Тараздықтар әз-Наурызды ерекше атап өтуде

Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі Тараздағы аумақтық округтерде кең көлемде тойлануда. Мерекелік шаралар барысында салт-дәстүр қойылымдары, ертегі кейіпкерлері, театрландырылан көріністер мен ұлттық ойындар мейрам көркін аша түсті. Айталық, №2 аумақтық округ тұрғындары да Ұлыстың ұлы күнін көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады. — Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Осы күндері Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады. Тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы.

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін, — деді шаһар басшысы.

Бұл күні округ халқы бір үйдің баласындай тату-тәтті тіршілігін дәріптеп, түрлі ойын-сауық іс-шарасына белсене атсалысты. Ырысы мен берекесі артқан жұртшылық жаңа жылда жақсы тілек тілесіп, әсем ән мен күйден шашу шашты.

Сонымен қатар «Қазақтың келіндері-ай» атты байқау ұйымдастырылды. Әз Наурыз «Хамукат» тұрғын алқабында да осылай әдемі кешпен әрленді. Сондай-ақ, №4 аумақтық округте де мерекелік думан өтті. Мұнда округ тұрғындары арасында асық ату, ләңгі тебу, қол күресі, күрес, арқан тарту сынды түрлі спорттық ойындар ойнатылды. Мерекелік дастархан жайылып, Наурыз тағамдары тарту етілді. Осы күні аумақтағы жасы үлкен қарияларға сый-сияпат жасалды. Келесі кезекте қала әкімі №5 аумақтық округке аялдады.

Көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған шаһар басшысы, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Осылайша қаладағы 11 округтің тұрғындары жыл басы – Наурыз мерекесін бар сән-салтанатымен қарсы алуда. Мұндай шаралар ертең де жалғасатын болады.