Қазақ әдебиеті әлемдік көшке ілеспей, Қазақ Тілі де Мемлекеттік Мәртебе ала алмайды!

Бигелді мырзаның «Кеңестік дәуірдегі қазақ жазушыларының кінәсі» атты көлемді пікірін аса зер сала оқыдым, ойландым. Қазақ жазушыларының кеңестік дәуірдегі бір үлкен кінәсі, сүйегімізге таңба болған жай, біразы жабыла жүріп Ілияс Есенберлинге сол кездегі Лениндік сыйлықты бергізбеуі еді! Неге екенін қайдам, осы бір ойдың сана түпкірінен ойнап шыға келгені болды!
Аса зерделі және ойшыл қаламгер Бигелді Ғабдуллинның пікірінде өткенге топырақ шашу емес, өткеннің опық жегізіп кеткен жадағай жайларын қайра бір санада сілкіндіре отырып, сол өткендердің кінәсінен сабақ алу үшін маңызы зор.
Ұлт әдебиеті мен мәдениетіне деген үлкен алаңдаушылығын білдірген Серік Аңсұңқарұлы өзінің жауап хатында қазақ қоғамында қалыптасып отырған қазіргі жағдайдың тамырын дөп баса отырып сөйлейді. Алаңдаушылығы да, жан айқайы да әбден орынды!
Ақынның терең ойлары мен пікірлерін оқи отырып, «айтса ақын Ақсұңқарұлы айтсын!» деген шынайы көңілмен сүйсініп те отырдық!
«Абайдың өзі дүниеге әрең әкелген Оқырман – қазақ енді қайтадан Тыңдарман – қазаққа айналғалы жатыр! Бұл не сұмдық?!. Тыңдарман қазақтың дәурені өтіп кеткелі қашан?! Бізге бүгін Оқырман-Қазақ керек болып тұр!»,-деген Серік Ақсұңқарұлының осы айтқанына неге сүйсінбессіз?! Болмаса «Қазақ Тілі, ең әуелі,–Қазақ Әдебиеті деген сөз! Қазақ әдебиеті әлемдік көшке ілеспей, Қазақ Тілі де Мемлекеттік Мәртебе ала алмайды!»,-деген ақын пайымы да әбден орынды!
Қолымызға қалам алып, Серік Ақсұңқарұлының жан айқайын ой елегінен өткізе отырып, кезінде классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» дегені есімізге оралғаны бар!
Адамзат өркениетінің бүгінгі қарқынды дамуы жағдайында, дүние атаулыны цифрландырып, жасанды интеллектіні ақыл-санамызға қосып отырған шағымызда «Әуелі әдебиет ұлы болуы керек пе, жоқ әлде әуелі Ұлт ұлы болуы керек пе?» деген сауалдың алдымызды тоса беретіні бар.
Ақиқаттың бетіне тура қарап сөйлесек, бүгін қазақ қоғамы кітап оқымайтын қоғамға айналып болды. Кітапты айтасыз, күндегі мерзімді баспасөз-газет-журналдардың бетін ашпайтын орта қалыптасты. «Кітабың, газетің мен журналыңның не керегі бар, бәрі де мында тұрған жоқ па?» деп қолдарындағы қалта телефондарын көрсететін болды.
Ақын аға, ««Әуелі әдебиет ұлы болуы керек пе, жоқ әлде әуелі Ұлт ұлы болуы керек пе?» деген алды тоса беретін сұрақты төрелететін болсақ, біздің қазақ қоғамының алдында Ұлтты да, Әдебиетті де Ұлы ету жұмыстары қатар жүргізілуі керек деп ойлаймын!
Не десек те, Ұлт ұлы болмай әдебиет ұлы болмас, Әдебиет Ұлы болмай Ұлт ұлы болмас!
Егер де осы ақиқатты түсіне білсек, Әдебиетті тек қаламгерлердің жеке ісі, Жазушылар Одағының құзыретіндегі мәселе деп қарамау керек. Бұл-Мемлекеттік мүддеге айналғаны жөн. Сондықтан да, Серік Ақсұңқарылының айтқандарын Қауіпсіздік кеңесінің талқысына да салса болар етті. Ақын да тұтас бір ұлттың, тұтас бір қоғамның рухани қауіпсіздігін айтып отыр емес пе?!
«Кітап оқымайтын ұлт тобырға айналып барады! «Адамды адамға айналдырған–кітап, адамзатқа айналдырған–кітапхана»–деген Әулие Әбіштің бір ауыз сөзін күллі министліктер мен әкімдіктің алдына, кеңселеріне іліп қою керек бізге!»,-деген Серік Ақсұңқарұлының осы айтқанынан туындайтын ой, алдағы уақытта Президент Әкімшілігінің жанынан «Әдебиет» секторын құратын кез келіп тұр ма деп ойлаймын!
