ӨЛГЕНГЕ ӨКПЕ АЙТЫЛМАС

— Мама, біздің әкеміз қайда? Неге келмейді? Біздің сыныптағы Еркебай деген сотқар бала айтады: «Маған мама айтты. Сіздерді асырау қиын болғасын, әкелерің тастап кеткен. Ол сіздерді жаман көреді. Керек десең, ол сіздерге ақша да жіберіп тұрмайды. Сондықтан сендер — кедейсіңдер, үйлерің жоқ. Бәрің жабылып, біздің ағайынның бір бөлмелі сарайын жалдап тұрып жатырсыңдар. Міне, солай. Сендер сабақты қанша жақсы оқысаңдар да, ешқайда үлкен оқуға бара алмайсыңдар. Оқуға ақшаларың жоқ» деді. «Сендердікі құр әурешілік» деді. Мама, бізде сонда болашақ жоқ па? —деп жыламсыраған үшінші сынып оқитын егіз қыздары Марал мен Самалға не айтарын білмеген Несібелі алжапқышының етегін мыжғылап тұр. Шынымен де, бір ұл, егіз қызымен бұны күйеуінің тастап кеткені рас. Алимент те алмайтыны рас. «Жұмыссыздықтың» көше сыпыратын жұмысына қосымша бір дүкенде пол жуатыны да рас. Өздерін барынша шектеп, азғантай ақшаны қолдарынан келгенше үнемдеп жүрсе де, сол ақшасы құрғыр жеткізбейді ғой.
Ұлы Әлихан 7-сыныпта оқиды, мінезі бұйығы, тұйық болса да, сабағы жақсы. Тек шыртетпе. Әлде көзін ашқалы қатарластарынан кем-кетіктеу өмір сүретіні мінезіне ауыр тиіп жүр ме, кім білсін?.. Әлихан бала болып велосипед теуіп, самокат мініп немесе демалыс күндері жұрттың бәрі барып жүрген балаларға арналған «ойын қалашықтарына» барып көрген емес. Қолына ұстап жүрген ұялы телефоны да — өте ескі модельде. Сыныптастары әлісін-әлсін «туған күн» немесе басқа да мерекеге орай 500—1000 теңгеден жинап, өздері бас қосып, тәтті сусындар мен «пицца, донер» алып тойлайды. Ондай басқосуларға бұл қосыла алмайды. Несібелі Әлиханның тәртібі үшін осы оқу жылында да мектепке қайта-қайта шақыртылды. Баласының үлгерімі өте жақсы болғанымен, өз қатарымен, жалпы ортамен қарым-қатынасы өте ауыр, әзіл дегенді түсінбейді, екі сөзге келмей, төбелесе кетеді.
Несібеліге ең ауыр тигені: «Туған екенсің, тәрбиеле. Тәрбие бере алмасаң, үкіметке өткіз!» деп шаптыққан әйелдің сөзі болды. Не десін?! «Ыза», «нала», «өкпе» дегенді көз жасымен ішіне жұтты да, үндемеді. Ажырасып кеткеннен кейін, екі қызы қатар ауырғанда, дәрі-дәрмекке ақша сұрап, күйеуіне барған. Ол үйінде жоқ екен, әлем-жәлем боянған жас қатын есік ашып, бұның келген шаруасын естігесін:
—Әйелдік намыс қайда? «Қажетсіз» деп тастап кеткен адамның алдына тіленіп келу, оған балаларды араластыру деген өте ұят! — деп шаптығып, бұған өмір сүруді «үйреткендей» болды. Өзінің біреудің отбасын ойрандап, некелі байын өзіне қаратып алғаны — ұят емес екен де, ауырып жатқан егіз қызға туған әкелерінен ақшалай көмек сұрау — шектен шыққан намыссыздық, ұят іс екен. Ашудан жарылардай болған Несібелі үйіне қалай келгенін де білмейді, бар білетіні — ұлы Әлиханды тас қылып құшақтап, еңкілдеп жылағаны… Көп ұзамай, Алланың қалауымен бе, әлде бір тылсым күш көмектесті ме, ауруханада ессіз күйде, селқос жатқан егіз қыздар көздерін ашып, естерін жиған. Бұл оқиғаға да біраз уақыт болыпты, әкесі кеткенде қырқынан шықпаған қыздар, міне, тоғыз жасқа толып, жақсы мен жаманды айыра бастапты…
