Еңбек адамы — ел мақтанышы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі.  Бұл – ел дамуының негізін қалаған еңбек адамдарына деген құрмет пен алғыс білдірудің маңызды кезеңі.  Қарапайым еңбек адамдарының еңбегін бағалап, олар туралы жылы сөздер айтуға, олардың жетістіктерін насихаттау  мақсатында жұмыстар атқарылуда. Әрбір саланың мамандары – мұғалімдер, дәрігерлер, құрылысшылар, фермерлер, шахтерлер, кәсіпкерлер – еліміздің дамуына өз үлесін қосуда.  Халқымыз «Еңбек – елдің негізі», «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті», деген еді Еңбек күнімен құт­тықтауында.

Ақ адал еңбегімен отбасының ұйытқысы болып, елдің ілгері­леуі­не өзіндік үлесін қосып жүрген жан­дардың бірі – Алтай Мекебаев.  Алтай Алматы қаласында қоғамдық көлік жүргізушісі.  Үш ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі әке. Жұбайы Гүлжан мектепте математика пәнінің мұғалімі. Күнделікті таңғы 04:30-да оянып, көлік тізгінін таңғы 05:30-да ұстайтын Алтай үйіне түнгі 23:30-дан аса келе­тінін айтады. Жалақы мөл­шері қомақты болғанына сай, жұмыс та жеңіл емес. Ең әуелі таңмен таласа жұмысына асық­қан азаматтардың, оқуына үл­ге­руге ұмтылған студенттер мен оқушылардың, өзге де жолау­шы­лар­дың бас амандығы, қауіпсіздігі қымбат. Жұмыс тәртібі қатаң сақталады: екі күн көлік тізгіндеп, екі күн тынығады. Демалыс алған күндері ой сергітіп, ұйқысын қандырып тыңайып алады.

Көпшіліктің демалыс күндері ас пен тойсыз болмайтыны белгілі. Бұл жөнінде Алтай: «Әрине, ағайын-туыс, дос-жаран жақсылығына шақырса, қалмауға, баруға тырысамын. Бірақ аса тойшыл емеспін. Тойға не болмаса басқа қалаға сапарға шығар болсам, ертеңіне атқаратын жұмысымды өзге жүр­гізушіге аманаттап, кезегімді алмастырамын. Себебі ұйқыны қандырмай, санаңды сергітпей көлік жүргізу – өзіңе, өзгенің өміріне де қауіпті, қалғып кетуің мүмкін, басқа жағдай орын алуы ықтимал», дейді.

Қоғам өміріндегі әлеуметтік қысымға сай жүргізушінің жолаушыны ғайбаттауы, тіпті жұдырық ала жүгіруі немесе керісінше, жолаушының көлік басқарушыға тап беріп, жағасынан алуы секілді оқиға да орын алып жататыны жасырын емес. «Мұның барлығы адамдардың ішкі мәдениетіне байланысты. Бізге де дауыс көтеріп, тіпті балағаттап кететін жолаушылар болады. Өзің жылы сөйлесең, сұрағына байыпты жауап қатсаң, көпшілік те жылы қабақ танытады. Ал тоңтеріс мінез көрсетсең, олардың да шамына тиесің», дейді кейіпкеріміз.

Елімізде жұмысшы маман­дық­тарына, қара жұмыс істейтін қажыр-қайрат иелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Адал еңбек абыройға бөлейді, табысқа кенелтеді. Жұмыс істеймін деп та­лаптанған жан ешуақытта елеу­сіз қалмайды.

Г.Тұрсынқожа