ҚЫЗ ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

⚜ Қыз әулие кесенесі – Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылыныан батысқа қарай 500 метр жерде, Аса – Жұма тас жолының бойында орналасқан. Аңызы «Қасиетті Қазақстан» 3-том, Нұср-Сұлтан» кітабынан алынды.
⚜ Ертеде осы өңірде жеті ағайынды бауырлар өмір сүріпті. Олардың ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу жалғыз қарындастары болыпты. Бір жолы ауылға сырттан жау шабады. Қиян-кескі ұрыс болып, сол шайқаста ағайынды жеті жігіт бірдей мерт болыпты. Қыздың көріпкелдік те қасиеті болса керек. Осы ұрыстан ағаларының шейіт болғанын көрген қыз, ауылдан қашып, айдаладағы жыңғылдар арасына келіп тығылады. Жау жағы болса, жеті жігіттің сұлу қарындастары бар екенін біліп:
— Сол қызды табыңдар. Мен ол қызды өзіммен бірге алып кетемін. Ондай сұлу менің күңім болуы тиіс, — жау патшасы нөкерлеріне тапсырма береді. Содан жау әскері қызды іздей жөнеледі. Қаншама жерді шарлап жүріп, ақыры айдалада тығылып жүрген қызды тауып алады. Жаудың қолына түскенше өлгенім артық деп намысын бермеген қыз, қолын жая Тәңіріне қарап:
— Иә, Тәңірім! Мені мына жауға бергенше тасқа айналдыршы, — деп жалынған екен. Тілегі қабыл болып, сол сәтте тасқа айналып кетіпті. Осыдан кейін ел осы жерді «Қыз әулие» атап жіберіпті. Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша, осы ауылдың тұрғыны болған бір әйелдің түсіне аян беріліп, «Қыз әулиенің» басына кесене салыныпты.