Классикалық музыка кешіне куә болды

Оралда «Қала күні – 2021» мерекелік іс-шаралары жалғасуда. Жастар мәдениет үйінің ұжымы ұйымдастырған «Орал опера» классикалық музыка кешінде шаһар тұрғындары мен қонақтары отандық және әлемдік классика жанрының туындыларымен сусындады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Орал қаласының төл мерекесіне орай ұйымдастырылған өнер кешіне қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсетті. Аталмыш бөлімнің баспасөз қызметі хабарлағандай, шараның мақсаты – қала тұрғындарына Еуропаның дәстүрі мен мәдениетін таныстыру, сондай-ақ классикалық музыкаға тыңдармандардың қызығушылығын арттыру.

 

 

Музыка кешінде Жайық өңірінде классикалық  музыка жанрын жандандырып жүрген орыс халық аспаптар оркестрінің әншілері Айбар Хайырханов, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері Эльмира Усаева, Алтынбек Оразов, Айдана Ажығалиева,  Аллажар Саттар, Бибігүл Рысқалиева, Айбек Тұрарбеков, Жастар шығармашылығы орталығының әншілері «Grand mans» тобы, Тимур Мусин, Артем Мұқатаев, сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық симфониялық оркестрі, облыстық камералық оркестрі, қалалық үрмелі-аспаптар оркестрі және қалалық скрипкашылар ансамблі өнер көрсетті. Оркестрге Шамғон Қажығалиев атындағы ІІІ республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты Асхат Хасанов дирижерлік етті.

«Орал опера» классикалық музыка кешінде жергілікті өнерпаздар отандық және әлемдік классика жанры бойынша туындыларды орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы