ТІЛІ ҮШІН ЖАҒА ЖЫРТЫСПАҒАН ҚАЗАҚ, ҚАЗАҚ ЕМЕС!

     «Жарымжан жарнамалар, мүгедек маңдайшалармен күрес» атты «Qazaqstan dauiri» газеті оқырмандарының рейді

Біздің елімізде қаншама тіл бағдарламасы шықса да, қала-қалада тіл басқармалары болса да жарымжан жарнамадан, мүгедек маңдайшалардан құтыла алмай келеміз. Қарайсың, оқисың қателер өріп жүреді. Ұяласың, намыстанасың. Қазақ тілінің қадірі кеткеніне ашынасың. Тіліңнің қадірі кеткені қазақтың, тіптен мемлекеттің қадірі, сыйы кеткені ғой. Кейде сол өрескел қателерді қасақана жібере ме деп ойлайсың. «Жарымжандықты, мүгедекті» тоқтату үшін айыппұлды еселеп көбейту керек болар. Сонда ғана қателер көші тоқтауы әбден мүмкін.

Әзірге сіз де, біз де көріп жүрміз кез келген мекеменің маңдайшасынан, жарнамасынан қате табасың. Міне, біздің газетіміз бүгін арнайы рейд ашып отырмын: «Жарымжан жарнамалар, мүгедек маңдайшалар». Оны оқырмандардың өздері жүргізеді. Бұл рейдтің шымылдығын біздің тұрақты авторымыз, тіл жанашыры, ҚазПҰУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рыскен Әбішева ашып отыр. Сіздер де біздің рейдімізге қатысыңыздар. Ол қиын емес. Алдымен намысты қазақ болуымыз тиіс. Содан соң жүрген жерлеріңіздегі жарымжан жарнамаларды, мүгедек маңдайшаларды көре білетін қырағы болуыңыз тиіс. Суретке түсіріп, бізге жіберіңіз. Қанеки, белсенділік танытайық. Сөйтіп тіліміздің дамуына үлес қосайық, ағайын!

 

         Біздің тел: +77072250432

 

Шынымды айтсам, дәл осы мақаланы жазуға қолыма қалам алдырған – қала көшелеріндегі адым аштырмайтын жарнамалар мен ондағы қате жазылған сөздер, сонымен қатар тілдегі ауытқушылық, тіл заңдылығының бұрмалануы. Қай ұлтты, қай халықты алсақ та – бәрінің өзіне тиесілі, өзіне ұғынықты, өзіне лайық сүйікті тілі бар. Ана тілің анаңның ақ сүтімен бойыңа дарығандықтан, оны көзіңнің қарашығындай сақтап, ардақтап өту міндетің.

 

«Әттеген-айлар» мен «бірақтар»

Ұлт тілінің тазалығы үшін күреспеген халықтың, өз ұлтының тілі үшін қам жемеген, қадірлемеген халықтың ертеңі, болашағы қалай болмақ? Ұлтының болашағын ойлап, жағасын жыртқан адам өз баласының тағдырына да бей-жай қарамайды. Себебі, «менің балам, я немерем ертең: «мен қай ұлттың өкілімін осы, өз тілім өзіме түсініксіз?» деп мәңгүрттенген адам қалыптасса қайтемін» деген жанайқай жадыңыздан мықтап орын алуы керек. Тіліміз тәлкекке түспеуі үшін әрдайым күресуіңіз қажет. Осы тұрғыда батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілін білмеуі мені қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі» деп жазыпты.

 

 

Міне, ұлтымыздың ұлы перзенті де тіл тағдырын ойлап, қынжылып кеткенін қинала отырып оқисыз. Содан бері де қанша уақыт өтті? Түзелдік пе? Ойды ой жетелейді. Алып шаһар Алматы көшелеріндегі тіл ахуалын көріп «әттеген-ай!» демеске лажың жоқ. Тәуба, тәуелсіздік таңы атты, бақытты ел болдық. Алайда, сол бақыттың ішінде бір «бірақ» бар.

Айтсам, сөз болған келеңсіздікке білдірмей апаратын жымысқы жол жатыр. Ол айқайлап, аттандап келмейді-ау! Бірте-бірте босағаңнан білінбей кіріп, төріңді жайлап алғанын байқамай да қаласың. Өкініштісі де сол.

Дәл қазіргі таңда өз ана тілін менсінбейтін, өз ана тілінде сөйлеуді ар санайтын, бірін-бірі терең түсіне қоймайтын, бір-біріне жатырқай қарайтын жат қылықты өгей ұлдар мен қылықсыз қыздардан құралған «ерекше» қоғам қалыптасуда. Батысқа еліктеу, ерекшелену басым, мынау менің қазақы болмысыма жат нәрсе, ұят деуден қалып барамыз. Бір сөзбен айтқанда, бәрі бар, бірақ ешнәрсе қалмай барады (құндылық атаулыдан). Бақытсыздықтың бастауы деген осы.

