Ивент – туризм өңір имиджін нығайтады
Ивент-туризм немесе оқиғалы туризм – белгілі бір оқиғаға бағдарланған саяхат бағдары. Мәдениет, спорт, бизнес саласындағы халықаралық іс-шаралар, мазмұнды басқосулар мен тренингтер, дүбірлі додалар мен сындарлы сайыстар, фестивальдер мен сауық-сайран ивент-туризмге жатады. Ивент-туризмнің игілігімен ел қазынасын еселеген елдер мен ірі агломераттар қаншама. Олардың көш басында Дубай, Париж сынды топ-шаһарлар тұр.
Әлемдік мәдени кеңістікте ұлттың бекзат болмысын бедерлейтін рухани тұғыр – тарихи таным, бағзы бабалар, абыз даналардан бастау алған асыл мұра – халық фольклоры, кемел тарихтың құнды жәдігері – тарихи-сәулет ескерткіштері екені мәлім. Ұлттық бедер, мәдени код бүгінде әлемнің әр түкпірін мекен еткен елдерге сапарлауға емеурін танытқандар үшін ең күшті туристік мотив екенін ұғыну қажет-ақ. Себебі туризм – жат жұрттың мәдениетін жіті зерделеудің ең жақсы тәсілі. Тұлғалық даму тұрғысынан тарқатсақ, мәдени туризмнің гуманитарлық маңызы зор, адамның шығармашылық әлеуетін шыңдауға, таным көкжиегін кеңейтуге мол мүмкіндік береді. Білмекке құмарлық, ілімге ізденіс турист табиғатына тән ерек қасиет емес пе? Демалысты өзге халықтың өмір дағдысы, тарихы мен мәдениеті туралы біліммен ұштастыру, ғалам ғажайыптары, көрікті пейзаждар мен теңдесіз тарихи ескерткіштермен етене танысту ерек күйге еніп, рухани қоржынымызды байытуға бір сеп болары сөзсіз.
Мәдениет – халықтың тәуелсіздігін, егемендігі мен өзіндік ерекшелігін дамытудың, сақтау мен нығайту үдерісінің іргелі негізі. Мәдениет пен туризмді дамытуда жаңа көзқарас пен тың әдістерге басымдық беріліп келеді.
Бұл үрдіс елдің туризмді дамыту тұжырымдамасын қайта жасақтауға түрткі болуы заңдылық. Елімізде 2023 жылы туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған болатын. Осы құжатта туризм инфрақұрылымын, логистика, сервистік және басқа да туристік инфрақұрылымды дамыту, қолайлы климатты жасау, қызмет көрсету және цифрландыруды дамыту, өңірлік және халықаралық деңгейде туристік әлеуетті ілгерілету, Қазақстан Рспубликасы аумағында MICE (іскерлік) туризмді дамытудың негізгі ұстанымдары мен қадамдары белгіленді. Сонымен бірге, осы Тұжырымдамада Қазақстанның табиғи, тарихи-мәдени, этностық әртүрлілігі мен гастрономиясының ерекшеліктерін ескере отырып, туристік дестинациялардың айналасында сапалы және теңтүпнұсқалы туристік өнімдер жасау, сондай-ақ «Киелі география» бағытында елдің киелі объектілерінің мәдени-географиялық картасын дамыту ескерілген. Тарихи-мәдени ошақ¬тарды қайта жаңғырту және оларды туризм индустриясына тарту керек екендігі нақты жазылған.
Қа¬зақстан басқа елдермен са¬лыс¬тырғанда географиялық жағынан да туризмге өте қолайлы жерде ор¬наласқан. Тұмса табиғаты талайды тамсандырған Маңғыстау өлкесінің ішкі туризмді да¬мыту мен шетелдік турис¬тер¬ді қабылдауда үлкен әлеуеті бар екені шүбәсіз. Соңғы жылдары елімізде оқиғалы немесе ивент-туризмді өрістету ерек екпін алуда. Ірі мегаполистерде әртүрлі фестивальдерден тұратын іс-шаралар тізбегін түзу, талантты жастар мен туристік бизнесті қолдау үшін имидждік оқиғаларды орайластыру бағытында жаңа бастамалар жанданып келеді. Жаһандану үдерісіне кіріккен туризм секторындағы тың тренд – оқиғалы туризм әлемдік іс-шараларды ұйымдастыру мен белсенді демалыс пен саяхат бағдарларын құруға негізделді. Ал бұл жағынан Маңғыстау өңірі оқиғалы туризмнің ірі орталығына айналу алғышарттарына ие екенін сеніммен айтуға болады.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуы тиістігін ескеріп, жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етерін мәлімдеді. Аймақтағы көрікті әрі киелі орындардың бәрі өзара кіріктіріліп, үйлестірілген ауқымды туристік кластер қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта бүгінде біздің облысымызда жасампаз бастамалар қарқын алғанын байқап жүрміз. Бизнесті шоғырландыру, туристік бағытты дамыту, өңірдегі кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелерді шешу және олардың бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау сынды қолдау іс-шаралары да жүйелі жүзеге асып келеді.
Маңғыстау облысының туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде туризм саласы бойынша 2025-2027 жылдары 13 жобаны іске асыру жоспарланды. Іргелі бастамалар аясында 600-ден астам жұмыс орны ашылады. Ауқымды жобалардың ішінде «Town Center» сауда қатарлары, «Гольф клубы. Виллалары бар гольф-қонақ үй», Медициналық және спа-инфрақұрылымы бар сауықтыру-курорттық кешені; «Omir apartments» апартаменттері, демалыс базалары мен сапар орталықтары, «Bozjyra Safari Hotel» қонақүй кешенінің құрылысы сынды жобалар бар. Бұл жобалар аймақтың негізгі инфрақұрылымын дамытуға және оның туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған. Өлке туризмін өрістететін өркенді жобалардың өңір экономикасына мультипликативті ықпалы айрықша болмақ.
Жалпы, Маңғыстауда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылда өңірге Қазақстанның басқа облыстарынан және шетелдерден 362 723 турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9 %-ға өскен. Қазіргі уақытта облыс аумағында 106 орналастыру орны тіркелген. Орналастыру орындарының бір реттік сыйымдылығы 8 665 төсек-орынды құрайды. Сондай-ақ, курорттық аймақты дамыту аясында өткен жылы жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба аяқталды. Нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орны құрылды.
Өңірде туристік өнімдерді қалыптастыру және ішкі туризмді дамыту бойынша 15 туроператормен 206 туристік бағыт бойынша турлар жоспарланған, сондай-ақ туристерді тарту шаралары іске асырылуда.
Қазіргі уақытта апта сайын 8 ішкі бағытта және 10 халықаралық бағыт бойынша алыс және жақын шетелдерге әуе қатынасы жүзеге асырылады. Әуе қатынасымен қызмет көрсетілген жолаушылар саны: 2024 жылдың 12 айында – 1,7 млн адам; 2023 жылдың 12 айында – 1,5 млн адамды құрады. Облыста 3 халықаралық бағыт және 6 Ішкі бағыт бойынша теміржол қатынасы жүзеге асырылады.
«E-qonaq» деректеріне сәйкес, 2024 жылы Маңғыстау облысына 71 507 шетелдік турист келген. Республикалық деңгейде Маңғыстау облысы шетелдік туристерді қабылдау бойынша ТОП-1 өңірге кіріп, 5-орынды иеленді. Туристердің көпшілігі Өзбекстан, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Иран, Италия, Түркия, Қырғызстан, Ұлыбритания, Түркіменстан елдерінен сапарлап келген.
Қолайлы бедер құру қыруар табысқа кенелтеді
Жоғарыда қолайлы туристiк бедердi құруға облыста халықаралық дәрежеде әртүрлi мәдени, спорттық және туристiк іс-шаралар өткiзу ықпал етерін атап өттік. Өңір бюджетінің кіріс бөлігін толықтыратын саланың мәдени-танымдық тармағын дамыту мақсатында туристерді тартуға серпін беретін ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру тәжірибесі орнығып келеді. Мәселен жыл сайын Отпан тау басында Амал мейрамын тойлау аясында Бірлік отын жағу рәсіміне баба рухын дәріптеуге бауырлас елдерден де біршама туристер легі түбек топырағына табан тіреді. Еліміздің түкпір-түкпірінен ұлт айбынын асқақтатар ұлық мейрамға ат арытып жеткен қонақтардың да қарасы қалың болғаны мәлім. Бұл ішкі туризмнің ілкімді дамуына ықпал еткен үлкен фактор екенін ескерген жөн. Жуырда Маңғыстау жұртшылығы бір мезетте ұлттық киім киген 5 мың адамның басын қосып, Әлемдік Гиннес рекордын орнатты. Халықаралық кеңістікте түбектің тартымды туристік беделін қалыптаған жасампаз жобадан шетелдіктер шет қалмады.
