«Жұмақтың кілті»

Ана – әлемдегі ең ардақты да, аяулы жан. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жүрегінің астында жатқан нәрестесінен барын да, нарын да аямайтын ананың адам өміріндегі орны ерекше. Гүлдің жайқалып өсуі үшін су мен ауа қаншалықты қажет болса, баланың дұрыс жетілуі үшін де ата-ананың қажеттігі басым.

Қасиетті Құранда «Анаңды сыйла, бар жақсылықты анаңа жаса» деп үш рет қайталанып айтылады. Дәл осы оқыған «Түркібастың Шынары» атты шығармасында мен Қайрат Айтбайұлының анасына деген махаббатын сезіндім. Әр оқыған сөздері денемді тебірентіп жіберді. Себебі, неше түрлі адамдар, неше түрлі тағдыр. Бірақ әр сынаққа төзетін жалғыз адам, ол – ана.

Иә, ана дегенде елең етпейтін, жүрегі елжіремейтін адам баласы жоқ. Өйткені, ол бізге әлемнің жарығын сыйлайды, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін емізеді, бесік жырын жырлайды, ана махаббаты тұла бойымызға нұр, жыр болып төгіледі. Ол біздің «ана» деп тіліміздің шыққанына, алғашқы тәй-тәй басқанымызға қуанады. «Сенің табаныңа кірген тікенек, менің маңдайыма кірсін» деп Құдайдан амандығымызды тілейді. Есейіп, ержетіп, өмірден өз орнымызды тауып, дүниеге қажетті кірпіш болып қалануымыз, өз сыңарымызды кездестіріп, қуаныш пен шаттыққа бөленуіміз – анамыз үшін дүниедегі ең үлкен бақыт.

Дүниедегі ең жақын адам – аяулы аналар туралы қаншама тамаша туындылар жазылды десеңші! Ақын жырына, әнші әніне қосты. Иә, айта берсек, біздерге дүниедегі бар жақсылық атаулыны сыйлаған, даланың әсем гүлін жинаған аналар туралы жүрек тебірентер жыр да көп, сағыныш болып шертетін сыр да көп.

Бізге жарық дүние сыйлаған анаға не сыйласа да аздық етеді. Меккеге жеті рет арқалап апарғанның өзінде қарызын өтей алмассың. Себебі, ана сияқты бақытыңды ойлап, табаныңа кірген тікенді маңдайына кіргенін қалайтын адам жоқ. Шын бақытыңды ойлап, жанын құрбан етуге даяр жалғыз адам, ол – ана. Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалайықшы. Себебі, адам өмірде «адам» болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек.

Ойланып қарасаң ана туралы өлең, жыр, ән де көп. Бірақ, олардың ешқайсысы ананың махаббатына, бізді осы жарық дүниеге әкелгеніне жетпейді. Дәл солай өз сезімін, өз сағынышын Қайрат ағамыз өз анасы Шынарға білдіріп отыр.

Тоғыз баланы дүниеге әкеліп, қызығымен бірге талай өмірлік сынақтарды бастан кешірген Шынар апамыз нағыз ер жүректі ана!

Бұл шығарманы оқи отырып түйгенім, шыныменде «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деген сөздің мәнін ашу үшін анаңызды Меккеге үш рет апару аздық етеді. Бір тағдырды дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсіру жауапкершіліктің үлкені.

Менің қуанатыным, уақыт өте «Шынар» бұлағы қасиетті де қастерлі киелі жердің біріне айналады. Ұл-қыздары еккен тоғыз шынар ағашы аспанға қол созып өсіп, жан-жағына көрік береді, ыстық аптапта көлеңкесі адамдарға сая болады, отырғызылған тал-терек ну орманға айналады, жеміс ағаштары өз өнімін беріп, елді қуантады. Шынар анамыздың бұлағы өзенге құйылып, дарияға айналады, ал, дария өмір-өзен! Оның ағысы тоқтамайды, өмір жалғаса береді. Яғни, Шынар анамыздың өмірі – мәңгілік. Өйткені, оның соңында ізгі жүректі ұрпағы бар, туған жерге тағзым ететін, ана махаббатын ардақтайтын ұл-қыздары бар, ізгілігін, жақсылығын ұмытпайтын елі, халқы бар.

Снежана АЛЬЖЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс конвергентті журналистика студенті.