 

 

Өз отыңды өзің өшірме!

Кейбір шырттай киініп шіренген қазақ жігіттерінің сырласа қалсаң, бет-бейнесін көріп қарның ашады. Жақын тартып, шер тарқатысуға да жарамайтын, жарамсыз бір пенде екенін білгенде, жаның жүдеп сала береді. Қуыршақтай киінген қаракөз бойжеткендермен де тіл қатыса қалсаң, көңілің құлазып қалады (бәрі емес, әрине).

 

 

Менің қаузағаным – тіл тағдыры. Дегенмен, айтпаса сөздің атасы өледі деген, реті келгенде айтайын, ән дегеннен шығады-ау! Қай ата-ана болмасын, сәбиінің туған күнін атап өтеді. Дұрыс-ақ! Бала – бауыр етің демекші, ата-анасы баласынан несін аяған?! Алайда, кейбір отбасыларында ата-ана, ата-әжелері – бәрі қосылып отырған ортаға жанған шырақтар орнатылған тәтті торт әкелінеді. Қол ұстасқан бүлдіршіндердің бірі, туған күн иесі болар, әлгі жарқырап жанып тұрған шырақты үрлеп өшіріп жатады. Ол аз десеңіз, ата-әжесі түгел бірауыздан өзге тілде «Happy birthday to you!» деп әуелетіп ән салады. Бөтен тілде ән шырқап, жанған отты үрлеп өшіру атам қазақтың салтында бар ма еді? Мұсылмандық салтымыз бойынша, негізінде халқымыз өз отын өзі үрлеп өшірмеген, ол жақсы ырым емес, керісінше, «Түтінің түзу шықсын!», «Ошағыңның оты өшпесін!», «Шырағың сөнбесін!», «Қазаның оттан түспесін!» деген қатарлы әдемі ырым ұстанған халықпыз. Өз басым шетел асып, жат елдің отбасындағы мереке-мейрамын, баласының туған күн кештеріне қатысып, тамашалап көрудің сәті түскен емес. Көрсем құптар едім, қай жағынан дейсіз ғой, әрине. Шетел азаматтары отбасыларында қазақтың домбырасымен күй тартып, «Туған күн кешінде» әнін шырқап, «Айгөлек» пен «Қамажайды» билеп, «Ер Төстік» ертегісін әңгімелеп, я болмаса, бауырсақ, шелпегін пісіріп, қазақша үрдіспен өтіп жатса құба-құп. Біздің ата-бабамыз қазақ емес пе, қалай ойлайсыз?

Мемлекетті ұстап тұратын алып екі тұғыр бар. Бірі – тілің, бірі – дінің. Осы екеуін берік ұстанған жағдайда, тіліміз тұнық, салтымызға бекем болсақ, мұсылмандықтың туын биік ұстап төмендетпесек, рухани бай ел болар едік! Рухани бай адам – тілін сүйетін, құрметтейтін нағыз отаншыл адам!

 

«Ашылдық» пен «бетперденің сыры»

Негізгі тақырып – жарнама. Енді сол жөнінде сөз қозғайын. Көне астана саналатын Алматыға алғаш рет келген шетел азаматы, я болмаса өзге ұлт өкілі болсын, қай мемлекетте жүргенін айыра да алмауы мүмкін. Себебі, орыс тілін ойрандатып болып, енді ағылшынды ардақтап, аспанға шығарып жатырмыз. Осы екі тілдің ортасында қазақ тілі жетім қыздың тойындай күй кешіп, қысылып тұрғаны жасырын емес. Елбасының сөзі бар:

«ӘР ЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ӘР ЕЛДІҢ ТІ­ЛІН МЫҚТАП ИГЕРСЕ, ОЛ – БІЛІМ. ОН ШЕТЕЛ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ ТІПТІ ЖАҚСЫ, БІРАҚ ОН ШЕТЕЛ ТІЛІНЕ ОРАП, АНА ТІЛІН ТҰНШЫҚТЫРЫП КӨМІП ТАСТАСАҚ, ОЛ – КЕШІРІЛМЕС КҮНӘ. СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БІЗДІҢ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІ ҚҰЛАТ­ПАЙ ҰСТАП ТҰРАТЫН БІР МЫҚТЫ ДІҢГЕК ЕКЕНІН ҰРПАҚТАРЫМЫЗ БІ­ЛІП ӨСУГЕ ТИІС».

