Менің атам, әкем

Әкем Шәкенұлы Сәттар 1928 жылы қазіргі Ақмола облысы Ерейментау ауданына қарасты Қарағайлы ауылында (қазіргі Торғай ауылынан 3 шақырым жерде) аса ауқатты отбасында дүниеге келіпті. Руы – Уақ, оның ішінде Жансары, Жансарының ішінде Сарықазақ. Арғы бабамыз Қоянбайдың қыстауы деген жердің орны  әлі бар. Қазіргі Торғай ауылындағы Дөненкөл деген көлдің маңында атамыз үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы мен  түйелерін суғаруға келгенде  көлдің беті көрінбей кететін дейді екен кезінде көз көрген ауыл ақсақалдары.

Шәкен Әйнекұлы 1896 жылы туып, 1974 жылы 78 жасында өмірден өтті. Астанадан шығыс солтүстікке қарай кететін Кереку тасжолының бойындағы Ерейментау ауданына қарасты Торғай ауылына қапасты Қарағайлы мекенінде ғұмыр кешкен.

Шәкеннің 3 атасы Сарқазақ (1711-1781 жж) Абылайханның ұлы Уәли сұлтанмен дос болыпты. Кейін Ертіс бойынан ауып Ерейментауға келгенде Абылайхан осы Қарағайлыны сыйға берген екен. Сол ара қазір Қоянбай қорасы деп аталады. Қоянбай қорасының қасындағы Дөнен көліне жабылған жылқысынан көл көрінбейін, мал мен басы тең өскен ауыл екен. Қоянбай атамыздың баласы Әйнек марқұм да еңселі де тұлғалы азамат болыпты. Жұрт сол тұлғасына сүйсініп «Әйнек» деп атаған екен де, шын аты ұмытылып кеткен.

Әйнек те баласы Шәкен де 1900-1928 жылдар аралығында елдің ықыласына бөленген жандар. Күллі ауылды ғана емес елім деген ерлердің қолтығынан демеп, көмегін аямаған тұлғаларды Кеңес үкіметі аямағаны белгілі. Шәкен ауылы осылайша «Бай, кулактар» ауылы ретінде қуғынға ұшырады.

Шәкен атам еңсегей бойлы, ақ сары жүзді, суырып салмалығы бар, «қиссашы», сері кісі болыпты. Үнемі төс қалтасынан кестеленген жібек орамал түспейді екен. Кезінде айттырып қойған қалыңдығын менсінбей, Әлі деген байдың үш сұлу қызының бірі Гүлғазиды алып қашып кетіпті. Содан біраз жылдар өткенде аумалы-төкпелі заман туып, жаппай кәмпескеге ұшырай бастаған уақытта малын-жанын сақтап қалғысы келген бабаларымыз жер ауа көшкен екен. Сол кезде менің әкем «іңгәләп» дүние есігін ашқан екен.  Туа сала анасынан жетім қалып, жетімдікті де, қудалауды да, ашаршылықты да, соғысты да, ауыр еңбекті де бақытты көндерді де бастан өткізді.

Кәмпескеден қашқан сол бір шұбалаң көште Шәкен атамыздың бір қашары тұмса бұзаулайды да жас бұзауды арбаға алып кете береді.  Әлгі қарасан арбадағы бұзауын көрмей, бұзаулаған жеріне қашып кетеді. Атамыз болса қашарды қуалап кетіпті. Көш алға ұзай бере жас келіншек (Гүлғази әжеміз) сәбиін құшақтап, атамды күтіп қалып қояды. Атам қашарды жетелеп келсе, әжеміз қатты ауырып, есінен танып қалған екен.  Нендей пәле, ұшық шалғаны белгісіз жас келіншек тілге келмей сол жерде жан тапсырады. Ілгері кеткен көш қайтып келіп, әжемізді Кереку маңындағы Құмдыкөл деген жерге арулап жерлепті. Атам ұлы сәрсенбінің сәтінде дүниеге келгендіктен Сәттар деп ат қойған екен. Әкем анасының қай жерге жерленгенін білмей, өмірінің соңына дейін «анамның топырағын бір көрсем» деген арманмен өмірден өтті. Ауып бара жатқан көшімен бірге аталарымызды кеңес үкіметі қайтарып, кәмпескелеп, малын тәркілеп алған екен.

