ОРЫС КИНОЛАРЫНДАҒЫ БҰРМАЛАУШЫЛЫҚТЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?
Таяуда бір телеарнадан «28 панфиловшылар» фильмі көрсетілді. Қанды қырғын. Немістердің кезекті шабуылын тойтарған панфиловшылар сәл тыныққан тұс. Екі жауынгер сөйлесіп жатыр.
– Олар әлі орыстарды білмейді және олардың әлсіз тұсын ешқашан таба алмайды. Солай ма?
– Көрсетеміз оларға, айтпақшы, мен қазақпын!
– Қазақ не, орыс емес пе? Неге басымды қатырып тұрсың!.. Біз қазір Ресей үшін соғысудамыз.
– Әзілдеп жатырмын…. Киноның (45:31) минутындағы диалог бұл…
Орыс әскері өркөкірек, өр тұлға, қазақ жігіті мойынсұнғыш, көнгіш бір сұлба….
Әлемді тітіреткен фашизмнің зұлымдығы шектен шыққаны рас. Оған соққы беруде орыс халқының бастамашы болғаны да көпке мәлім. Қалай десек те, соғыстың аты — соғыс қой. Оны еске алып отыру — парыз іс. Қанды қырғынға жол бермеу үшін. Жамандықтан жирендіру үшін. Ұрпаққа сабақ болу үшін. Алайда медальдың да екі жағы болатыны секілді, Ұлы Отан соғысының да екі қыры барын естен шығармағанымыз абзал. Тек бір жағын жалтыратып, екінші қырын бүркемелеу әділдікке жатпайды. Иә, жеңген жақ қай кезде де мәртебелі. Үстем. Бүгіндері Ресей тек өзін ғана, өз ұлтын ғана батырлықтың үлгісі қылып көрсетуге әуес. Басқалардың үлесін «ұмытып кетуге» дайын тұрады. Осы жағы көңілге кірбің ұялатады.
Мәскеу үшін кескілескен соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Бауыржанды әлем таниды. Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин туралы әңгіме бөлек. Аты аталмай жатқан қаншама бауырларымыз бар. «Жауынгердің ұлымын, жанын қиған Мәскеуге» деп Мұқағали да бекер жырламаса керек.
Біз сөз етіп отырған Ұлы Жеңіске өзге ұлттарды қайдам, дәл қазақтардай өлшеусіз үлес қосқан ел аз. Ерлер де көп шықты. Батыр қыздарымыз да бар. Бірақ сол батырларымыздың еленуі, бағалануы қалай? Иә, Кеңес дәуірінде түсірілген Баукең жайлы «Ел басына күн туса», «Мәншүк туралы ән», Әлия Молдағұлова туралы түсірілген «Мергендер» фильмі дәтке қуат. Басқа да Кеңестің «кеңдігін», «ұлылығын», «қайсарлығын» көрсететін соғыс жайлы фильмдер жетіп артылады. Бірақ олар сол дәуірдің жүгін толық көтеріп тұр дей аламыз ба?
Биыл Жеңістің 85 жылдығы, жоғарыда біз сөз еткен фильмдер қазақстандық телеарналардан түспей көрсетілуде… Жоғарыдағы фильмдер үшін Кеңес Одағына қарыздар секілдіміз. Әйтпесе күніміз не болар еді.
Ұлы Отан соғысына бүгінгі саясаттың көзімен қарап, Ресейдің мүддесі үшін қасық қаны қалғанша соғысқан қазақ батырлары туралы тағылымды кино түсіруге ресейлік режиссерлерге не кедергі осы?
Бұл – ұлтжанды азаматтардың бәрінің көкейіндегі сауал. Меніңше, оның астарында шовинистік пиғыл жатыр.
Жазығымыз оларға иліп жастық, бүгіліп төсек болғанымыз ба? Әттең…
Жаңалық ашпай-ақ қоялық, бүгінде Ресей киносы біз дәріптеп жүрген Ұлы Отан соғысының «жілігін шағып, майын ішіп» болды.