Ал, не дейсіз, оқырманым, шындығы сол.

Жаңадан ашылғалы жатқан дүкен, дәріхана, сән салондары болсын, ғимараттардың қабырғаларына «Біз ашылдық!» деп айшықтап іліп қояды. Бұл «Мы открылись»-тің тікелей аудармасы екені анық. Осы ретте, нең ашылды, қандай құпияң, сырың әшкере болды деген сыңайлы сұрақ тіленіп-ақ тұр. Өзімізге ұғынықты тіл заңдылығы аясында «Жаңа дүкен ашылады», я болмаса «Жаңа дәріхана ашамыз» түрінде жазылса түсінікті ғой. Әр тілдің өзінің қисынға келетін, тілдік жағынан мағынасы ашылған, тартымды тәсілдері бар. Дүкен, сән салондары және т.б. сауда орындарының иелері – қазақ ағайындар. Айтайын дегенім, түсініксіз тілде жазылған жарнамадан гөрі, әдемі тәрбиелік мәні бар тәмсілдер, мағыналы мақал-мәтелдер, насихат үлгісіндегі нақыл сөздер, ақын-жазушылардың өлеңдерінен үзінділер, тұрақты сөз тіркестері мен көсем сөздерден мысалдар келтіріп, неге іліп тастамасқа?! «Тамшы да тас теседі», «Тамшыдан теңіз құралады» деген сөз бар халық даналығында. Бұлай деу себебім, өзіңізге белгілі қалада көлік кептелісінен байланып, көшенің екі жақ қапталына сағаттап қарап отыратынымыз шындық. Күнде-күнде жүрген жол болғасын, көзің шалмай қоймайды, жол бойы жазылғанды жаттап та алатын уақыт жетеді. Тіпті, ең болмағанда осылай да көрейік дегім келеді, жақсы нәрсені қабылдаудың жолдары ғой, амалың таусылғанда не дерің бар?!

 

 

Бұрынғыдай газет-жорнал қаптап тұрмайды, дүңгіршектер жоқтың қасы. Теледидардың құлағын бұрауға жүрексінетін болдық. Көретінің атыс-шабыс, дүрбелең, бір арнада жылап-сықтаған әйел азаматтар, бірінде қымбат көлігі мен көйлегін, зәулім үйін, іші толы дүниесін көрсетсе, қала берді кейбіреулері қанша рет үйленіп-ажырасқанын айтып мәре-сәре. Күлеріңді, не жыларыңды білмей дал боласың. Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіріп жүр демеске лажың жоқ.

Жер бетін жайлаған індетке байланысты қала көшелері жаппай десем де болады, «Бетперде тағыңыз!»-дан көрінбейді. Сақтану шарасын ұстанған жөн. Айтпағым, ес білгелі «бет перде» деген тіркес адамның мінез-құлқына қатысты айтылатын-ды. Адамның шынайы болмысы белгілі болғанда, ішкі дүниесінің кім екендігі сезілген жағдайда, бет пердесі, мінезі белгілі болды дегенді меңзейді. Алақандай матаны «бетперде» деп айғайлатпай-ақ, «мұрынқап» деп, тіпті «маска» деген терминді қалдырса да еш ағаттығы жоқ.

Биыл атышулы ауру таралғалы Алматының барлық жерінде десе де болады, кіреберіс есіктерде «Қолыңызды өңдеңіз!» деген ескерту жазылған қағаз жапсырылған. Ұят-ақ! Бұл жай ғана «обработайте руки»-дің тікелей аудармасы екені белгілі. Тегінде, темірді, ағашты, жерді өңдейді. Тыңайтып, жақсы өнім алу үшін қара жерді өңдеуші еді. Ал, бетті, қолды, денені Алла сақтасын өзгертпейді, түзетпейді. Алматы көшелерін бойлай орналасқан сансыз дүкендердің қабырғасындағы қате жазулардан көз сүрінеді. Бірде мынадай «қызықтың» да куәсі болдым. Үлкен дүкен терезесінің әйнегіне «Беларуссияның азық-түлектер» деген жазуды оқып, азыққа түлектің қандай қатысы бар деп тілімді тістеп алдым. Сіз не дейсіз? Азық пен шәкірт сатылатын дүкен дейміз бе? Бұл не мазақ?! Осы ғимаратта қызмет жасайтын жандар неге осыншама тілге, мемлекетке немқұрайдылықпен қарап, қала берді ұлтымызға менсінбеушілік танытады.