Сөйтіп, әкем ауызынан ана сүті кеппей жатып  жетімдіктің қамытын киеді. Қазақтың басына түскен нәубет 1930 жылдары басталып аштан қырылған халықпен бірге «жалғызым (жалғыз болатынын білгендей) аштан өлмесін, Омбыда ақ нан көп» деп әкемді атамыз Шәкен Омбы қаласындағы балалар үйіне өз қолыммен апарып тапсырған екен. Осы балалар үйінде әкем 5-6 жас шамасына дейін тәрбиеленіпті. Заман түзеліп, ел есін жия бастаған кезде атам ұлымды алып келемін деп Омбыға жиналса керек. Сол кезде  атамның қарындасы Мамыр апамыз, «Қайтесің, бір бала жолда, бір бала белде, орыс боп кеткен баланы қайдан табасың, тағы үйленерсің, балаларың болады. Бармай –ақ қойсаң қайтаді. Мына заман қиын боп тұр ғой – деп қарындасы Мамыр атамды жолдан қалдырмаққа әрекеттенеді. Атам болса:

— Жоқ, жалғызымды қайтсем де алып келемін, қалдырмаймын» — деді. Анасының аманатына. – Жалғызымды жылатып қалтырсам, несіне азамат болып тірі жүремін? Айтқаным айтқан. Бұйырса жолға шыққалы отырмын» — деп соңғы шешімін айтады. Сөйтіп Омбыға жол тартып кетеді.

Апталап, айлап Омбыға жеткенше алып ұшқан сағыныш пен «балам тірі ме екен?» деген сұрақ оған маза бермейді.

Сөйтіп жемханаға да жетеді.

Алдынан шыққан шегір көз, жуан әйел өзін жетімхананың директрымын деп таныстырып, басында тымағы, аяғында саптама етігі бар, сақалды, бойшаң адамға сескене қарайды.

— Не жұмыспен келдіңіз?

— Баламды осында тапсырған едім, енді алып кеткім келеді.

— Аты-жөні кім? Қай жылы өткіздіңіз?

— Саттар Шәкенұлы, 1928 жылы туған. 1930 жылы өткіздім.

Шегір көз орыс әйел мына еркекті танитын адамдай тінте қарап алып: «қазір балалардың бәрін жинаймын, өзің танып ал. Танымасаңыз бізді қайталай мазаламаңыз. Милиция шақырып қуып жіберемін, — деді.

Шәкеннің маңдайынан тер  бұрқетті. «Тани алмай қалсам ше? Баламды жетімханаға өткізген кезде кішкентай болды, мені танымайды ғой. Енді не істеймін? Бәлкім басқа жаққа ауыстырып жіберген болса? Өліп қалған болса ше?» Мұны ойлаған Шәкен атамныңжаны мұрнының ұшына келді.

Дұғаларын күбірлей оқып, Жаратқанға сыйына берді.  Орыс қатынның шаңқ еткен дауысымен бірге бұлар есік алдында тізіліп тұрған балаларға беттеді.

Біркелкі жетімхана формасын киген балаларды тану мүмкін емес еді. Бойлары да бірдей, түрлері де ұқсас сияқты көрінді. Оның үстіне ұлы Сәттардың да түрі сары, шашы жирен, көзі көк болатын.

Жаңа кабинетіндегі балалардың тізімінен бірде қазақша аты бар бала табылмады ма?,-деп ойлаған Шәкеннің есіне балаларды Жетімханаға алғанда орысша есім беріп, фамилия қоятыны есіне түсті. «Бүгін таба алмасам, мәңгі таба алмауым мүмкін» деп күбірлей берді ішінен.

Ұзын бойлы, ат жақты, көзі тұздай кісіні көрген балалар сілтідей тына қалды.

«Қайсымызды іздеп келді екен мына кісі?,-деген ой оларды да мазалап тұрған еді.

Шәкен балаларға ұзақ қарады. Бірақ танымады. Тек бір екі таныс бейне елестегендей болды. Қате танып тұрмын ба депте  ойлады.

Баламды таба алмаймын ба деп, есі шыққанан атам,  Неде болса нар тәуекел, бір Құдайым жар бол!,-деді де:

— Әй, Сәттар, Сәттааар! – деп бар дауысымен ышқына айқай салды. Өз дауысы жаңғырып кеткендей болады.

