Мүмкіндігі шектеулі адамды оңалту – басты міндет

Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмайды. Белгіленген заң талаптарын басшылыққа ала отырып, әр топтағы мүгедектігіне сай азаматтыр өзіне қажетті қолдауды алып отыр. Олар үшін оңалтудың жеке бағдарламалары жүзеге асырылып, санаторлық -курорттық емделу жүйелі түрде жұмыс жасайды. Еңбекке жарамдылары жұмыспен де қамтылып жатыр.

Алматы инклюзивті қалалық орта қалыптастыру бойынша Қазақстанда көш бастап тұр.
Алматының барлық ауданында мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға арналған әлеуметтік орталықтар жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды және оларға мейлінше ыңғайлы қоғамдық орта қалыптастыру керек екенін айтқан болатын. Алматы – Қазақстандағы инклюзивті орта құру бойынша көшбасшы. Алматыда «Инклюзивті Алматы 2025–2030» тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Мақсат – ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау жүйесін құрып, қала өмірінің барлық саласында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Бұл тұжырымдама ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға бағытталған барлық қала бастамасын біріктіреді. Биыл 32,5 мың инфрақұрылым нысанын төлқұжаттау жоспарланған. Процесті нақты уақыт режимінде бақылауға арналған мобильді платформа жасалды. 2030 жылға дейін 3,1 мың әлеуметтік нысан бейімделеді.
Негізгі басымдық – кедергілерді жою және қозғалысы шектеулі азаматтарға қолжетімді инфрақұрылым жасау.

2025 жылы Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті туризм жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы 2025-2027 жылдарға арналған Қала бюджеті қабылданған Алматы мәслихатының сессиясы барысында хабарлады. Жоба аясында көру қабілеті бұзылған және қабылдаудың басқа да ерекшеліктері бар адамдарға қаланың маңызды туристік нысандары туралы толық түсінік алуға көмектесетін бес тактильді модель орнату жоспарлануда. Тактильді модель келушілерге ғимараттың егжей-тегжейлі пішіні мен элементтерін сезінуге және зерттеуге мүмкіндік береді. Модельдер келесі нысандарда орналастырылады:  Вознесенский соборы-өзінің керемет күмбездерімен және тарихи маңыздылығымен танымал Алматының басты сәулеттік көрікті жерлерінің бірі.  Ұлттық аспаптар мұражайы. Ыхылас-Қазақстанның музыкалық мұрасына арналған мәдени орталық.  ГАТОБ (Мемлекеттік академиялық опера және балет театры) — керемет спектакльдерімен және сәулетімен танымал маңызды өнер орталығы.  Алматы мұражайы-қаланың дамуы мен тарихын көрсететін мәдени-тарихи мұражай. Ғылым Академиясы-зерттеу қызметінде маңызды рөл атқаратын елдің жетекші ғылыми мекемелерінің бірі. Тактильді модельдер әр нысанның ерекше архитектуралық ерекшеліктерін ескере отырып жасалады, осылайша келушілер ғимараттардың пішінін физикалық түрде сезініп қана қоймай, олардың мәдени және тарихи маңыздылығын түсіне алады. Модельдер беріктік пен пайдаланудың қарапайымдылығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ объектілерді толық және шынайы қабылдауға мүмкіндік беретін сапалы материалдар мен технологияларды пайдаланады. Тактильді модельдерді орнату жобасы туристердің барлық санаттары үшін тең жағдай жасауға ықпал ететін және қаланың мәдени және тарихи көрікті жерлерінің қолжетімділігін арттыратын инклюзивті туризмді дамытуға бағытталған.

«Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» аясында барлығы 15 мың нысанды паспорттау жоспарлануда. Инклюзивті қала қағидаттарын енгізу және Алматының сапалы инфрақұрылымын дамыту қалалық әкімдіктің де, барлық аудандық әкімдіктердің де басты міндеті болып табылады. Паспорттау процесін автоматтандыру мақсатында қаланың ситуациялық орталығымен бірлесіп, еңбек шығындарын қысқартуға және объектілерді паспорттау мен бейімдеудің барлық кезеңдерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін деректерді енгізу үшін мобильді нұсқа әзірленді. 1 900 қоғамдық көлік аялдамасы мен 11 метро станциясын паспорттау объектілерінің тізіміне қосу жоспарланған.

