ҚАРЖЫ СЕКТОРЫНЫҢ ЭКОНОМИКАҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ЗОР

Қаржы секторын дамыту – мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Үлкен істер атқарылып жатқаны да шындық. Мемлекеттік тілдің де жандануына қаржы секторының ықпалы күшейіп тұр.

Белгілі PR маманы, журналист, публицист, қазақша коммуникация бойынша ОБСЕ ұлттық кеңесшісі, «PR-шы» клубының экс вице-президенті Айбар Олжаев былтыр бұл туралы өз ФБ парақшасында жазды.

«Ол енді королева. Қазақ тілі қаржы секторына толық енді.

Өткен аптада Қазақстанның қаржы секторына: барлық банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандырушы индустрия, қаржылық мекемелерге қазақ тілінің тағдырын өзгерткен хат келіп түсті.

Мемлекет тарапынан осы қаржылық секторды қадағалап отырған реттеуші екі алпауыт (ҰБ, ҚНРДА) енді барлық мекемелердің сыртқы және ішкі құжат айналымы қазақ тілінде жүрсін деген қатаң талап қойды. Кез келген хат, сыртқа немесе компанияның өз ішіндегі қызметтік жазбалар, бәрін қазақша жазасың. Орысша келген хатқа орысша жауап нұсқасын бересің, бірақ оның жауабы алдымен қазақша болуы тиіс.

Мемлекет тек талаппен шектелген жоқ. Жоғарғы білім министрлігінің осы корреспонденцияны қазақша қалай рәсімдеу керек, яғни қазақ тіліндегі түрлі хат формаларының шаблоны жасалған үлкен нұсқаулығын тіркеп берді. Терминдердің қазақша ресми аудармасы, хат үлгілері бәрі бар. Жоғарғы білім министрлігі тамаша, үлкен жұмыс атқарыпты.

Отандық  қаржы ұйымдары құжат айналымын электронды түрде «Документолог», «Лотус», «Ландок» сынды ақпараттық жүйелерде жүргізеді. Ол жүйелерде комплаенс-қадағалаушы онлайн режимде қай хаттың қай тілде жіберілгенін қадағалап отыра алады. Ал кеңсе егер хат талапқа сай рәсімделмесе, оны тіркемейді. Яғни, нөмір берілмейді. Осылайша Қазақстанның қаржы секторы бір күн ішінде, осы аптадан бастап түгел құжат айналымын қазақ тіліне ауыстырып үлгерді.

Отандық қаржы секторында қазір шамамен 80 мың адам жұмыс істейді. Және олар қоғамның ең прогрессивті, жоғары білімді, әр нәрсені цифрмен, алгоритммен шешетін бөлігі. Олардың қазақ тіліне толық көшуі мемлекеттік тілді дамытудағы маңызды фактор бола алады. Тілді қызыл сөз бен жалаң ұран емес, осындай техникалық шаралар ғана күшейтетіні нақты байқала бастады.

Жалпы, соңғы бес жыл бедерінде сектордағы барлық бағыттың жағдайы түзелген. Банк секторында 7 трлн теңгеге жуық проблемалық кредиттердің есептен шығарылуына қарамастан, кредиттік портфель 46%-ға өсіп, 18,5 трлн теңгеге жетті, бұл ІЖӨ-нің 22,5%-ын құрайды. Ал сақтандыру ұйымдарының активтері 5 жылда екі есеге, 1,8 трлн теңгеге дейін өсті, ІЖӨ-нің 2,3%-ына жетті, бұл сақтандыру сыйлықақылары көлемінің өсуімен байланысты. Қор нарығында капиталдандыру 5 жыл ішінде 70%-ға ұлғайып, ІЖӨ-ге қатысты 44,2 трлн теңгені немесе 53,8%-ды құрады. Капиталдандыру құрылымында 65% акцияларға, 35% облигацияларға тиесілі. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруда микроқаржы секторы маңызды рөл атқаруда. Барлық кредиттік ұйымдарды реттеу аясына қосуға байланысты 2019 жылдан бері микрокредиттер көлемі 4,5 еседен аса өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті.

2022 жылғы 12 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мұны отандық қаржы секторын дамытудағы маңызды белес деп бағалауға болады. Заң аясында қаржы нарығын реттеуде, тұтынушылар құқығын қорғауда және инфрақұрылымдық дамытуды қолға алуда жаңа тәсілдер қарастырылады. Жалпы, заңда негізгі үш блок бар. Біріншісі – сақтандыру секторын кешенді дамыту. Екіншісі – отандық қор нарығының жұмысын одан әрі жақсарту. Үшіншісі – банк қызметін жетілдіре түсу.

Осы ретте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов мырзаның пікірін ұсына кеткенді жөн көрдік.

«Қазақстанның қаржы секторы, кез келген басқа елдегідей, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде және орнықты өсуді ынталандыруда стратегиялық рөл атқарады. Атап айтқанда, оның жұмысы экономикалық белсенділіктің динамикасына тікелей әсер ететін қаржы ресурстарын тиімді қайта бөлуге бағытталған. Жалпы, сараптамалық бағалауларға сәйкес, қаржы секторының орта есеппен 1%-ға өсуі ЖІӨ динамикасына 0,5 т. дейін қосуы мүмкін.

Егер Қазақстан туралы айтатын болсақ, соңғы жылдары қаржы секторының экономикаға қосқан үлесі 2019 жылғы 2,2 трлн теңгеден 2023 жылғы 3,9 трлн теңгеге дейін айтарлықтай өсті. Бұл саланың экономикадағы маңыздылығын көрсетеді. Сонымен бірге, Қазақстанның қаржы саласы банк секторының айналасында шоғырланған күйінде қалып отыр.

Бұл ретте, Қазақстанның банк секторының өзі елеулі құрылымдық өзгерістерге ұшырауда: 10 жыл ішінде банктер саны 38-ден 21-ге дейін қысқарды. Банк қызметтері нарығындағы бұл процесс шектеулі банктер нарықтың едәуір бөлігін бақылайтын кезде бәсекелестік деңгейінің төмендеуімен бірге жүреді. Бүгінгі таңда бес ірі банктің үлесі екінші деңгейлі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) жиынтық активтерінің 67%-ын құрайды.

Әділдік үшін саладағы оң үрдістерді де атап өту керек. Осылайша, банк секторын тұрақты бағалау нәтижелері (AQR – Asset Quality Review) елдің жетекші 11 банкі бойынша капиталдың жеткіліктілік деңгейі нормативтік белгіленген ең төменгі деңгейден едәуір асып түсетінін көрсетеді. Бұл бағалау Қазақстанның банк нарығының тұрақтылығының жоғары дәрежесін көрсетеді.

Сонымен қатар, ЕДБ секторы соңғы жылдары макроэкономикалық тәуекелдерге жоғары тұрақтылықты көрсетті, оған қоса активтер сапасының көрсеткіштері мен банк секторының қаржылық нәтижелері болжамды деңгейден едәуір жоғары болды. Бұл халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауымен расталады» дейді.

 

Бетті дайындаған – 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК