Оқушылар тиімді жазғы демалыспен қамтылады

Биыл өңірімізде 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінің тәрбиелік, тағылымдық жағынан тиімді болуына айрықша назар аударылды.

Жалпы бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова да атап өткен болатын.

– Келешек ұрпаққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі мемлекет саясатының жалғасы ретінде биыл да мерекеге ерекше көңіл бөлінуде. Іс-шараларды өткізу барысында ойын-сауыққа ғана емес, олардың әлеуметтік тұрғыдан мазмұнды болуына назар аударылды. Осыған байланысты халықаралық балаларды қорғау күнін өткізу «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы аясында өтуде, – деген еді Ақжарқын Темірханқызы.

Атап айтсақ, биылғы 22 мамыр мен 1 маусым аралығында барлық аудан, ауыл және облыс орталығында отбасы, қауіпсіздік, денсаулық, білім беру, бала құқықтарын қорғау сияқты маңызды мәселелерге арналған арнайы тақырыптық күндер ұйымдастырылды. Мысалы, отбасылық қатынастарды нығайтуға, саналы әрі жауапты ата-ана болуды дәріптеуге арналған түрлі форматтағы отбасылық іс-шаралар, балаларды құқықтық мәселелер бойынша ақпараттандыруға арналған акциялар, өскелең ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етуді мақсат тұтқан баспасөз брифингтері, салтанатты шаралар, ашық есік күндері, көрмелер, әдеби мерекелік қойылымдар мен фестивальдар ұйымдастырылды.

Әр күнге арнайы атаулардың берілуі де балалар мерекесінің маңызын арттыра түсті. Айталық, 22 мамыр – «Әкем – тірегім, анам – жүрегім!», 23 мамыр – «Полиция – балалардың қорғаны», 26 мамыр – «Дәрігер – балалардың жанашыры», 27 мамыр – «Балалар үні», 28 мамыр – «Кибер Тұмар», 29 мамыр – «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» деген тақырыптармен айшықталды. Мұндай мақсаты ауқымды, тәрбиелік мәні зор шаралар барлық білім мекемелерінде, кітапханаларда өз деңгейінде өтті. Мектептерде ұйымдастырылған білім беру, спорттық, қайырымдылық бағыттағы 800-ден астам жарыс, турнир, дәріс, интерактивті сабақ, психологпен кездесу, сурет сайысы форматындағы шараларға ата-аналар мен балалар белсенді түрде қатысты.

Мектеп оқушыларының көптен күткен жазғы демалыстары басталды. Демалыс кезеңіндегі балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Осыған орай облыс аумағында облыстық Полиция департаментінің бастамасымен өткен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру акциясында тәртіп сақшылары оқушылар мен ата-аналарға жол қозғалысы ережелері, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, балалардың үйден кетуінің салдары, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер туралы пайдалы мәліметтер қамтылған ақпараттық материалдар таратты. Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне де назар аударылды. Ал балалардың денінің саулығын ойлаған дәрігер мамандар медициналық орталықтарда, емханаларда, стоматологияларда көшпелі тексерулер мен медициналық акциялар өткізіп, тегін кеңес беріп, денсаулық сертификаттарын тапсырды.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен өткен «Ақжайық жас дарыны – 2025» облыстық форумында республикалық және халықаралық білім сайыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олардың жетекшілеріне лайықты құрмет көрсетілді. Салтанатты бөлімде 78 оқушы мен 76 педагогтың жетістігі дәріптеліп, олар Алғыс хаттармен және гүл шоқтарымен марапатталды. Сондай-ақ форум аясында 10 оқушы өздерінің ғылыми жобаларын арнайы көрмеге шығарды. Бұл тағылымды шара жас буынның дарынын ұштап, білім мен ғылым жолындағы талпынысына серпін берген маңызды алаңға айналғаны сөзсіз.

Облыстық білім басқармасы тарапынан балалардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі шешімдер қабылдануда. Соның дәлелі – облыстық білім басқармасы басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңес. Аталған жиынға БҚО адам және бала құқығын қорғау саласының мамандары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, басқарма орынбасарлары, бөлім басшылары мен мамандар  қатысқан.

Барлық аудандар мен Орал қаласында балаларға арналған «Ата-ана бақылауы: құралдар мен кеңестер» ағартушылық акциялары, «Цифрлық мамандықтар қаласы» эстафеталары, цифрлық сауаттылықты арттыру, балалардың онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар, танымдық экскурсиялар, шығармашылық байқаулар өткізілді. Сонымен бірге алғашқы медициналық көмек, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл әрекеттері бойынша шеберлік сыныптары, оқу-жаттығу сабақтары, спорттық ойын-сауық эстафеталары, аумақтық жас құтқарушылар слеттері, музейлерге, өрт сөндіру бөлімдеріне, өрт-техникалық орталықтар мен құтқару станцияларына экскурсиялар ұйымдастырылды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Мүтиғоллақызының айтуынша, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру шаралары да қолға алынуда. Осыған байланысты олардың бос уақыттарын мақсатты түрде ұйымдастырудың әртүрлі бағыты бойынша 1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан 111 мыңы (96%) қамтылатын болады. Жазғы маусымда әртүрлі бағытта 617 лагерь жұмыс жасайды. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың, аз қамтылған отбасынан шыққан ұл-қыздардың 100%-ын, мүмкіндігі шектеулі балалардың 94%-ын, девиантты мінез-құлықты оқушылардың 98,2%-ын жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Облыс бойынша 111 479 оқушы (96,6 %) жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 271 оқушыға квота берілген. «Балалардың қауіпсіз және тиімді жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, бақылауға алынды», – деді А.Темірханова.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы