Нұр-Сұлтан қаласында ТЖ енгізілуіне байланысты кімдер төлемақы алады?

Бүгін қалалық әкімдікте өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға 1 айлық еңбекақы көлемінде (42 500 теңге) әлеуметтік төлемақы төлеу тәртібі туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

“Әлеуметтік төлемдер шағын және орта бизнес субьектілерінің жұмысшыларына (жұмысшы еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілуіне орай), жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкерлерге тағайындалады. Бұл ретте ТЖ енгізілгенге дейін соңғы 12 айдың кем дегенде 3 айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлемдер аударуы міндетті саналады. Яғни жұмыс берушінің жұмысшыға төлемдер аударғаны есепке алынады”,- деді С.Нұрғожина. Жұмыс беруші өтінімді “Электронды үкіметтің” веб порталындағы “Электронды өтінім” сервисі арқылы бере алады. Оған құжаттардың сканерленген көшірмесі қоса беріліп, ол электронды сандық қолтаңбамен бекітіледі. Құжаттарда төлеуші төтенше жағдай кезіндегі шектеулерге байланысты табысын жоғалтқанын растауы тиіс. “Әлеуметтік төлемақыны тағайындау мен төлеу тәртібіне тоқталайын. Біріншіден, жұмыс беруші еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген жұмысшыларының тізімін жасайды; Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтінім (“Электронды үкімет” порталы арқылы қажетті құжаттарды жүктейді) жолдайды. Екіншіден, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жұмыс берушінің өтінімі тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі қалалық штабтың қарауына жібереді. Үшіншіден, бір жұмыс күні ішінде қорытынды түрінде шешім шығарылады және құжаттар Мемлекеттік корпорацияға жолданады”, – деп түсіндірді Нұрғожина. Оның айтуынша, осыдан кейін мемлекеттік корпорация үш жұмыс күні ішінде әр жұмысшы бойынша электронды іс макетін қалыптастырады және оны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалына жібереді. Өз кезегінде МӘСҚ бір жұмыс күні ішінде әлеуметтік төлемақыны тағайындау немесе бас тарту бойынша шешім шығарады. Бұдан кейін Мемлекеттік корпорация алушыларға әлеуметтік төлемдерді беруді жүзеге асырады. Жұмысшыға Қор филиалының қабылдаған шешімі туралы жұмысшының мобильді телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы хабарлайды. Шешім бекітілген уақыттан бастап бір жұмыс күні ішінде тізімді әзірлейді және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына ескерту жібереді. Ескертуді алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорация төлеушіге қабылданған әлеуметтік төлемақы шешімі туралы хабарлайды. Егер мәселе туындаған жағдайда, қала тұрғындары мен жұмыс берушілер штабқа 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12 байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, кеңес ала алады немесе ақпараттарды басқарманың http://uzsp.astana.kz/, instagram: @upravlenie_zanyatosti, facebook «Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту басқармасы” ресми парақшаларынан ала алады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған