«Көлсай көлдері» ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

Тұжырымдама саты ауылында қоғам өкілдеріне көрсетілді. Оған сәйкес, ұлттық паркте заманауи 3 визит-орталық, глэмпингтер, кемпингтер этно-ауылдар салып,  караванингке арналған орындар дайындау көзделеді. Бұл ретте туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға басты назар аударылады. Күрделі құрылыс болмайды. Жеңіл конструкциялар қолданылады.

“Көлсай көлдері” ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің Бас директоры Данияр Тұрғанбаев парктегі экотуризмге арналған инфрақұрылым қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін негізгі көлдерден алыс болатынын айтты.

“Қайыңды, Көлсай көлдеріне бірде-бір нысан жақын салынбайды. Ғимараттардың бәрі төмен орналасады.  Шатқалдың ішіне кірмейді. Бұл – табиғаттың сұранысын, қажеттілігін ескеріліп жасалған тұжырымдама. Концепцияның басты мақсаты – экожүйені бұзбау. Адамдар жаяу немесе велосипедпен жүріп, табиғатқа зиян тигізбей демалатын жағдайға келуіміз керек.  Тағы бір мақсатымыз — елді-мекен тұрғындарын жұмыспен қамту. Тек ірі бизнес өкілдері емес, жергілікті халық туризмнің пайдасын көруі тиіс”- деді парк директоры жиында.

Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, экотуризм жобалары биылдан бастап нәтижесін бере бастауы тиіс.

 «Алдын ала есептеулер бойынша туристік маршруттардың саны артады, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болады, қонақ үй қоры кеңейеді және шатырлар мен лагерьлер үшін көбірек орын болады. Бұл ретте табыс жылына 150 млнтеңгеге дейін өседі», — деді — “Көлсай Көлдері” Ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің Бас директоры Данияр Тұрғанбаев.

Айта кетейік, 2019 жылы “Көлсай көлдері” ұлттық паркіне 87 мың турист келіп, 30 млн теңге пайда түскен.

Алдағы уақытта «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамыту бойынша қоғамдық  кеңес құру жоспарлануда.

“Даму концепциясын парктің жанынан құрылатын Қоғамдық кеңеске шығарамыз. Сол кеңес жан-жақты қарап, талқылап болған соң әрі қарай заңға сәйкес әрекет жасаймыз. Үлкен инвестициялық жоба арқылы нысандар пайда болады.  Тұжырымданы ертең бизнес өкілдері инвестициялық жобамен келгенде біздің талаптарды толық түсінсін деп жасап жатырмыз. Байқауға қатысқан кәсіпкер біздің тұжырымдамадағы идея болған жағдайда ғана жұмыс істеуге мүмкіндік алады», — деп ескертті Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев.

Жиынға қатысқан туристік қауымдастықтар, ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері ұлттық паркті аралап, болашақта инфрақұрылым салынатын орындармен танысты.