«Мен сізді мақтан тұтамын!» — деді өзбек президенті Шавкат Нұрсұлтан ағасына

Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Аз ғана мерзімде осымен алтыншы рет жүздесіп отырмыз. Бұл – біздің стратегиялық серіктестігіміздің, екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуының жарқын мысалы. Қазірдің өзінде уағдаластықтарымыздың нақты нәтижелері көріне бастады. Мәселен, аптасына екі рет Алматы мен Ташкент арасында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қатынайды. Біздің ұлттық әуе тасымалдаушыларымыз екі елдің астаналары арасында қосымша рейстер ашты, алдағы уақытта басқа да қалаларымыз арасында әуе қатынасы орнайды. Тұрақты автобус қатынасы бар. Ірі мемлекетаралық автожолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. М-39 автодәлізінде екі өткізу пункті ашылды. Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының аясында автомобиль құрастыру жөніндегі жоба жүзеге асырылды. Екіжақты қатынастарды жандандыру өзара тауар айналымына оң ықпал етті. Өзбекстанның импортталатын тауарлардың кейбір түріне акцизді төмендету туралы шешімі сауда ынтымақтастығын жандандыру жолында жасалған оң қадам болды. Нәтижесінде биылғы 7 айдың ішінде екіжақты сауда 35%-ға өсті. Бұл – өте жақсы нәтиже. 2020 жылға қарай тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізу міндеті қойылды. Осыған орай, Үкіметтерімізге өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру және пайдаланылмаған барлық резервті жұмылдыру жөнінде тапсырма берілді.

Біздерге энергетика саласындағы инвестициялық серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту қажет. Ортамерзімді перспективада бірлескен 2-3 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға уағдаластық. Елдеріміздің газ саласындағы ынтымақтастығы тиімді дамып келеді. Үкіметтерімізге екіжақтың мүддесінен шығатын жаңа газ жобаларын пысықтау тапсырылды. Едер арасындағы байланыстарды кеңейтуге септігін тигізетін Өңіраралық ынтымақтастық форумын тұрақты түрде өткізу маңызды. Ғарыш индустриясын дамыту бойынша бірлесе жұмыс жасап, осы салада өзара тиімді байланыстар орнату қажет. Бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие нәрсе — су мәселесі. Шекарааралық су ресурстары өңірдегі барлық халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болып табылатынын атап өткен жөн. Келесі жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына 25 жыл толады. Қазір ол Арал мәселесі жөніндегі бірден-бір мемлекетаралық тетік болып табылады. Осыған орай біз Қордың жұмысын жандандыру қажеттігі жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ екенін растадық. Атап айтқанда, біз 2018 жылы жоғары деңгейде кездесу өткізіп, әріптестерімізбен бірге баршамызға ортақ осы мәселені шешудің өзара тиімді жолдарын талқылауға ниетті екенімізді білдірдік. Біз көпжақты форматта, соның ішінде Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі аясында өзара іс-қимыл жасаудың мәселелерін қарастырдық. Ауғанстандағы жағдайға байланысты өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты пікір алмастық. Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі Астана саммитінің қорытындыларын, сондай-ақ Ташкенттің Ислам ынтымақтастығы ұйымының осындай саммитін Өзбекстанда өткізу туралы бастамасын талқыладық. Біздің тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Біз 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге келістік. Өзбекстанда Қазақстан жылын да өткізу күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп, олар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді. Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшыларының бірлескен мәлімдемесін қабылдадық. Үкіметтеріміз Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды. Мен Қазақстан делегациясының және жеке өзімнің атымнан өзбек халқының өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіріп, барлық бастамаларына табыс тілеймін, сондай-ақ екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарға қолдау білдіремін»,— деді.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Қазақстан Президентіне ниеттестігі үшін алғыс айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және өңіраралық қақтығыстарды шешудегі бітімгершілік рөлін ерекше атап өтіп: «Біз үшін Астана Қазақстан Президентімен астасатын ұғым. Астана – Сіздің Отаныңызға деген сүйіспеншілігіңіздің көрсеткіші. Мен Сізді мақтан тұтамын. Мен қол қойған құжат бойынша: «Біздің елдеріміз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтып, оны кеңейтуге, сондай-ақ бейбітшілік пен даму жолындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ел юрт хурматы» («Халық пен Отан құрметі») орденімен марапатталсын»,— деді. Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевке және барша өзбек халқына аса маңызды марапат үшін алғыс білдіріп: «Мен шет елдердің де, еліміздің де көптеген марапатына ие болдым, алайда бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені, көрші мемлекеттің жоғары бағасына ие болу — зор мәртебе. Мен үшін бұл тосын сый. Біз әрдайым өзбек халқымен қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісетінімізді атап өткім келеді. Тек осылай ғана біз тәуелсіздігімізді сақтап қала аламыз. Бүгін күн тәртібінде тұрған барлық мәселе шешілді, жаңа міндеттер қойылды. Өзбек халқына және Шавкат Мирзиёевке тағы да ризашылығымды білдіремін», – деді. Мемлекет басшысының Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

