КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен салалық департамент басшылары қатысты.
Күн тәртібінде тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді шешу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасы және 2025–2026 жылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстары қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Мырзабайұлы баяндама жасап, жалға берілетін және субсидиямен бөлінген пәтерлерге қатысты жыл басынан бері жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесі мен жылу маусымында проблемалық жағдай жиі болатын тұрғын үйлердің жай-күйін баяндады.
Осыған дейін, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 1 және 2 мөлтек аудандарда жылыту құбырларының ескіруіне және жарамсыздығына байланысты арнайы жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ретке келтіруді тапсырған болатын.
Ал Жаңа қала шағын ауданындағы көпқабатты 16 тұрғын үйдің жертөлелеріне күрделі жөндеу, 25 подъезге ағымдағы жөндеу, 8 шатырға реконструкция, 5 лифтіні ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Мұрәтіліұлы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасы, инженерлік жүйелердің ақаулары, және тұрғындардан жиі түсетін шағымдар туралы баяндамасында мәлімдеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласында мемлекет және жеке инвестиция есебінен 37 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс сапасына байланысты нақты ескертулер жасап, әрбір үй бойынша техникалық сараптама жүргізуді, анықталған кемшіліктерді 1 апта ішінде жоюды тапсырды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «Жылу» МКК басшысы Ерғазы Абдурахманұлы 2025-2026 жылғы жылу маусымына дайындық барысын баяндады. Қалада жалпы 27 қазандық пен 147 шақырымдық жылу жүйесі бар. Дегенмен, тұрғындар мен заңды тұлғалар тарапынан мекемеге 86 млн теңге берешек бар. Оның ішінде 77 млн – заңды тұлғалардан, 9 млн – жеке тұлғалардан. Қала басшысы жылу жүйелерінің қауіпті учаскелерін карта түрінде жасап, жаңғырту жоспарын ұсынуды, сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету алгоритмін әзірлеуді, генераторлармен қамтамасыз етуді және апаттық бригадалардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды.
Жиын соңында қала әкімі барлық сала басшыларына берілген тапсырмалардың заң аясында және белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауды жүктеді.
Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі