IT-бастама – игілік бастауы
Статистикалық деректер Қазақстанның цифрлық форматқа көшу деңгейі бойынша көршілес елдерден біршама озық тұрғанын көрсетеді. Онлайн қызметтерді дамыту бойынша еліміз әлемдегі үздік 10 елдің қатарына енді. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және экономиканың түрлі секторларының тиімділігін жақсартуға бағытталған бұл стратегиялық үдерістің оң нәтиже беруі – қуанышты жағдай.
Тиісті басқарманың деректеріне сәйкес, Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметтердің 93%-ы электрондық форматта ұсынылады. Олардың 90,8%-ы eGov Mobile платформасы арқылы қолжетімді. Цифрлық құжаттар үлесінің артуы бюрократияны, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеуге және өмірін жеңілдетуге ықпал етуде. Өңірде «Invisible Government» тұжырымдамасы аясында бюрократиялық үдерістер айтарлықтай қысқарды: рәсімдер саны 605-тен 175-ке, ал мемлекеттік органдарға бару қажеттілігі 119-дан 21-ге дейін төмендеген.
Қоғамның барлық саласын цифрлық форматқа көшіру – заман талабы. Маңғыстау өңірінде бұл үдерісті тиімді іске асыруға бағытталған бірқатар әлеуметтік бағдарлама жүзеге асырылуда. Мәселен, «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тегін дәрі-дәрмек пен жеңілдікпен тамақтануға арналған цифрлық ваучерлер ұсынылады.
Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде Mangystau Hub және Yessenov Technopark сынды IT-хабтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар саласындағы жастар бастамаларын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Бағдарламалау, жасанды интеллект және цифрлық маркетинг бағыттары бойынша тегін білім беру жобалары құрылып, технологиялық бизнесті дамыту мақсатында инвесторлар мен серіктестерді тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін жоғары технологиялар секторын дамытуда тартымды әрі ауқымды алаң ретінде танылған «Mangystau Hub» орталығы қызметі туралы өңірлік өкіл Әйгерім Мәжтаймен пікір алмастық. Оның айтуынша, қысқа мерзім ішінде бұл IT-орталық ақпараттық технологиялар саласындағы әлемдік трендтерді талқылайтын орта әрі әріптестік орнатуға арналған сенімді платформа ретінде қалыптасып үлгерген.
Былтыр өңірде цифрлық технологиялардың дамуына ықпал ететін бірқатар серпінді жоба жүзеге асырылды. Мысалы, аймақтық қауымдастық менеджері жалпы саны 2 235 адамды қамтыған 79 іс-шара өткізді. Олардың қатарында Speaker Talks, Meetups, Pizza Pitch, Digital Nomads workshops, Hackathons және Decenthraton сияқты жобалар бар.
Маңғыстау облысынан TechOrda бағдарламасына үш мектеп қатысты, олардың бірі – braincode Academy. Бұл мектеп 9 ваучер ұсынып, қазіргі уақытта студенттерді backend әзірлеу бағыты бойынша оқытуды жалғастыруда.
Өңірлік IT-хаб жұмысының нәтижесінде 13 IT-компания Astana Hub технопаркінің қатысушылары қатарына енді. Бұл – өңірдегі сала дамуына қосылған маңызды үлес.
2024 жылғы 3 желтоқсанда Yessenov Technopark-та Қордың қолдауымен 01 Edu әдістемесі бойынша жаңа мектеп ашылды. Tomorrow School – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub қолдауымен IT-мамандар даярлауға арналған инновациялық білім беру жобасы.
Бағдарлама жасанды интеллект, блокчейн, ойын әзірлеу, киберқауіпсіздік, қазақстандық IT-таланттарды халықаралық аренада ілгерілету, сондай-ақ білім алмасу мен тараптардың түрлі іс-шараларға қатысуын қамтитын екі жылдық курстан тұрады», – деп атап өтті ол.
Арулар үлесі артып келеді
Айгерім Мәжтайдың айтуынша, IT-саласына қызығушылық танытатын қыз-келіншектердің қатары күн санап артып келеді. Жан-жақты білімді, шығармашыл және эмпатияға бай нәзік жандылардың ұшқыр ойы мен кәсіби қабілеті қоғам өмірін жақсартуға бағытталған технологияларды жасауға айтарлықтай үлес қосуда. Осы себепті, цифрлық технологиялар секторында әйелдердің жаңа идеялары мен IT-шешімдері жоғары бағаланады.