Тағы да сол жазудағы сауатсыздық пен тіл заңдылықтарының бұрмаланған тұстарына тоқталайын. Мектеп оқушылары және студенттер ғана емес, басқа да сала қызметкерлері арасында өздерінше жаңа логикаға салып – «туылдым», «туылған күн» түрінде айту да, жазу да қалыптасқан. «Тудым», «туған күн» деген бұрыннан бар дұрыс нұсқаны өзгертіп айту, я болмаса (туылған) жазбаша сол қалпында ресми құжаттарды толтыру дұрыс емес. Иә, мағыналық жағынан қарасақ, дүние есігін алғаш ашқан күн, анадан туылған сәт деген түсінік дұрыс болғанымен, «туылған әкем», «туылған шешем», «туылған інім» деген түрде айту да, жазу да тілдік нормаға сай емес. Сондықтан, бұрыннан дұрыс қалыптасқан форманы бұрмалаудың, өзгертудің негізі жоқ. «Тудым» мен «туылған» сөздерінің ара-жігін ажыратып, дұрыс нұсқасын көрсетіп тіл зерттеуші ғалымдар ескерткелі қашан…

 

«Мен тілімді неге жұттым?»

Бірде аялдамада көлік күтіп ұзақ тұрдым. Мен және бүлдіршін қыз бала да анасымен қатарласа отырмыз. Әлгі кішкене қыз анасына тілдей қағазын көрсетіп, мазасы кетіп отырды. Анасы болса ұялы телефоны арқылы ұзақ-сонар әңгімеден шыға алмай, ешкімді елейтін емес. Жақын отырған соң, бейкүнә баланың әр қимылын бақылап, жыламсыраған күйін көріп, жаным ашып мен отырмын. Анда-санда маған мұңая қарап қояды. Шыдай алмай қолындағы бір жапырақ қағазға үңілдім. Байқасам үш-төрт шумақ өлең екен. Жаттауға бергенін жарты сөзінен-ақ түсіне қойдым да, қолындағы қағазын алдым. «Кәне, айта қойшы ботам, мен тыңдайын» дедім. Бір деммен демесем де, ежіктеп шатасып айтып шықты. Басынан мейірлене сипап, мақтай жөнелдім. Қуанғандай болды, үндемейді байғұс бала. Телефон әңгімесі де аяқталып, анасы бізге бет бұрды. Жәутеңдеп отырған жазықсыз сәбиіне зекіп тастады. Бала түгіл, мен сескеніп, тілімді жұтып қойдым. Әрине, жас балапанның көзінше анасына аса ескертіп ештеңе дей алмадым, қанша дегенмен анасы ғой, баланың алдында бағасын түсіргім келмеді. Қысқартып баяндайын (ұзақ әңгіме). Сөз арасында, әлгі бүлдіршіннен осы өлеңді кім жазған екендігін сұрадым баланың тілінде. Үндемеді. Менің де есіме түспей тұрғаны, мамасынан сұрап көрейік дедім, жас әйелді әдейі әңгімеге тартып. Жасамыс ана өлең авторы жайында ойланбақ түгіл, өзімді біраз сілкіп алды (орысшалап). Не дерің бар?! Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын әрине.

 

 

Дегенмен, ақын-жазушылардың шығармаларын оқымайтын, авторларын да айта алмайтын қоғам қалыптасуда. Ал, бүгінгі сөз болған төрт шумақ өлеңнің авторы – қазақты әлемге танытқан, бесіктегі баладан төрдегі қартыңа дейін білуге тиіс Абай Құнанбайұлы еді. Айтпағым, ата-аналардың өздері өзге тілде өзеуреп, өз тілін өгейсініп тұрса, жас бала кімнен тәлім алмақ?! Ата-әжесі қосылып ағылшынша ән салса, орысша ойланып, сол тілмен өмір сүрсе, бейкүнә сәби кімнен сабақ алып, ана тілін кімнен үйренсін? Сондықтан, жастарымызды жазғыра бермей, таяқтың екі ұшы барын ұмытпайық, оқырманым. Тегеурінді текті сөз айтатын қариялар, тәйт деп тосқауыл болатын тұлғалар сиреп барады. Сөздің шыны, қазаққа басқа ұлттың өкілі болуға тырысудың түкке қажеті жоқ. Өзге тілде сөйлей алмай қаламын деп емес, өз тілімді тұнық білмей, мәңгүрттеніп қалам ба деп қорқу керек. Болашақ ұрпағым (өз немерем) ұлттық тілін білмей, жарымжан болып қалыптаспасын десек, тіл тазалығын сақтауымыз керек. Тілің – қаруың, дінің – қамалың. Қаруың өткір, қамалың берік болса мемлекеттік діңгек те мықты болмақ. Алып екі тұғырымыз мықты болса, тәуелсіз қазақ елі жасай береді!

 

Рыскен ӘБІШЕВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі