбауы қатаң ескертіліп, қылмыстық құқықбұзушылық орын алуын болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, 2022 жылы Шу қаласы мен ауылдық округ әкімі аппараттарында және аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдері мен халықты жұмыспен қамту орталығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді, – деді Нариман Жетпісбайұлы.

Қоғамдық кеңес мүшесі Сәлкен Жартыбаев қазір аудандарда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ангарлық типте салынып жатқанын, ол шілдеде спортшылардың жаттығу жасауына қиындық туғызатынын айтып, жобаға өзгеріс енгізуді ұсынды.

Қамар ҚАРАСАЕВА