Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын, оның ішінде жер учаскесімен және тұрғын үймен қамтамасыз етуге жүргізілген мониторинг және талдау нәтижесі назарға алынсын
Мұндай ұсыным Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің өткен аптадағы кезекті отырысында берілді.
Кеңес отырысында Атырау облысы прокуратурасынан келіп түскен облыстық жергілікті атқарушы органдармен жер учаскелерін беру, оны бөлу және пайдалану мақсатын өзгерту бағытындағы заң талаптарын бұзушылықтары бойынша ұсынысының негізінде қозғалған тәртіптік істер және Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының және әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына жүргізілген талдау нәтижелері, Мемлекеттік қызметшілердің тұрғын үймен (оның ішінде қызметтік тұрғын үй) және жер учаскелерімен қамтамасыз ету мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижелері қаралды.
Жер учаскесімен қамтамасыз ету бойынша Мониторинг 2000 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңді қамтыған сауалнама жасау және оны барлық мемлекеттік органдарға – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдарға жіберу арқылы жүргізілді. Нәтижесінде сұралған мемлекеттік қызметшінің 544-і жер телімін қажет деп көрсетті. 544 мемлекеттік қызметшінің 511-і тиісті кезекке тұрып, оның 196-ы жер учаскесін иеленген. Осылайша, қызметкерлердің (жер телімін алған) 32% жер учаскесін алуды шамамен 1 жыл, сәйкесінше 17% — 2 жыл, 9% — 4 жыл, 8% — 5 және 8 жыл, 6% — 3 және 6 жыл, 5% — 9 жыл, 3,6% — 7 жыл, 3% — 15 жыл, 1% — 10 жыл және 0,7% — 13 және 16 жыл күткендігі анықталды – деді өз сөзінде Департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі Мәлік Кариев.
Бұл ретте, мониторинг барысында Махамбет ауданы бойынша Мемлекеттік қызметші екі кезекте тұрып, екі жер учаскесіне де иелік ету құқығын алғаны туралы екі факті анықталса, мемлекеттiк қызметші екi кезекте тұрғанына қарамастан жер учаскесін алмауы фактілері де кездесіп отыр.
Сондай-ақ, Құрманғазы ауданында жер учаскесін алған мемлекеттік қызметшілер кезекте 10-11 ай ғана тұрғаны белгілі болды.
Осы тектес фактілер Махамбет, Жылыой аудандарында, Атырау облысы бойынша мемлекеттік Кірістер департаментінде және Статистика департаментінде де анықталған.
Аталған фактілер бойынша Әдеп жөніндегі Кеңес Төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов өз сөзінде: «Азаматтарға жер учаскелерін кезекпен беру заң талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс» — деді.
Отырыстың соңында Әдеп жөніндегі кеңес құрамымен барлық қатысушы мемлекетттік орган басшыларына тиісті ұсынымдар берілді.
Өз тілшіміз