Азан шақырып қойған атын Құдай  құлағына салды ма, әлде ұрпағының, біздің көретін жарығымыз бар ма? Жүздеген баланың ішінен әкем жүгіріп шығып, атамның шапанының етегіне оралыпты. Кіп-кішкентай кезінде әкеліп, приютте басқа есіммен аталып жүрген, тілі орысша шықса да, өзінің азан шақырған атын атын ұмытпаған әкемнің сол кездегі әрекетін кейін естіген туыстары таңқалған екен. Азан шақырып ат қоюдың қасиетіне күні бүгінге дейін таңғаламын!

Топтағы бала арасынан бір бала сытылып шығып, Шәкен атама қарай құлдыраңдай жүгіргенде атам қуанғаннан көзінен жасы ыршып-ыршып кетті. Жас баланың да көзінен аққан жас Шәкеннің көн етігіне тамып жатса, атамның көз жасы бетінен тарамдай ағып, аппақ сақалын жуып, жалғызының бетін жуып кеткендей болды.  Атам ұлын кеудесіне қысып құшақтап: «Тірі екен ғой, бар екен ғой, құлыным, адал жарым Гүлғазиымның көзі, Құдайға шүкір» — деп күбірлеп жатты.

Атам Шәкен ұлы  Сәттәрды ұзақ құшақтап тұрды. Директор да көзін жасауратып, бір жапырақ қағаз әкеліп ұстатты да «Балаңызды алып кетуіңізге болады, жолдарың болсын!» деді.

Омбы өзеніндегі өмір үшін күрес

Баласын алып қайтып бара жатан көңілі тоқ әке баласымен сөйлесті. Приютте тілі орысша шыққан Сәттар екеуінің түсінісуі оңай болмады. Ұлы есейген. Әңгімелері де үлкен адамдар секілді. Әкесінен анасы жайлы сұрады.

Бір-бірін тапқан қуанышты әкелі-балалы екі жолаушы ертесі ертемен жолға шықты.

Астындағы жарау қаракер аты да дем алып, ширап қалыпты. Шәкен Сәттарды артына мінгестіріп алды. Суық тиіп қалмасын де өзінің ішігіне орап отырғызды.

Көкетемде еріп, сең жүріп жүріп жатқан Омбы ен өткел іздеп, бойлап ұзақ жүрді. Көктемгі тасыған өзеннің екпіні әлі қайтпай тұр екен. Ақыры бір жайдақ жерден атты салды да жіберді. Ат толқынды жара ортасына барғандаат  әлде бір тасқа сүрініп кетті. Байқаусызда бала аттың үстінен ұшып кетті. Тоңның үстіне ағып бара жатқан баланы көрген Шәкен жан ұшыра атының басын төменге бұра қуды. Сәл бұрылыста баяулаған жерінен ұстады. Сәл болмағанда иірімге түсіп, жоқ болып кетер де еді. Құдайға шүкір көрер жарығы бар екен!

Тырса-тырмыса қарсы жағаға өткен Шәкен де бала да қуанғандарынан бір-бірін тағы құшақтады. Шәкен атам ұзақ күбірлеп, жаратқанға жалбарынды. Сәттар болса әкесінен: «Папа, не айтып жатырсыз» — деп сұрады. Жәй дұға оқып жатырмын.Дұға деген не? Шәкен баласына шамасының келісінше ұзақ түсіндірді.

Елге келген соң, атамды Оңтүстік өңірге теміржол желісін тартуға қара жұмысқа айдайды. Әкем Сәттар әкесінің қарындасы Бәтіш апамыз бен Кәбен жездеміздің қолында қалыпты. Әкеден тірідей, шешеден өлідей айырылып, кейін Бәтіш апасы қайтыс болып, жездесінің қолында жүріп небір қиындықтар мен  қатты жетімдік көргенін әкеміз марқұм бертін ғана айтып отыратын, оның өзінде көп ашылып айтпайтын. Балалық шағы жайлы сұрасақ, көзін алысқа қадап, үндемей қалатын. Көзінен мұң көруші едік.

Әкем қаршадай күнінен жұмысқа жегіледі де, оқу жайына қалған. Төрт-ақ сыныптық білім алғанмен, көзі ашық, ойы алғыр еді. Кітапты көп оқитын.

Соғыс балалары

Соғыс басталған кезде әкем  13 жаста болған екен. 4 кластан кейінгі оқу жайында қалды. Енді еркек кіндіктінің бәрі әскерге алынса, Шәкен бастаған ақсақалдар ауыр жұмысқа жегілді.