Сонымен қатар, биыл мүгедектігі бар 42 959 адамды әлеуметтік қызметтер порталы («Инватакси» қызметінен басқа) арқылы 16,9 млрд.теңгеге оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жоспарланған.   «Инватакси» тасымалдау бойынша қызмет көрсету үшін 100 машина ұсынылған. 422 адам кресло-арбалармен, 552 адам сурдоқұралдармен, 889 адам тифлоқұралдармен, 1 294 адам протездеумен және ортездеумен, 5 097 адам гигиеналық құралдармен, сөйлеу процессорларымен қамтамасыз етілген.

Санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін1 586 алматылық, жестеу тілі маманының қызметін 827 адам, жеке көмекшіні 3 265 адам пайдаланған.

«TenQogam» мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру орталығы» әлеуметтік жобасы одан әрі жалғасуда.

«Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек. Қазір Алматыда 55 мыңдай мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 13 мыңы еркін жүріп-тұра алмайды. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулігі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды. Сондықтан, әкімдік қаладағы әлеуметтік нысандардың бәрін осындай жандардың қажеттілігіне бейімдеуі керек. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын, ауруханалар мен емханаларды, білім беру және спорт мекемелерін осы талапқа сай ыңғайлау қажет», — деді Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында.

Бүгінгі күні мегаполистің барлық ауданында «Ten Qogam» әлеуметтік орталығы ашылды. Орталықтар мүгедектігі бар жандарға тегін құқықтық, қаржылық, психологиялық кеңес беріп, оларға жұмыс тауып берумен айналысады.Тиімді жұмыс істеу үшін орталықтар қоғамдық ұйымдармен шарт жасасады. Олардың қатарында Altyn time мүгедектер қоғамы ҚБ, «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» ҚБ, Inclusion.kz мүгедектігі бар адамдардың заңды құқығы мен мүддесін қорғау үшін «Кедергісіз KZ» мүгедектігі бар адамдар қоғамы ҚБ бар.

Бұдан бөлек, Алматыда инватакси қызметі бойынша ілкі жоба іске қосылды. Жоба осы жылдың қыркүйегіне дейін пилоттық режимде жұмыс істейді.  Жоба аясында оң нәтижелері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді. Қызметті жеткізушілер үшін «Яндекс. Такси» платформасында есептік жазбалар жасалды және мүгедектігі бар адамдарды пилоттық жобаға қосу мүмкіндігі берілді. Осы пилоттық жобаға қосылған мүгедектігі бар адамдар «Яндекс. Такси» қосымшасы арқылы қызметтерге тапсырыс беруді ыңғайлы уақытта «Яндекс Go» қосымшасында арнайы әзірленген «INVA» тарифі арқылы дербес жүзеге асыра алады. Бұл пилоттық жобада жол жүрісіне шектеу бар. Мүгедектігі бар бір адам үшін күніне 2 сапардан аспайтын лимит белгіленген. «Яндекс. Такси» агрегаторы арқылы инватакси қызметтерін алу үшін мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметтерін қолданыстағы жеткізушілер арқылы авторизациялауы қажет. ҚБ «Inclusion.kz» — кресло-арбамен қозғалатын мүгедек адамдар үшін , «ЦРУ Инватакси» ЖШС — кресло-арбамен қозғалатын балалар үшін, «social Project Organization Group» ҚБ – аутизмі бар балалар үшін, «зор ҚБ Денсаулық» — балалар мен ересектерге арналған көру қабілеті бұзылған балаларға арналған. Жыл сайын бұл қызметке қажеттілік артып келеді. Мүгедектігі бар адамдарға өздерінің оңалту бағдарламаларына сәйкес протездік-ортопедиялық көмек көрсетіледі. Сурдотифлотехникалық құралдармен, креслолармен, кресло-арбалармен, санаторлық –курорттық емдеулермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар гигиеналық құралдар, жеке көмекшілер, ымдау тілі мамандарымен қамтамасыз етіліп отырады. Бұл әрбір мүгедектігі бар адамның өзіне арналған оңалту бағдарламасына сәйкес іске асырылады. Мүгедектігі бар адамдар немесе олардың заңды өкілдері басқарма басшысы атап өткен көмектерді алуға тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет», аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы тіптен ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы өтініш бере алады. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау ҚР Конституциясы, «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңы бойынша реттеледі. Қазақстанда заң негізінде мүмкіндігі шектеулі жандар қайта қалыпқа келтіру, қоғамда орын табуға құқылы. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың қоғам өміріне, еңбекке белсенді араласуын қамтамасыз ету маңызды мәселе.

 

Г.Тұрсынқожа