  1. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Узбекистонтемирйуллари» акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Новаи облысының хокимияты арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимияты арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Сырдария облысының хокимияты арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы контрабандамен және кеден заңнамаларының бұзылуымен күрес жүргізудегі ынтымақтастық туралы келісім;
  6. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы әскери-техника саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  7. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері туралы негіздемелік келісім;
  8. Су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасы;
  9. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының өткізу пунктері мен автомобиль жолдарын қайта жөндеу және жаңғырту, сондай-ақ тиісті аумақты абаттандыру жөніндегі жол картасы;
  10. Қазақстан Республикасы Президенті мен Өзбекстан Республикасы Президентінің бірлескен мәлімдемесі.

           Азия ойындарының басты қонағының батасы

    Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізді. Түрікменстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақыруын қабыл алып, қонақжай түрікмен жеріне келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірген Гурбангулы Бердімұхамедов: «Бұл – Орталық Азия өңірінің барлық елдеріне ортақ мереке. Бұл – біздің ниеттестігіміз бен ауызбіршілігіміздің көрсеткіші. Осы ойындарға 64 елдің өкілдері қатысып отыр, сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының өтініші бойынша 65-і ел ретінде босқындардан тұратын құрама қатысуда. Олар осы ойындардың туын ұстап сынға түседі», – дей келіп, Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны өзіне ұмытылмас әсер қалдырғанын ерекше атап өтті. Қазақстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылық білдіріп: «Мен Сізді осы Азия ойындарының өтуімен құттықтаймын. Көптеген спорт нысандары салынды, алдағы уақытта олар халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Мұндай іс-шаралар арқылы Түрікменстанның әлемге танымалдығы арта түседі. Биыл Қазақстан да ауқымды спорт сайысын – 28-і Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізді. Жалпы, біздің өңірде ірі халықаралық іс-шараларды өткізу өте маңызды», – дей келіп: «Сіздің Қазақстанға жасаған сапарыңыздан кейін көп нәрсе жасалды, мемлекетаралық комиссия жұмыс жүргізуде. Біздің экономика саласындағы перспективамыз жақсы деп ойламын. Мен сіздерге Өзбекстаннан келдім, онда мемлекеттік сапармен болдым. Көп мәселе шешімін тапты: шекарааралық ынтымақтастық, акциздер, салық, тасымалдау саласындағы тарифтер. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда бірден артқаны байқалады. Биыл ол 35 пайызға өсті. Мен елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар да осылайша кеңейе түседі деп үміттенемін, – деді. Соңында Қазақстан Президенті Түрікменстан халқына және Түрікменстан Президентіне, сондай-ақ ойындарға қатысуға келген спортшыларға табыс тіледі.

 

Ермек Сахариев