Осындай жетпес тірлік кешіп жүргенде, ажырасып кеткен күйеуінің «жаман хабары» шықты. Тау шатқалында жас қатынымен атпен серуен құрып жүргенде, астындағы аты оқыстан атып шыққан түлкіден үркіп ала қашқанда, бұның күйеуі аттан құлапты. Құлағанда, қарақұспен тасқа түскен екен, сол жерде тіл тартпай кетіпті…
Өзінен ажырасқалы, үш баласы бола тұра, «ұл-қызым» деп бір еміренбеген адамды — «өлді» деп естігенде, бұл қандай күй кешерін де білмеді. Жаназасына бармады. Күйеуінің жақын-жуықтары бұны іздемеді де. Оларды тіпті бұлардың бар-жоғы да қызықтырмаған сияқты. Бірақ бір нәрсе көкірегін кернеп, өзін беймаза сезініп, жанын қоярға жер таптырмай, мазасыздана берді…
Бір бейсенбінің таңында ұлы мен қыздарын мектепке жібергесін, мазалаған ойларымен бөліспекке өздерінен екі-үш үй былайырақ тұратын «Жайшылық әже» деген құмалақшы балгерге бармақшы болып шешті. Жайшылық әже үнемі бұларға жаны ашып, шәй, ет, қант, кәмпит беріп жіберетін, құмалақ ашатынға әркімдер әкелетін мата, орамал-жаулықты Несібеліге сақтап: «Егіздерге бірдей көйлек тігіп бер» деп үнемі беріп отыратын.
Бүгін де сол май мерекелеріне «Қыздарыма көйлектік бірдеңе беріп қалар. Кәмпит пен шәй да азайып еді» деген оймен Жайшылық әжейдің табалдырығын аттаған.
Жайшылық әжей бұдан бұрын келіп отырған бір-екі кісіні шығарып салды да, көрші бөлмеде отырған мұны шақырып алды. Есіктен кірер-кірместен:
—Жаның күйіп, шыдамың шырқырады ма?!.Жаның қысылғасын, «Не болды бұл?» деп маған келдің бе?— деп салған жерден таң қалдырды.— Отыр, түсініп отырмын, сезіп отырмын. Ажырасып, көңілің қалып, жүрегіңді қарайтса да, ол — сенің күйеуің еді. Азды-көпті дәм-тұзың араласқан бірінші ақ некең қиылған еркегің, бала-шағаңның әкесі ғой. Сондықтан мазасыздық кіреді көңіліңе, әрине. Сабыр ет. Үйіңдегі малдың майын шыжғырып, жеті наныңды пісір, қалған майды шыбыққа оралған мақтаны батырып, шырақ жаса. Ұл-қыздарың бір бірден жақсын. Беттерін сипасын. Қырық күн шырақ жағып аза тұтпасаң да, соған арнап жеті нан пісірген күні жақ. Ол қиналып жатыр, қабір азабын тартып жатыр. Ол балаларының алдында қарыздар, сол үшін азап тартуда. Басқа амалы болмағасын, сені мазалап жүр ғой. Шырақ жағып отырып: «Кешірдік!» деп үш рет қайталарсыңдар. Солай істе, болмаса балаларыңның өмірі ауыр болмақ. Өлі әруақпен ерегеспе, өкпе-назды ұмытасың. Алла оны аямай жазалап жатыр, сен кешірімді болмасаң, сен де солай болмасыңа кім кепіл?! Бар да, соны істе. Ал қыздарыңа мыналардан көйлек тігерсің, ана пакетте тұрған — сендердің несібелерің. Осымен бар. Ештеңе айтпа. Алла жауап бергенде, ұмытып кетпей, шәйға шақырарсың, —деп есікті нұсқады. Несібелі бір қолымен салмақты мата орамын, екінші қолмен ауыр пакетті әрең көтеріп, есіктен шыға берді.
