«Кербұғы» Оралхан оқулары қанат қақты

Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің ХVІІІ облыстық байқауы  Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен қанат қақты.  Облыстық Бикен Римова атындағы театрда өткен бұл шараны   аталмыш басқарманың басшысы ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ахмет Кендірбекұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыс аумағында кезең-кезеңмен өткен байқауға әр ауданнан келген 18 өнерпаз қатысып, бақ сынасты. Бұл байқауда  қазақтың арқалы ақындарының өлеңдері сахна төрінен  жаңғырып, сырлы шумақтары  тыңдармандардың жан дүниесін тербетті.

Байқаудың әділқазылар  алқасының төрайымы Бикен Римова атындағы театрдың директоры  Ғалия Темірбаева:

— Республикалық байқауда облыстың намысын қорғайтын ерен  жүйрікті анықтау бізге оңай болмады. Көркемсөз оқудың өзіндік қыр-сыры жетерлік.  Бүгінгі  байқауға қатысушылар ерекше дайындықпен келгендерін көрсетті, — деді.

Сонымен, көркемсөз байқауының жеңімпаздары анықталып, арнайы марапаттарға ие болды. Жүлделі үшінші орынды Кербұлақ ауданынан қатысқан Жоламан орта мектебінің мұғалімі Назгүл Ақбасова, Қапшағай қаласынан Мөлдір Жаңбырбай, Текелі қаласынан Медет Түтеев  иеленді.  Жүлделі екінші орын  Талдықорған қаласынан қатысқан Әділет Серіков пен Қарасай ауданындағы Қаскелең мәдениет  колледжінің  студенті Қырмызы Мұқтарбаеваның қанжығасына байланды.  Жүлделі бірінші орынды  Талдықорған қаласындағы Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің мұғалімі  Айкерім Жадрашова жеңіп алды.  Ал бас жүлдені Райымбек ауданындағы Қарасаз өнер мектебінің мұғалімі Қадыржан Сабырақын  иеленіп, республикалық «Оралхан оқуларына» жолдама алды. Жүлде иелеріне дипломдар тапсырылып, алқызыл гүлдер  ұсынылды.  Көркемсөз байқауына қатысқан барлық өнерпаздар арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

Өзі өмірден көшсе де, сөзі өшпеген,  «Кербұғы» атанған  Оралхан  Бөкейдің  шығармасы осылайша Жетісудың төрінде  қарлығаштай қанат қақты.

Нұрила Бектемірова