Бір ғана «Штрафбат» көп сериалы фильмі бізге беймәлім көп жайттың бетін ашты. Құдайшылығын айтайық, кино индустриясы қатты дамыған Ресейде Ұлы Отан соғысы жайлы қамтылмаған дүние жоққа тән. Әттең-ай дегізетіні, киноларында өзбек, қырғыз, тіпті буряттарды жиі көзіңіз шалады. Бірақ қазақ деп айтса ауыздары қисайып қалатындай жақ ашпайды. Бізге келгенде сараң-ақ өздері.
Күні кеше «Диверсант. Конец войны» телесериалын тамашалап отырып, қаным басыма шапшыды. Сюжеті қысқаша былай: шынашақтай ғана орыстың екі командирі, төрт қазақ барлаушысының қаққанда қанын, сыққанда сөлін алады. Дайындықтары керемет екеудің.
Мақсаттары – Украина орманындағы неміске сатылған партизандардың көзін жою. Бейшара кейіптегі қазақ жігіттері ебедейсіз, қолапай кейіпте суреттеледі. Олардың бірінің аты – Мәмбет. Ал керек болса! Екеуі орысша білмейтін ауыл қазағы. Апталдай азаматтар. Бірақ жалтақ, қорқақ. Тіл білмейсің деп, әлгі екеуі оларды келекелеп мазақ етеді. Шыныменен алаш баласы осыншалықты боркемік пе еді?..
Төртіншісіне, «ей, қазақ» деп, сым темірдің астымен өткізіп, сынаған екеудің бірі «қырғызша» мұрнының астымен бірдеңе айтады. Оған қазақ жігіті басын шұлғып құлдық ұрады. Серігінің қырғызша сөйлегеніне елең ете қалған екіншісі «қырғызша қайдан үйреніп жүрсің?» деп сұрайды. Анау болса «Киргизияда болғанмын» деген сарында тіл қатады. Осылайша патшалық Ресейдің отарлау саясатын жүргізген тарихшылардың қазақтарды киргизы деп атағанын есіңе салады. Әйтпесе, әлі күнге тілдерін «құрметтеп» жүрген, көңілдеріне қаяу салмай келе жатқан Қазақстан туралы білмей қалулары қай сасқандары?! Жаным-ау қырғыз қайда, қазақ қайда? Қазақты кемсітудің бұдан асқан қандай түрі болмақ?!
Ең қорлығы мынау: жабайы, дөрекі қазақ барлаушыларын біраз «тәрбиелеп» алған екеу, жау бекінген деревняға аттанады. Мәмбет қазаққа тапсырма беріледі. Ол үш бауырына командир сайланып, әлгі екеуімен деревня маңында жолығуға сөз байласады. Диверсанттардың жүргенінен хабар алған жау қара түнде аңқау қазақтарды оп-оңай қолға түсіріп, қырып салады. Біреуі ауыр жараланып, жау әскерінің көз алдында томардың түбіне тығылып тірі қалады. Кісі сенгісіз оқиға тіпті. Бұл не сонда, қазақтың қолынан соғысу да келмейді дегенді меңзеген түрлері ме?
Әлде арда қазақтың намысын қамшылап қойғылары келді ме екен? Ал ана сүті ауыздарынан кетпеген орыстың екі баласына оқ дарымайды-ау, оқ дарымайды. Бәрін қырып бір-ақ тоқтайды. Манағы жалғыз қазақ неге тірі қалды десек, Кеңес әскерлерін алып келу үшін «өмір сыйлаған» екен ғой оған. Олар келгенше бар мәселені тындырған екеудің түрін көрсең!.. «Ұлы» орыс халқының жеңімпаз солдаттары осылардан үлгі алсын. Осы киноны түсіргендер тым болмаса қазақтың ғана емес, тұтас Кеңес Одағының ұлы партизаны Қасым Қайсенов жайлы түсірілген «Қасымды» көрмегендері қалай? Онда көптеген шындықтың беті ашылар еді.
Біз болсақ, Ұлы Жеңістің 85 жылдығын орыстардан қалыспай тойлауға бармыз. Соғыс ардагерлеріне де құрмет ерекше. Орыс киноларында сүйкімді кейіпкер болып жүретін өзбектер мен якуттар дәл біздей құрмет көрсете ала ма оларға? Бәлкім, «бұға берсең, ұра береді» дегенді дана қазақ біліп айтты ма екен? Ойланайық, ағайын!