Үйге келген бойда пакеттегі азық-түлікті жайғастырып, жеті шелпек пісіруге кірісті. «Зират басына немен барады? Құранды кімге оқытады?» Оны ойлаған да жоқ. Бар ықыласы нан пісіріп, құран оқытуға кетіп отыр.
Түскі астың мәзіріне Жайшылық әже берген азық түліктерді қойып, нанын пісіріп, дастарханын бауырсаққа түрлі түсті кәмпитке толтырып
балаларын күтті. Әдеттегідей мектептен шыққасын Әлихан екі қарындасын ертіп келді. Үйдегі өзгеріс пен дастархан толы бауырсақ аш өзек келген балалардың көзін жайнатып жіберді. Киімдерін ауыстырып, қолдарын жуып дастарханға бас қойған балаларын көрген Несібелі іштей ауыр күрсініп, ойға батып бара жатыр еді, ұлының екі қызға қарап
—»Папамызға тие берсін!» деп жең. Ол қайтыс болды, — деген сөзі селк еткізді. Анасының өзіне таңырқай қарағанын көрген Әлихан:
— Еркек адам өліге өкпелемес болар. Өлген адамға кек сақтап, ол туралы жаман әңгіме айту — ерсі қылық. Еркек өзіне жауап бере алмайтын адаммен кектесіп, өштеспейді, Менің де ер бала деген атым бар. Мен әкемді кешірдім. Мен жұрттың балдарындай тәтті жеп, таза киініп жүрмедім деп ешкімге де өкпелемеймін. Мен есейіп жұмыс істеп бастағанда осы үшеуіңді бағам! Ештеңеге мұқтаж болмайсыңдар, — дегенде, Несібелі талып қала жаздады. Он үшін толық толтырмаған ұлынан бұндай естияр әңгіме естимін деп үш ұйықтаса түсіне кіріп пе?!. «Осыларды аш қылмайын, қолымнан келгенше ауыздарына нан салайын» деп жанталасып жүргенде, ұлының ерте есейіп, өмірдің тезіне төселіп, келелі әңгіме айтар жағдайға жеткенін де білмей қалыпты ғой…
Осы сәтте сырттан «Ассалаумағалейкум!» деп орта жастағы бір кісі кіріп келді де:
— Мені осы үйге Жайшылық әже жіберді. «Зиратқа баратын адам бар» деген. Қызымды ұшықтатуға әкеліп едім, алдында адам баршылық екен. Такси екенімді білгесін, «Қызың мен әйелің отыра тұрсын, сен бір кісілерді зиратқа апарып әкел» деген. Ақша ұсынып еді,— алмадым, Жайшылық әжеден ақша алған таксист естігенім жоқ. Ал баратын болсаңыздар, киіне беріңіздер,— деп, жеті наннан ауыз тиіп, білген аятын оқып бет сипады.
Несібелінің қайтқан күйеуінің рулас ағайыны болып шыққан таксист кісі
әлі топырағы кеуіп үлгермеген, «басын қарайтып», тамы салынбаған қабірге тура бастап әкелді. Қабір басында шырақшыға құран оқытып, ұл-қыздарына шым-шым топырақ салдырып, әкелген нандарын түнеуханаға қалдырып, үйлеріне қайтты. Кешкісін үйінен үш шырақ жағып, ұл-қыздарына бет сипатты. Сол күннен бастап Несібелінің бойы жеңілдеп, көңілінен ауыртпалық кеткендей болды.
Күйеуінің қырық күндік садақасына арнайы шақыртып, «Марқұмның садақасы ата анасының үлкен үйінде болады, Міндетті түрде ұлын ала келсін!» деген сәлемдемені естігенде, «Осы уақытқа дейін қайда қалдыңдар?» деген қыжыртпа ой келіп қалса да, шыдап, үндемеді. Өздері жалдап отырған сарайшықтың «пәтер ақысы» екі айдан бері төленбеген. Қожайындардың әңгімесі мен көзқарастары өзгере бастағасын, бұның соған жаны қысылып жүрген.
