ТҮТІНІ ТҮЗУ ҰШҚАН АУЫЛ ҚАРҒАЛЫДА ҚАЙНАҒАН ТІРЛІК АУЫЛ-АЙМАҚ АБАТТАНДЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Ақтөбе өңірінде облыс орталығы Ақтөбе қаласының ғана емес, ауыл-аймақтың да жолдары жөнделіп жатыр. Алыс елдімекендерді абаттандыру мәселесін биыл облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзі қадағалап, аудан әкімдеріне жыл басында нақты тапсырған болатын. Енді сол тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын бағамдап көрмек үшін Оңдасын Сейілұы облыс орталығынан 120 шақырым қашықтағы Қарғалы ауданына барды.

 

Кәсіпке бейім заматтары астықты аудан Қарғалының қаладан шалғай жатса да түтінін түзу ұшырып отыр. Күзгі жиын терімді аяқтап қалған жайы бар. Аудан орталығы — Бадамша ауылында биыл жаз бойы жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүрді.

 

 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы бөлінген қаражатқа 9 көшеге асфальт төселіп, 7 көшеге түнгі шамдар және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жолдарға бейнебақылау орнатылды. Көпқабатты 6 үйдің ауласы жөнделіп, балалардың ойын алаңдары салынды. Келесі жылы тағы да 8 ауланы жөндеу жоспарланып отыр. «Сырт көз сыншы демекші, бұл біріншіден, шекарадағы ауданның тірлігін түзету міндетін арттыра түсу керектігімізді көрсетеді. Екіншіден, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы ауыл азаматарын жұмыспен қамтуға мүмкін туғызатын боламыз», — деді облыс басшысы О.Оразалин.
Бұл ауданда мемлекеттік бағдарлама бойынша 70 орындық интернатпен бірге 300 балаға арналған мектеп те салынып жатыр. Оңдасын Оразалин құрылысты жыл соңында аяқтауды тапсырды.
Қарғалыға қарасты Қосестек деген ауыл бар. Тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстауында бірлігі мен тірлігін шашау шығармай сақтап қалған санаулы шаруашылықтардың бірі осы Қосестекте.

 

Бұл жерде де облыс әкімі әлеуметтік нысандардың жай-күйіне ерекше назар аударды. 57 млн теңгеге күрделі жөнделген балабақшаның жағдайымен танысты. Салынғанына 30 жылдан астам уақыт болған балабақша заман талабына сай жабдықталып, қажетті материалдармен қамтылған.

 

Жалпы, Қосестек жаңғыруға бет бұрған мысалдар көп. Ауылдық округ әкімдігі биылмемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген жаңа ғимаратқа қоныстанды. Мұнда әкімдік қызметкерлерінен өзге, учаскелік полиция бөлімі мен ветеринария мамандары да орналасты. Өткен жылы ауылдық клуб пайдалануға берілсе, биыл тұрғындардың демалуына арналған саябақ салынды. Бұдан бөлек, Қосестектің 4 көшесі жөнделіп, жарықтандырылды. Көшелерді қалыпқа келтіру жұмыстары одан әрі жалғасып, ауылға кіреберісте жол салынып жатыр.

 

Мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан жұмыстардың бәріне де екі қолға бір күрек таппай қиналған жұмыссыз тұрғындар тартылып жатыр. Жалпы осы ауданда 200 азамат мерзімді жұмыспен қамту бағдарламасының игілігін көрген.

 

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы іске асырылып отыр. Бағдарлама халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу және қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталғанын әр басшы дұрыс түнісіп, халыққа жағдай жасауы керек», — деген облыс әкімі аудан басшысы Асқар Жүсібалиевке алдағы жылы да көшелерді асфальттау жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

 

 

Ақнар ШОҚМАН,
«Qazaqstan dauiri» республикалық газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.