Былтыр She Commerce бағдарламасы үлкен жетістікпен аяқталды. Қазақстанның 10 өңірін қамтыған бұл жоба аясында аудан мен ауылдардан шыққан 18 бен 30 жас аралығындағы 200 қыз компьютерлік сауаттылық, цифрлық маркетинг және электрондық коммерция саласы бойынша арнайы курсты сәтті тамамдады.
2023 жылғы 30 қыркүйек пен 21 қазан аралығында Қазақстанның бес қаласында, соның ішінде Маңғыстау облысында IT Park Tashkent және USAID-пен бірлесіп ұйымдастырылған She Commerce 2.0 бағдарламасының алғашқы модулі табысты өтті.
Бағдарлама аясында Маңғыстау облысынан 14 әйел цифрлық экономикаға сенімді қадам жасау үшін қажетті базалық дағдыларды меңгерді. Олар Microsoft Office бағдарламаларымен жұмыс істеуді, жасанды интеллект негіздері мен оны практикалық қолдану жолдарын, жұмысты ұйымдастыруға арналған Trello, Miro, Google платформаларын, сондай-ақ Canva және Figma арқылы графикалық дизайн негіздерін, мобилография өнерін және мақсатты жарнамаға арналған алғашқы креативтерді жасауды үйренді», – деп атап өтті Әйгерім Мәжтай.
Цифрлық инфрақұрылым – даму драйвері
Өңірлік IT-хабтар қарқынды дамып, еліміздегі инновациялар мен кәсіпкерліктің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуда. Жергілікті атқарушы органдар мен сала серіктестерінің белсенді қолдауы бизнес-стартаптар мен IT-компаниялардың өсуіне берік негіз қалады. Осыған байланысты, өңірлік хабтардың жақын арада өңірдің экономикалық дамуының ажырамас бөлігіне айналатынын нық сеніммен айтуға болады.
Былтыр өңірде IT-саласының дамуына тың серпін берген маңызды шаралардың бірі – робототехника бойынша өткен сумо-турнир болды. Байқауға 16 топтан құралған 32 қатысушы қатысты. Арнайы жабдықталған аренада роботтар өзара күш сынасып, инженерлік шеберліктерін көрсетті.
Сондай-ақ, Startup Battle аясында 15 команда сарапшы қазылар алқасына өздерінің инновациялық идеяларын таныстырып, олардың әлеуеті мен қоғам игілігі үшін маңызын дәлелдей отырып, жобаларын сәтті қорғады.
Сонымен қатар, Startup Alley стартап-аллеясы ұйымдастырылды. Онда IT-стартаптар, жергілікті компаниялар мен студенттердің жобалары ұсынылды. Қатысушылар мобильді қосымшалар, процестерді автоматтандыруға арналған шешімдер, білім беру платформалары және басқа да технологиялық бастамалардың құрылымын талқылады», – дейді Әйгерім.
Туристік өнімдерді ілгерілетуде цифрландыру қазіргі заманғы туризмнің ажырамас бөлігі екені айқын. Осыған байланысты цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Әртүрлі цифрлық бастамалар мен хакатондар туризм саласына тың шешімдер енгізуге елеулі ықпал етеді.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлескен бірегей жоба – «Туризмге арналған IT шешімдер» хакатоны Маңғыстау облысында Yessenov University базасында өтті. Хакатонға 11 командадан құралған 70 қатысушы қатысты. Бұл маңызды іс-шара тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды таныстыру және IT-қауымдастықты дамыту үшін тиімді платформа болды.
Сондай-ақ, дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау орталығы Ustem Foundation мен Mangystau IT Hub бірлесіп, Маңғыстау облысының оқушылары арасында робототехника бойынша алғашқы өңірлік чемпионатты ұйымдастырды.
Чемпионатқа 38 команда және аудандық, қалалық білім беру ұйымдары мен облыстық білім басқармасына қарасты бейінді білім беру мекемелерінен 200-ге жуық оқушы қатысты.
Байқау FLL Explore, FLL Challenge және FLL Discover санаттары бойынша өтті. Бұл бағдарлама аясында 6-16 жас аралығындағы оқушылар өздерінің үздік жобаларын ұсынып, зерттеу, робот жасау және бағдарламалау бойынша білімдерін жетілдірді.
«Бұл жобалар биыл да сәтті жалғасын табады деген сенімдемін», – деді Әйгерім Мәжтай.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Маңғыстау облысы