Айтулы күні ұлын да, қыздарын да ертіп, қырық күндік садақаға барды. «Ойбайлап» зар илеп жоқтамаса да, көзіне жас алып, некелерінің алғашқы жылдарын есіне алып отырды.
Марқұмға берілген садақа тарқағасын, марқұм күйеуінің етжақын туыстары қалды. Олар Несібеліні ортаға алып:
— Келін, саған ешқандай өкпеміз жоқ. Баламыз өзі шешті, өзі қойды.Үйленем деді — үйленді, ажырасам деді — ажырасты. Әрине, мынадай бала-шағаны тастап, басқадан бақыт іздеуі — ақымақшылық. Бірақ амал қанша, болар іс болды. Енді тірі адам тіршілігін істеу керек. Ана жас қатыннан бала да сүймеді, шайтан сияқты келді, шайтан сияқты зым-зия болды…
Мына үлкен әпкесі бауырынан қалған үйді жақсылап жөндеп, аула, қора-жайларын ретке келтірген екен. Сірә да, салынғанына көп болмаған үй ғой, сонда да қазіргі үлгімен жөндеу жұмыстарын да жүргізіпті. Айтайын деп отырғанымыз: сол үй — енді сіздердікі, сенің атыңа өткіздік. Заңға барсақ та, шариғатқа жүгінсек те, ол мұра — мына Әлихандікі. Баламыз көзі тірісінде Әлиханның есебіне депозитке — үш миллион, екі қыздың әрқайсысының атына бір миллионнан ақша салып қойған екен. Ол да — өз несібелерің.
Гаражда өзі мініп жүрген жап-жаңа, міні құрымаған «Камри» мәшинесін де сенің атыңа өткіздік. Мінем десең де, сатып, ақша қылам десең де, билігі — сенде. Ішіндегі көптеген мебельді жаңарттық. Сіздерге ыңғайлы, барынша жайлы жағдай жасаған болдық. Соның бәрін сатып, басқа жаққа кетем десең де, жоқ, сол баламыздың ошағы болып қалам десең де, билік — сенде, қарағым! Біздің көңілімізге мына жалғыз баласы мен екі қызы тірі жүрсе, сол — медет. Ендігі шешім — өзіңде!» деп тоқтасты.
Қапелімде басына сонша байлық төгілгеніне абдырап қалған Несібелі не айтарын да білмеді. Біраз отырды да:
— Мен не дейін? «Әйел ерден кетсе де, елден кетпек емес». Мына үшеуінің бойындағы ағып тұрған қанды балталасам да кетіре алмаймын. Әйелдік мінезбен өкпелегенім, ашуланғаным да рас. Бірақ Құдай алдында да айтарым: Оған өлім тілемедім! «Ат айналып қазығын табар*, түбінде ұлын өзі табар деген дәмем де болғаны рас. Балаларымның бойында оның қаны барын біле тұра, мен сіздерден бөлініп қайда кетейін?! Құдайдың басқа салғаны осы болар. Тек бір өтініш: ендігі садақаларын өз ошағында өткізуге жәрдемдесіп, ұйымдастырып берсеңіздер!— дегенде, айнала отырған әйелдер
жылап жіберсе, ерлер: «Әй, бәрекелде! Өркенің өссін, қарағым!Бала-шағаңның қызығын көргейсің!» десіп қалды.
Несібелінің ойына Жайшылық әженің: «Құдайдан хабар келсе, мені шәйға шақырарсың» дегені түсті…
Қайткенде де, Қазақтың «Өлі жебемей, тірі байымас» дегені ақиқат-ау!
Өліні жамандап, тіріге сыйлы болам деп жүргендер ойлансын. Қазақ қайтқан адам туралы ешқашан жаман айтпайды.
Соңы.
(Әңгімедегі адам аттары өзгертілген, сәйкес келіп жатса, кездесоқтық деп есептелсін)
М. Кенжебаев. Бейнеу.