ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА ЗОР МҮМКІНДІК ТУЫП ТҰР

Биыл сәуір айында Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ғылымның дамуы туралы бірер сөз қозғап, тапсырмалар берген болатын. Қазақстан Президенті елдегі төтенше жағдайларды байланыстыра отырып, ғылыми тұрғыдан зерттеп, болжап, бағалау керегін айта кетті. «Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды», деді Тоқаев.
Осы сөзі арқылы президент елдегі олқылықты ғылым арқылы оңалтуға болатынын ескертті. Бұл үшін не істеуіміз керек? Мектептегі оқу жүйесін күшейтіп, оқушылардың ғылым мен білімге деген құштарлықтарын арттыру міндет. Жоғары оқу орындарын қолдауға жіті назар аудару, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарына мемлекеттік инвестиция салу және ғылыми зерттеулер мен инновациялар үшін біліктілік орталықтарын құру ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруы тиіс. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық және студенттер мен оқытушылардың шетелде тағылымдамадан өту бағдарламаларын әзірлеу қажет.
Жас зерттеушілерге арналған стипендиялар мен гранттар: магистранттарға, аспиранттарға және жас ғалымдарға стипендиялар мен гранттар беру оларды ғылыммен айналысуға ынталандыруы мүмкін. Сондай-ақ тәжірибелі ғалымдар өскелең ұрпақпен білімдері мен тәжірибесімен бөлісетін тәлімгерлік бағдарламаларын әзірлеу маңызды.
Жастар арасында ғылымды насихаттауға бағытталған ғылыми конкурстар, фестивальдар, конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізу ғылыми қызметке деген қызығушылықты арттыруға көмектеседі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл елде ғылымға жастардың қызығушылығы жоғары. «Былтыр бізде 22 мың ғылыми қызметкер болған жағдайда, қазір 25 473 адамды құрады. Яғни жастар ғылымға тартыла бастады. Бұрын ғылымнан шығып кеткен, шетелге шығып кеткен ғалымдарымыз ақырындап қайта бастады», деген болатын министр.
Одан бөлек, халықаралық жобаларға қатысу қажет. Бұл елімізде жыл сайын қарқынды дамып келеді. Қазақстандық ғалымдарды халықаралық ғылыми жобалар мен консорциумдарға тарту білім мен технология алмасуға, сондай-ақ ғылыми зерттеулер деңгейін көтеруге ықпал ете алады.