БҚО-да ауру жұқтырғандар саны көбеюде

Осы аптада Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен коронавиурсқа қарсы облыстық жедел штабтың кезекті отырысында күн санап өрши түскен дертті жұқтыру оқиғалары зерделенді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында алдымен сөз алған облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы М.Арыспаев өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдан хабардар етті. – Облысымызда соңғы 42-ші аптада коронавиус жұқтырудың 47 оқиғасы тіркеліп, айтарлықтай өсім байқалды. Алдыңғы 41-ші аптада 34 жағдай тіркелген еді. Соңғы аптадағы көрсеткіштерге сүйенсек, науқастармен қарым-қатынаста болғандардан індет көптеп анықталуда. Ара қашықтықты сақтамау, көпшілік жиналатын орындарға барудың соңы осындай жағдайға ұрындыруда, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы. Айтуынша, жұқпалы дертке шалдыққандар арасында зейнеткерлердің саны басым. Оған қоса жұқпаны сырттан тасымалдау фактілері жиілеуде. Облыстың бас санитар дәрігері мәлімдегендей, биылғы 6 қазаннан бері шекараны кесіп өткен 679 адамда ПТР-тестілеу нәтижелері туралы анықтама болмаған. Тестілеу кезінде соның 15-інің сараптамасы оң нәтиже көрсеткен. Мұхамғали Қайыржанұлы олардың Ресейден келген жергілікті тұрғындар екенін, дертті сырттан тасымалдаудың мұндай көріністеріне тосқауыл қою керектігін жеткізді. Тағы бір айта кетерлігі, аймақта коронавирус жұқпасына лабораториялық талдау жасайтын 7 зертхана жұмыс жасауда. Ел Үкіметінің қаулысына сәйкес, оларда жұқпаға қарсы тест тапсыру құны 8-9 мың теңгеге төмендеген. «Зертханаларда күніне 1200-1300 тестілеу өткізуге мүмкіндік бар. Болашақта бұл көрсеткішті 4 мыңға дейін жоғарылатуға мүмкіншілігіміз жеткілікті» деді М.Арыспаев.

 

 

Мониторингтік топтардың жұмысы соңғы екі аптада күшейтілгенін мәлімдеген облыс әкімінің орынбасары А.Нұрәлиев нәтиже көңіл көншітпейтінін жасырмады. – Қала бойынша негізгі алты мониторингтік топ учаскелерге бөлініп жұмыс жасауда. Қолға алынған шараларға қарамастан отбасылық мерекені қоғамдық орындарда атап өту тыйылмай тұр. Қонақтар мейрамханаға таксимен келеді, бизнес нысандарының иелері оларды қосалқы есіктерден кіргізіп-шығарады. Есіктерді кілттеп, терезелерді тұмшалап жауып тастайды, – деген Айдар Аллабергенұлы карантин ережелерін тағы бір зерделеуді ұсынды. «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заңға сәйкес, нысан ішінде әкімшілік құқықбұзушылық фактілері орын алғаны белгілі болған жағдайда полиция қызметкерлері кедергісіз кіруге және шара қолдануға құқы бар екенін еске салып, осы заңды басымдыққа алу керек деген ойын айтты. Сонымен бірге түсіндіру жұмыстарын жүйелендіру керектігін мәлімдеді. Себебі, мерейтойлық кештер ұйымдастыратын нысан иелері арасында бірнеше мәрте карантин тәртібін бұзғандар кездескен.

 

 

Карантин тәртібін бұзу фактілеріне тоқталған облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асхат Теміржанов: – Облыстағы қоғамдық тәртіпті сақтауға 130 мониторгтік мобильді топ жұмылдырылды. Күні бүгінге дейін 2813 құқықбұзушылық тіркелсе, оның 279-ы – заңды тұлғалар тарапынан, 2534-і – жеке тұлғалардың қатысуымен орын алды. Ал 462 азамат бетперде режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шектеу шаралары жеңілдетілген 17 тамыз бен 26 қазан аралығында карантин талаптарын бұзу бойынша 218 оқиға анықталды. Оның 71 пайызы – отбасылық салтанаттар өткізумен байланысты, – деді.

Осы ретте өңір басшысы Ғ.Есқалиев ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округі әкімі ұлының тойын мейрамханада атап өткені

туралы жазылғанын еске салды. Ақжайық ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ердос Үмітов аталған ауыл әкімі еңбек демалысында болғандықтан, бұл оқиғадан хабарсыз екенін, ақпараттың анық-қанығын тексеретіндерін айтты. Ғали Нәжімеденұлы облыс әкімдігінің аппарат басшысына осы оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіп, мемлекеттік қызметкерге шара қолдануды міндеттеді.

Жұқпалы дертпен күрес мәселесі әлі де күн тәртібінен түспейтінін жеткізген облыс әкімі Ғ.Есқалиев жиында айтылған ой-пікірлерді құзырлы мекемелермен бірлесе талқылап, бір шешімге келуді тапсырды. Сондай-ақ түнгі сағат 23.00-ден кейінгі себепсіз көлік қозғалысына шектеу қою туралы да ұсыныс білдірді. Ал тәртіпке бағынбай, салтанатты кеш өткізетіндермен жауапты мекемелер мен тұлғалар барынша жұмыстануы тиіс. – Ескертуге құлақ аспаған той иелерінің кешінің шырқын бұзуымызға тура келеді. Оларға қатаң шара қолдануға мәжбүрміз. Күні кеше жаз айларында орын алған жағдайды ұмытпаған шығарсыздар. Бір адамды емдеуге күніне 32500 теңге жұмсалады. Емдеу ұзақтығы кем дегенде 10 күн. Одан әрі үйден медициналық бақылау жүргізіледі. Әрине, біз барлық жағдайға дайынбыз. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, қажетті құрал-жабдықтар алынды, дәрігерлеріміз де тәжірибе жинақтады. Дегенмен, ертеңгі күнді болжау мүмкін емес. Сол себепті барлығы – өз қолымызда, өз жауапкершілігімізде екенін түсінуіміз керек, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Ләззат ҚАЖЫМОВА