Соғыс  жылдарында  жылдың  төрт  мезгілінде  кезек  күттірмей  іске  асырылатын  тіршіліктің  күре  тамыры  саналатын  төрт  түрлі  жұмыс  түрі  болатын.  Жаз  бойы  колхоздың  малына  қысқы  шөбін  дайындаған.  Көктемде тырма тартатын өгіздерге мінгізіп, егістік алқабында жұмыс істеген. Осы  төрт  мезгілдегі  орындалатын  жұмыстың  ішіндегі  ең  қиыны,  адамға  ауыр  тиетіні  көктемгі  жер  жыртып,  тұқым  себу  кезі  болатын. Екі  тілді  соқаға  екі  пар  өгіз,  екі  пар  меншіктінің  сиырын  жегіп,  күнделікті  норманы  орындау  үшін,  таңғы  сағат  төрт  жарымнан,  түнгі  сағат  он  екіге  дейін  қара  жыртындыда  жаяу  жүру,  кімге  болса  да  оңайға  соқпайтыны  белгілі.           Таңғы  сағат  төртте  есік  алдында  ашада  ілулі  тұрған  темір  соғылады,  екінші  соғылғанда  тұрмасаң  қамшымен  оятады,  алғашқы  белгі  бергенде  үлкендер: «Тұр-тұрдан  хабар  келсе,  ұйқыдан  маза  кетер»,- деп  суық  шым  балаған  ішінде  жылы  төсектен  тұрғанда  ухілеп-ахылап  киініп  жатады.  Осылардың  ішінде  14-15  жастағы  әкемнің  замандастары да болған. Ерте тұрып, кеш жататын балалар қатты шаршайтын болса керек. «Сонда итіңдеп жер жыртып келе жатқан өгіздерден талай құлап, құлаған жерімізде, әрі қарай ұйқымызды жалғастыра беретінбіз»,- деп отыратын әкем марқұм.    Ондайда «Тәйт, мына бай-құлақтың тұқымы әдейі істеп жатыр» деп шыбықпен тартып-тартып жіберетін шолақ белсенділер болған дейтін.

«Тұр-тұрдан  хабар  келсе,  ұйқыдан  маза  кетер»,-деген  үлкендер  сөзі  құлағымда  әлі тұр дейтін еді марқұм әкем.

Қарағандыдағы ФЗО

Жер-жерден ФЗО жіберу үшін жасөспірімдер жинай бастады. 13-14 шамасындағы әкемді де Қарағанды қаласындағы ФЗО (фабрика-зауыт оқу) жібереді. Бұл – Қарағанды фабрика-зауыт (Фабрично-заводское обучение (ФЗО) оқуы еді. Ал шахта – Костенко атындағы шахта. Фабрика-зауыт орындары – Кеңес кезеңіндегі кәсіби-техникалық мектептің төменгі типі. 1940-1963 жылдары болған. Бұл мектептер өнеркәсіптік кәсіпорындар базасында болды. Құрылыс, көмір, кен салалары үшін дайындаған. Осылайша бұғанасы қатпаған балалар да соғыс алапатының ісі үшін терлерін төкті. Әкемнің ФЗО-да жүрген қорлығы мен зорлығы, бір тілім нан үшін талай баланың жұмыс пен аштыққа шыдай алмай өлгенін, ашыққан балалардың барак-барак болып төбелесетінін, суық барактар мен ауыр жұмыс жайлы шет жағалатып ғана айтатын еді, шынымды айтсам дәл осы ФЗО тақырыбы әлі толық зерттелмеген тақырып. Әкемнің айтуынша, көптеген балалар суықтан, аштықтан, ауыр жұмыстан өлген екен.

Бесіктен белі шықпай жетімдік қамытын киіп, балалар үйінде өскен әкем бұл қиындыққа тез көндігеді. «Күштілер жеңеді!»,-деген жетімдер үйінің тәртібі ФЗО-да орнығады. Балалар арасындағы қырылыс, төбелес әр күні болатын. Тіптен, өлім де болып жататын. Үлкен бозбалалар әкемдей балаларға күн бермейді екен. Көрер жарығы бар бар ма? Әйтеуір Шәміл атты 2-3 жас үлкендігі бар, өзі мықты, саяқ жүретін, ұлты шешен бозбала үнемі әкемді қорғап жүрді. Мүмкін сарғыш жүзі мен тұздай көзі ұнады ма ол жағы беймәлім. Әйтеуір, талай төбелес пен қырқыстан аман алып қалып, тапқанын теңдей бөліп беріп жүріпті. Сол шешен бала болмағанда, күнім не болар еді деп, әкем марқұм айтушы еді.