Бұл бір тараптан республика аймақтарында және шетелдерде туристiк ақпараттық орталықтарды ұйымдастыру маңызын айқындай түседі.
Туристiк ұйымдар мен Қазақстан Республикасының шетелдердегi дипломатиялық өкілдіктерiнiң өзара бiрлескен iс-қимыл жасау тәжiрибесiн пайдалануға лайықты назар аудару керек. Елдiң туристiк әлеуетiн жарнамалауда ұлттық авиатасымалдаушы мен басқа да көлiк кәсiпорындары пәрмендi көмек көрсете алады.
Биыл Ақтау шаһары «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болды. Халықаралық деңгейдегі кең ауқымды іс-шараға тек түркі әлемі ғана емес, төрткүл дүние көз тігері мәлім. Түбекті туристерге тартымды етуде қала аумағын абаттандыру мен көгал¬дандыру маңызды, бұл бағытта тәжірибелі ғалымдар өз үлесін қо¬сып жатқанын да атап өткен жөн. Климаты құрғақ қалада егілген көшеттердің жерсінуі тым қиын екеніне қарамастан шаһарды көк желекпен көмкеру, жасыл желекті жайқалту жұмыстары жүйелі жүзеге асуда. Тұтас түркі жұртының мақсат-мұраты мен мәдени жауһарларын бір арнаға тоғыстырған жаһандық ұлы жиын Маңғыстау түбегінің туристік бедерін айшықтай түсері анық.
Ойтүйін
Өңірде оқиғалы туризмді дамыту үшін қолайлы инфрақұрылыммен қоса қауіпсіздік мәселесін ескеру аса маңызды. Ең алдымен қауіпсiздiк туризмдi дамытуға, келушілер ағынын көбейтуге немесе азайтуға әсер ететiн басты фактор екенін ескерген жөн. Туристің қауiпсiздiгi мемлекет саясатына, турфирмалар қабылдайтын шараларға, сондай-ақ туристiң жеке басының iс-әрекетiне тiкелей байланысты. Тұтынушыға туристiк сапар барысында қорғау мен қауіпсiздіктi қамтамасыз ету жөнінде ақпарат беру маңызды элемент болмақ. Саяхат барысында салғырттыққа жол бермей, жоғары қауіпсіздікті ұсыну туристiк өнiмнiң ажырамас бөлiгi ретiнде ұғынуға ықпал етеді.
Басты талаптарды зерделесек, мемлекеттiк органдар, туристiк ұйымдар мен халықаралық ұйымдар саяхатшылардың денсаулығы үшiн қауiп тудыратын табиғи апаттан, әлеуметтік тәртіпсіздiктер мен террорлық әрекеттер, көлік қозғалысындағы елеулi iркілiстер, iндет және басқа факторлар сияқты туризмге ықтимал қауіптер туралы ақпарат беруі тиіс. Бұл бағытта тиісті басқарма тарапынан өңірдегі туристік операторлар түсіндіру іс-шаралары жүргізіледі.
Сондай-ақ қазіргі таңда өңірде туристiк-рекреациялық қорларды қайта жаңғыртуға және түгендеуге, зерттеу жұмыстарына ерекше назар аударылып келеді. Туризм индустриясын құру, нарығын дамыту үшін саланың құрылымын, тетiгi мен заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан зерделеу маңызды. Алайда мамандар түбекте туризмді түлетуде ғылыми қамтамасыз ету жүйесiн құру мүмкін болмай тұрғанын айтады. Тек өңір емес, республика деңгейінде туризм экономикасын тыңғылықты зерттеу «тың» күйінде қалып отыр.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Маңғыстау облысы