«ТҮРКІСТАНЫМ- ТҰРАНЫМ» АТТЫ ҚАЗАҚ ӘНІН ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ ТАНЫМАЛ ӘНШІЛЕРІ БІРГЕ ШЫРҚАДЫ

Бастауын аспан асты елінен алған коронавирус індеті бүгінде бүкіл әлемді үрейде ұстап отырғаны жасырын емес. Әлем бойынша миллионнан астам адам осы індеттен өлім құшса, қаншама мың адам жұқтырып алып, емделу үстінде. Бұл індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
Аталған дертке шалдыққан отандастарымыздың саны 2 мыңға жақындап қалды. Десек те, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен елімізде төтенше жағдай жарияланып, барлық сақтық шаралары жасалынып жатыр. Қаншама миллион отандасымыз үйде үрей құшағында отыр. Төрт қабырғаға қамалып отыру қазақ халқына оңай тиіп жатпағаны да жасырын емес. Карантин кезінде қазақстандықтардың мәдени-рухани демалысқа сусап қалғаны да рас. Осы жайтты ескерген Түркістан облыстық мәдениет басқармасы өткен аптада түбі бір түркі жұртының атап айтсақ,Түркия, Азербайжан сынды мемлекеттердің әншілерімен байланысқа шығып, «Түркістаным-Тұраным» әнін қазақ әншілерімен бірге шырқатып, арнайы клип түсірген болатын. Ондағы мақсат- облысымыздағы моралдық-психологиялық ахуалды жақсартып, қалыпты тіршілігінен қол үзіп, үйінен шыға алмай отырған тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсу.

Бүгінде аталған бейнебаян түркі тектес ұлт пен ұлыстардың телеарналары мен Yutube ғаламтор желісінде де мол көрсетілім жинап, барша халықтың ыстық ықыласына бөленуде.
Айта кетейік, «Түркістаным — Тұраным» әнінің сөзін ақын Мейіржан Алиакбаров жазса, әннің авторы сазгер — Жалғас Кеңесов.
Бұдан бөлек, Түркістан облысының мәдениет майталмандары күн сайын тікелей эфирде де өнер көрсетуде. Онда өңіріміздің танымал өнерпаздары онлайн режимде концерт беріп, барша қазақ халқының көңілін көтеруге үлес қосуда.

Түркістан облысының

Өңірлік коммуникациялар қызметі