Карантинге байланысты елордалықтар Ата-аналар күнінде зиратқа бара алмайды

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз  ету үшін православ храмдары мен зираттары уақытша жабық, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімдігі төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаладағы православ храмдары мен зираттары уақытша жабық екенін хабарлайды. Зиратқа тек жерлеу рәсімдерін орындау қажет болған жағдайда ғана  кіргізіледі. Бұған дейін Астана шіркеу округінің архимандриті Сергий арнайы WhatsApp нөміріне хабарлама жазып, қайтыс болған адамдарды еске алып, дұға жасауға болатынын айтқан болатын.  Толық мәліметті «Православие в Астане» инстаграм-каналынан алуға болады. Нұр-Сұлтан әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарын қабылданып жатқан шараларға түсіністік танытып, төтенше жағдай мен карантин режимін сақтауға шақырады. Биыл Ата-аналар күні (Радоница) 28 сәуірге келіп тұр.