Соғыс бітеді.  Әкем оқуын жалғастыра алмайды. Оның үстіне «байдың тұқымы» таудай атағы тағы да еріп жүрген болатын. Сөйтіп Қарағанды шахтасынан елге қарай жақындар Бастөбе алтын кеніндегі шахтаға жұмысқа орналасады.

1947-1955 жылдар аралығында Бестөбе алтын кенішінде жұмыс істейді.

Әкесі: «балам атадан жалғызсың. Үйлен, ұрпағымды жалғастыр» — деп айтады. Әкем үйленеді.

Жалғызы, Сәттәры жаңа отбасылық өмір бастағанда Шәкен атамның қуанышында шек болмаған. Алайда 8 жыл жұптары жазылмаған жас отау «шыр еткен» сәбиге зар болды.

Ал Сәттәр үшін Бестөбедегі салдырған дағарадай үй, сәби күлкісінсіз,  қаңғыраған дала секілді болады да тұрды.

Анау тау асып, өзенді кешіп әкелген әкесін есіне алды. Сонша үміт күткен әкесінің алдында қарыздар секілді болатын да тұратын. Неге сонша жалғыз болдым деп де мұңайды. Ұрпақсыз бәрінің бос емес пе, ақыры бәрін қайта бастауға бекінді.

Әрине, 8 жыл отасқан жұбайына әкесінің жалғызы екенін, ұрпақ жалғастыруы керек екенін айтып, кешірім сұрайды. Барлық жиған мал-мүлкін, салған үйін де әйеліне қалдырып, «маған артымда қалар ұрпақ керек» деп, шамаданына салған киім-кешегін ғана алып, Қарағайлыдағы атамекеніне келеді.

Шәкен атамның оқыған дұғасы ма, бәлкім әкем Сәттардің тілегі қабыл болды ма екен. Әкем өзінен 8 жас кіші қызбен отау көтерді. Анығын айтқанда өзінің шахтада бірге істеген досы Қамариденнің қарындасы Мермануды алып қашқан болатын.

Бұл – 1955 жылы еді. Сол жылы балалы да болды. Анамыз 13 құрсақ көтерген. Оның 7 тірі.

Бір қуанарлық жағдай, әкемнің бұрынғы келіншегі де басқа біреуге тұрмысқа шығып, бақытты ғұмыр кешті. Ол да 8 баланың анасы атанды.

Елге оралған әкем ата-баба кәсібін қолға алып, шопанның аяқ таяғын қолға алады. Әрине, бабасынан қалаған құт мекен Қоянбай қорасы да иіп сала берді. Аз жылда -ақ алдына жүздеген мал салып, елдің де назарына ілінді. Қойы күйлі, жүз қойдан жүз жиырма қозы алатын, еңбекор шопан болды.

Шәкен атаның арман-тілегі іске асып, ұрпағы жалғасып жатты.

Ауылды жинап алып «қисаларын» бірінен соң бірін жіберетін зерделі қартты ауыл да қатты сыйлады.

Сәттәр да еңбекшілдігі, ұқыптылығы арқасында аз ғана жылда елдің алдына шықты. Малы өсіп, тірлігі оңалды. Тіпті, бір ретте «Соңилистік еңбек ері» атағына ұсынылған. Алайда, бұл жерде де «байдың тұқымы» деген «атағы» алдынан шығыпты. Әкем жайлы көптеген республикалық, облыстық, аудандық газеттерге мақалалар шығатын. Талай дөкейлер, ақындар келіп анамның таза дастарханынан келіп дәм де татқан.

Атаққа қолым жетпеді деп әкем ешуақытта ренжіген емес. Әкем үшін ең үлкен сый- Құдайдың берген жеті перзенті еді. Ол үшін бабалары қандай да бір атақ-сыйлықтардан әлде неше мың есе қымат болатын. Сегіз жыл перзент зарын көрген әкешім: Сендердің табандарыңа кірген шөгір, менің маңдайыма қадалсын,-дейтін әкем.

Ата-бабасы қуғын көрген, әкем Шәкенұлы Сәттар ата-бабалары аңсап өткен тәуелсіздікті көрді, дәмін татты. Төрт баласының отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болғанын көрді. Немере сүйді. Тек «шешемнің жатқан жерін көре алмадым» деп, өзін туа сала қайтыс болған шешесін еске алып, оның зираты қайда екен деп өмір бойы армандаумен өмірден өтті. 1994 жылы өкпе обырынан 67 жасында дүниеден озды.

Ұрпақ сүйіп әке арманын жалғастырды. Бұл күнде артында қалған ұл-қыздары мен немере-шөберелері де бар. Оларда Тәуелсіз елі үшін қызмет етуде.

Әкем 1950 жылдардан бастап қазақтың ата кәсібі шопанның ақ таяғын ұстады. Содан 1985 жылға дейін үзбей еңбек етті. Көптеген орден-медальдармен марапатталды. Жақсы еңбегі үшін алған республика, облыс басшыларының деңгейіндегі марапат қағаздармен де марапатталған. Елі-жұрты сыйлаған адам еді.

Әкетайым «Ерте тұрған еректің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің ырысы артық» деп отыратын. Өзі ұдайы ерте тұратын. Бізді де осыған тәрбиеленеді. Көп ұйықтағанды ұната бермейтін.

Өзі зейнет демалысына шығып кеткеннен кейін де, өмір бойғы әдетімен ерте тұрып, жұмыс орнына барып, жастарға өз білгенін үйретіп жүруші еді.

Тектілік деген нәрсе қаннан беріледі ғой. Менің Әкемнің бойында да бабаларынан қалған өзіне тән тектілігі бар еді. Ол кісі үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлейтін. Жаны аса таза адам еді, балаларын да адал өмір сүріп, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Біреуді алдап, жалған сөйлеуді ұната бермейтін. Орнымен сөйлейтін. Өтірікті, өсекті, біреуді ғайбаттауды жаны сүймейтін. Үлкенді сыйлап, кішіні құрмет тұта білетін. Білгенін үйретіп, білмегенін үйреніп жүруші еді. Жанының тазалығы соншалықты, сәби тәрізді аңғал, аңқаулығы да бар болатын.

Мен әкемді еске алсам әке және адалдық деген сөздер қатар жүреді. әкетайым бізді адалдыққа, ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Әлі есімнен осыдан көп жылдар бұрын поезда бір орта жастағы адаммен серіктес болдым. Сонда ол кісі бұл өмірде қазіргі кезде ешкім адалынан мал жимайды дегені, сонда мен өз әкем туралы айтқан кезде, ол кісі: ондай адам болмайды деген еді. Мен дәлелдеп жатпадым. Көпке топырақ шашуға болмайды ғой. Себебі ондай адамның бірін өз көзіммен көріп өстім. Ол менің Әкешім еді.

Біз әкемізді «Әтәй» дейтінбіміз. Кейде әзілдеп: «Әтәй, осы ұрлық жасап жүргендер тез байып кетеді, біз де сөйтейік» дегенімізде, кәдімгідей шын көріп, ренжитін. Ұрлық түбі – қорлық. Мені араммен асырамай-ақ қойыңдар дейтін. Аса адал адам еді. Үлкен ағам Ішкі істер орынында қызмет етті. Қазіргі күні отставкадағы полковник. Сол кісі үйге келген сайын «Балам, адал жүр, ешкімнің ала жібін аттама» деп ақылын айтып отыратын. Шіркін-ай, бізге айтқан әрбір сөзің, ақылың асыл таспен тең екен-ау.

Әкем өте кітапқұмар адам еді. Кітапты құрметтеуді, кітапты оқуды әкемнен үйрендім. Әлі есімде, Қарағанды университетінде оқып жүрген кезім, степендиямның жартысына кітап дүкенінен кітаптар алатынмын. Әкем менің келуімді күтіп жүретін. «Қызым, маған қандай кітап әкелдің?» деп, алдымен әкелген кітаптарыма балаша қуанатын. Жинаған кітаптарыма шаң жуытпай, парағын бүктемей, арасында қапсырма салып оқып отыратын. Оқыған әрбір кітабы туралы пікірін менімен бөлісуші еді.

Әкешім үнемі «Құлындарым, менің көзім ашық, көкірегім ояу болғанымен, бір өкінетін ісім –  оқи алмағаным.  Менің балалығым шағым қиын кезеңге сәйкес келді. Мен сендердің қолдарыңа күрек ұстағандарыңды емес, жоғары білім алып, оқығандарыңды армандаймын» дейтін. Жан әкешім балалары жоғары оқу орындарына түсіп оқып жүргенде, төбесі көкке тимей қуанып отыратын.