Қазіргі уақытта біз ашық қоғамда өмір сүріп, қоғамдық қарым-қатынастың жаңа қалыбын қалыптастырып, соның ішінде Ұлттық бірегейлікті ел бірлігі мен ынтымағын сақтаудың және барлық қазақстандықтарды ортақ бір мүдде – Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтудың және Адал да Әділ Қазақстан құрудың басты да аса маңызды құралының бірі деп қарастырып отырған елміз.
Қазіргі қоғамда кей-кейде болса да «бізде ұлттық идеология жоқ, бізге ұлттық идеология керек, ұлттың мүддесі айтылмай келеді» деген пікірлердің естіліп қалатындығын да жасырмаймыз.
Бұл білместіктен айтылып жүрген сөз ғой деп ойлаймын. Біз қазір Маркстің «Капиталын» қолға да алмаймыз, «марксизм-ленинизм» идеясынан бас тартқанымыз анық! Сонда біздің Ұлттық идеологиямызды кім қалыптастырады? Сол Ұлттық идеолегиямызға негізделген Ұлттық мүддемізді қалай тиянақтаймыз, қалай орнықтырамыз?
Міне, мен осы мәселеде көп ойланып, біздің Ұлттық идеологиямыз бен Ұлттық мүддемізді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында, Ұлттық Құрылтайларда және түрлі кездесулер мен жиындарда сөйлеген сөздерінде айтып, қалыптастырып беріп жатыр екен! Тек зейін қойып оқи білейік, көңілге түйе білейік!
Ал, енді осы «ұлттық идеология мен ұлттық мүдде қандай болуы керек?» деген ой төңірегінде пікір сұрай бастасаңыз-ақ, көбінің айтары «бізге «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек» дегеннен аса алмай да жатады.
Әрине, бұл пікірді де құрметтейміз, алайда, бүгінгі қазақстандық қоғамның бар идеологиясы, ұлттық мүдденің де бәрі келіп, осы бір ғана «мемлекеттік тіл» туралы бөлек бір дербес заңға келіп тіреліп тұрмаған да болар?!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігі-президентікке келгелі аса күрделі жағдайда еліміздің Ұлттық идеологиясын қалыптастыра алды.
Ұлттық идеология Ұлттық мүддеден тұрады деп нық сеніммен айта алар едік!
Кәне, тағы да бір ой елегінен өткізіп, зердеге салайықшы, Қасым- Жомарт Тоқаевтың ұсынып отырған Адал да Әділ Қазақстан құру, жұртымызды жаңаша өмір сүруге бейімдеу, халқымыздың сана-сезімін, құндылықтарын түбегейлі жаңарту, ұлттың жаңа болмысы мен жаңа сапасын қалыптастыру арқылы барша елімізді жаңарту қағидалары Ұлттық мүдде мен Ұлттық идеология емес пе?!
Бұған қоса, Мемлекет басшысы ұдайы айтып келе жатқан «отаншылдық», «адамгершілік», «білімпаздық», «нағыз маман болу», «үнемшілдік», «еңбекқорлық», «таза Қазақстан», «ел мен жерге жанашырлық» сияқты асыл қасиеттерден тұратын «жаңа қоғамдық этика қалыптастыру» және де «елдің бірлігі», «тұрақтылығы», «азаматтардың өзара тілектестігі», «әділдік, заң мен тәртіп», «сенім және жауапкершілік», «ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеу» сияқты құндылықтар тұтас қазақстандық қоғамның Ұлттық идеологиясы мен Ұлт мүддесінің алтын арқауы деуге әбден жарап тұрғаны тағы да анық.
Атырау құрылтайында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев «көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу», «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық», «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» құндылықтарын да жалпықазақстандық Ұлттық идеология мен Ұлттық мүдде ретінде білім мен тәрбие беру шараларымен тығыз үйлестіре жүргізуге ерекше мән мен маңыз беру қажеттігін де айтқан болатын.
Ұлттық идеологиямыз бар, Ұлттық бағыт-бағдарымыз да анық! Енді тек сол Ұлттық идеологияға арқау боларлық Ұлттық мүддені барша қазақстандықтардың жүректеріне жеткізу қалды. Бұл енді бүгінгі Әдебиеттің парызы!
Ақын аға, жасай беріңіз!
Жабал Ергалиев ФБ парақшасынан алынды