Не немереңнің атын өзгерт, не былапыт тіліңді тый!

Түс мезгілі. Дастарқан басында ас ішіп отырғанбыз. Осы кезде әлгі апа балконнан немересін өз дағдысымен шақыра бастады. Атаның бөлмесі пәтеріміздің түпкір тұсына орналасқандықтан мына жақтағы дауыс естіле қоймайтын. Бүгін қас қылғандай тура ата ас ішіп жатқанда, қырындау ашық қалған балкон есігінен ана кісінің әр сөзі анық естілді. Бір сөздің салмағы бір сөзге түсіп құлақты түршіктірді:
— Абай! Ау, Абай! Әй, қаңғыбас Абай! Ой, жүгермек Абай! Үйге кір деймін! Ой…
Мен барып балкон есігін жаба қойдым, бірақ одан пайда шамалы. Ата қолындағы қасығын үстел үстіне тарс еткізіп тастай салып, орнынан шұғыл көтерілді де:
— Мына идиоттың жағын қарыстыру керек, — деді тістерін шықырлатып.
Бақытжан әкесінің ұшқындап келе жатқан ашуынан сескеніп:
— Папа, папа, тоқташы, оның қайдан айғайлап жатқанын алдымен біліп алайық та, — деп өзінше басу айтпақ болды. Ата оқты көзімен бізді бір шолып, тамағын шала қалдырып асүйден шығып кетті.
— Мұндай да бәдік адам болады екен-ау! Бірақ папам оның жағын қалай қарыстырмақшы екен? — деді Бәкең.
Оның реті ертесінде оп-оңай келе қалды. Ата Жазушылар одағына бір жұмыспен бармақшы болып такси шақыртты. Әдеттегідей папкасын көтеріп қасына ілестім. Біз сыртқы есіктен шыққанда қалқадағы ұзын орындықта Ақыш әже мен әлгі апа отыр екен. Ата Ақыш әжені көре салып, сәлемдесу үшін бұрыла бергенде мен ақырын ғана:
— Ата, балконнан айғайлайтын кісі отыр, — деп «сатып» жібердім.
Ата таяғын сілтей, ширақ басып барып Ақыш әжемен сәлемдесті де, ана апаға төніп келіп:
— Абай деген баланың әжесі сенсің бе? — деп зілдене зірк етті. Әйел адамға «сен» деп сөйлемейтін әдеті бұл жолы жайына қалды.
— И-и-иә! — деп тұтығып зорға жауап қатты әлгі апа.
— Не немереңнің атын өзгерт, не былапыт тіліңді тый! Өйтпейді екенсің атып тастаймын! — деп салалы қолының сұқ саусағын тура көзіне безеді де, кілт бұрылып: «Жүр!» — деп маған бұйырды. Кетіп бара жатып Ақыш әженің көзінен ризашылықты байқадым, ана әйелдің көгерген жүзін көрдім. Сол күннен кейін бақырауық апаның дымы өшті, пышақ кескендей тыйылды. Мезгілсіз марқұм болғысы келмеді білем, көпке бармай өзі де кетіп тынды.

Зейнеп Ахметова апамыздың “Күретамыр” кітабынан алынды.

Фб парақшадан алынды