Әкем Сәттар мен анам Мерману 7 бала тәрбиелеп, өсірді. Барлығы да білім алып, қазіргі күні отанымызға қызмет етіп жатыр. Немерелері мен жиендері де ержетті. Отбасын құрғандары да бар. Әке арманы орындалды. Бірақ бір өкініштісі, осының барлығын ата-анам көре алмады. 1994-1995 жылдары араларына 5 ай салып екеуі де бақилыққа аттанды. Мәңгілік орындарын тапты. Бірақ әке айтқан өсиет – адал өмір сүру, елің үшін еңбек ету – ұрпақтарының жадында мәңгілік жаңғырып  тұра берері сөзсіз.

«Әкең айықпас дертке шалдықты», деген дәрігердің айтқан бір-ақ ауыз сөзі шаңырағымызға түскен бомба іспеттес еді. Сол кезде барлық балалары бірігіп, әкеміздің жанында болдық. Өзімнің өмір бойы армандаған сүйікті жұмысымды тастап, жан әкешімнің жанында болған сәттерім үшін ешқашан да өкінген емеспін.

Өмірінің соңғы сәттерінде жанында отырған имамға: «Мен 40 астам уақыт бойы адал еңбек еттім, ешкімнің ала жібін аттамадым. Не жисам да, адалымнан жидым» дегені де есімде. Қатты ауырып, қиналған сәттеріңде:

— «Әтәй-ай, жеңілдің астынан, ауырдың үстімен жүрсең, мүмкін бұлай ауырмас па едің» дегенімде, қызым-ау, өйтсең еткен еңбегіннен тапқаның бойыңа сіңе ме, адалдан тапқанға не жетсін!» деп едің ғой.

«Мен Әкеден жалғызбын»,- деп қамығып, тәубә, сендер аман болыңдар, тату болыңдар, «сендердің табандарыңға кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп отырушы едің әкетайым. Өмірден өтер сәтіңдегі «Жұмылған жұдырықтай бір болыңдар, тату болыңдар!» деген сөзің есімде.

Кейде түсіме еніп, қызыл пүлішпен тысталған бөрігіңді киіп алып, есік алдындағы қызыл орындықта «Қара қызым, қашан келеді», «Маған қандай кітап әкелдің, қара қызым?»,-деп күтіп жүргендей боласың. Әкетайым, тек анашым екеуіңіз ғана еркелетіп айтатын «Қара қызым, Төкешім, Төкіжаным», -деген сөздеріңізді сағындым.

 

 

Шәкен Әйнекұлы 1896 жылы туылып, 1974 жылы 78 жасында өмірден өтті / Шәкен немересі Тұрар Сәттарқызының мұрағатынан

 

 

Саттар Шәкенұлы Тблисидегі санаторийде / Тұрар Сәттарқызының мұрағатынан

 

 

Шәкенұлы Сәттар Грузияның Цхолтуба қаласындадағы емдеу санаторийінде / Тұрар Саттарқызының жеке мұрағатынан

 

 

 

Сәттар жұбайы Мермануммен бірге түскен естелік суреті / Тұрар Саттарқызының жеке мұрағатынан

.

 

«Ұлы халық ғана ырымдайды»

Әкем өмір бойы оқуды армандап өтті. Бірақ әкесінен қалған ба?. Қисса, дастанды жақсы көретін. Біздің бала кезімізден кітап оқуға үйретті.. қонышында кітап жүретін. Оқығанын ұмытпайтын. Бізге дүкеннен кітап сатып алып беретін. Үйімізде өз кітаханамыз бар болатын. Мен Қарағандыда оқып жүрген кезімде үнемі әкеме арнап кітап сатып әкелетінмін. Көбіне жыр-дастарды оқып, соны бізбен бөлісіп отыратын. Жыр-дастанға, қиссаға жақындық әкесінен қалған деген ой келеді. Кітапты оқыған кезде майыстырмай, ұқыптап оқитын. Арасына бетбелгі салып, кірлетпей оқитын. Үйдегі ініме де айтатын. Кітапты таза оқы деп. Кітапты құрметтейтін. Алтын сүйген қыз селтең, кітап сүйген қыз көркем дейтін. Есепке жүйрік. Отардағы қойын санағанда  жаңылмайтын. Әр жүзін санап бір тал шырпыны қояды, сөйтіп санағанда ауылдың есепшілері жаңылып жатса, ол кісі ешқашан жаңылмайтын. Малдары ылғи тоқ шығатын, семіз. «Жүз қойдан жүз қозы» деген социалистік жарыста әкемнің жүз қойдан 120 қозыға дейін алған уақыттары болған. Не істесе де, беріліп шын көңілмен адал жұмыс істейтін. Өте таза, адал адам болды. Бізді ешкімнің ала жібін аттамай, таза адал өмір сүруге үйретті. Адалынан тапқан ас тәтті деп отыратын. Балаларын да сол тазалыққа, адалдыққа үйретті. Тегінен берілген тектілігі бар асыл адам болды. Сіз деп сөйлейтін. Біз күлетінбіз. Әтәй, неге сіз сіз деп сөйлейсіз деп. Ішкі мәдениеті бар адам еді. Балаларының үйіне барғанда да шалқалап диванға отырмай, бір ішкі мәдениетімен шетіне отыратын. Артық-ауыс сөзі жоқ адам еді.

