ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің оркестрі Тараз жұртын Отан қорғаушылар күнімен қуантты
Бүгін, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, Тараз қаласында ерекше рухты, салтанатты шара өтті. Қаланың қақ ортасында орналасқан “MART” сауда және ойын-сауық орталығында 5513 әскери бөлімінің әскери оркестрі қала тұрғындарына арнап әсерлі де мазмұнды концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты – ержүрек жауынгерлеріміздің еңбегін дәріптеп, патриоттық рухты арттыру, сонымен қатар Тараз жұртына мерекелік көңіл-күй сыйлау болды. Концерт барысында әскери оркестр классикалық және заманауи музыкалық туындыларды жоғары деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
5513 әскери бөлімінің әскери дирижері, кіші сержант Қажиев Нұржан Сәрсенғалиұлы бұл шараның маңыздылығына тоқталып өтті:
– Бүгінгі күн – еліміз үшін аса қастерлі мейрам. Бұл – Отан үшін аянбай қызмет етіп жүрген әрбір азаматтың ерлігі мен батылдығын еске алатын күн. Біз, әскери оркестр мүшелері, халықпен бірге болуды, оларға қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды өзіміздің борышымыз деп білеміз. Мұндай іс-шаралар халық пен әскер арасындағы байланысқа дәнекер болады, – деді дирижер.
Мерекелік концертке келген қала тұрғындары өз ризашылықтарын білдіріп, әскерилерге алғыстарын жаудырды. Әсіресе балалар мен қарттар жағы әуезді әуендерге тәнті болып, ерекше әсермен тарасты. Кейбір тұрғындар үшін бұл концерт – жауынгерлік рухты сезінудің, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырудың бір сәті болды.
Тараз қаласының тұрғыны Айжан Аманбекқызы өз пікірін білдірді:
– Әскери оркестрдің өнерін бұрын тек теледидардан көретін едік. Бүгін осындай ашық алаңда өз көзімізбен көріп, құлағымызбен тыңдау – біз үшін үлкен сый. Бұл – нағыз патриотизм! – деді ол.
Концерт соңында оркестр орындаған “Елдің қорғаны” әні жұртшылықты бірлік пен отансүйгіштік рухына бөледі. Көпшілік әскерилермен естелік суретке түсіп, ерекше көңіл-күймен тарады.
Айта кету керек, мұндай шаралар әскери бөлімдер мен азаматтық қоғам арасындағы тығыз байланысты нығайтып, жастар арасында патриоттық тәрбиені дамытуда үлкен рөл атқарады. 5513 әскери бөлімінің жеке құрамының бұл бастамасы – соның жарқын көрінісі.
Отан қорғаушылар күнімен, қымбатты жерлестер! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болғай!