Біздің анамыз Мерману Қабдығалымқызы Көкшетау өңірінің қыпшақ қызы. Сәкен Сейфуллиннің Гүлбарамның туысқан сіңлісімін дейтін. Тау ішіндені біздің қыпшақ қыздарына арнаған дейтін.

АнНам өте таза, тамаға дәмді, қымызы майлы, дастарханы мол адам болатын. Сол кезде аудан басшылары дастарханы таза үйге түсіретін қонақтарды Біздің үйімізде көптеген адамдар қонақ болған. Қасым Аманжолов болған. Алматыдан келген партия өкілдері де болған.

Әкем қатерлі ісікке шалдығып ауырғанда, Әке неге жеңілдің астымен, ауырдың астымен жүрмедің. Мүмкін ауырмас едің десем, жоқ балам ондай жегенің сіңерме еді.

Анам марқұм әкеммен бірге еңбек етті. Енді еңбектерінің зейнеттерін, немере қызықтап, шөбере сүйер шақта арасына  5 ай салып дүниеден озды.

Сәттәр өзі шықпаған биікке шығу үшін балаларын да аямай оқытты. «Тек оқу керек». Міне бұл – Сәттәрдің арманы болатын. Сол арманын балалары арқылы жүзеге асырды. Жеті баласы да оқыды. Соның бірі Тұрар Сәттәрқызы. Букетов атындағы Қарағанда мемлекеттік университетінің тарих факультеті.

Тұрар Сәттәрқызы: «жалпы ұлы халық ғана ырымдайды деген сөз бар. Ырым мен түйсік ғылымнан да жоғары таным. Адам ырымдаса да ырымдамасам да ырым орындалады. Мысалы атам Шәкен көшіп бара жатқанда жолда құнажынның қашу және әжеміздің қайтыс болуы да Алладан, аруақтан келген белгі. Біздің аталарымыз сол үшін көшітерін тоқататып, қайта келіп орнықты».

Әрине, ұлы аталары Қоянбай марқұмның «Қоянбай қорасы» деген мекенге келгеніне ғасырдан асқан шығар. Анау дөнен көлден су ішкен үйір-үйір жылқылар болмаса да киесі мен иесі бар болатын.

Бұны қазақ «топырағына тартты» деп ырымдайды. Осылайша Сәттәрдың да бағы ата жұртына келіп жанды.

 

 

Сәттар отбасы / Тұрар Саттарқызының жеке мұрағатынан

Бақыт апйым туғанда кіндігін балтамен кесіп, бала жолдасын ағашқа іліп қойған

Сәттәрдің жұбайы 13 құрсақ көтеріпті. Соның жетеуі жер басып жүр. Ол да болса Алланың жазған нығыметі.

Тұрар: «Менің апайым Бақыт дүниеге келгенде атамыз «бала туылғанда кіндігін әкесі балтамен кессін, бала жолдасын ағаштың басына іліп қойсын. Бала аурушаң болады. Бірақ бәрі жақсы болады» деп сәлем айтыпты. Себебі соның алдында екі бала қайтыс болып, бала тұрмаған екен. Содан кейін екі бала тұрды да кейін тағы екі бала қайтты. Сонымен мен туылғанда да маған «Тұрар» деп ырымдап ат қойыпты. Кішкентай кезімде атым өзіме ұнамайтын. Бірақ өсе келе есімімнің мағынасын ұғынған соң, жақсы көріп кеттім. Сосын бауырларым мен сіңілілерім туды.

Аталар мен әжелеріміз көрген түсті де кездескен істі де кездейсоқ санамайтын. Ақылға салып, түйсікпен түсінетін.

Міне аян мен ырым деген осы. Халқымыз  қашанна осы ырымшылдығымен ұлы болатын шығар…

 

Тұрар Сәттарқызы Шәкен