Сен де, мен де – пенде!..

Өмір өзеннің ағысының екпіні кім-кімге де оңай соқпасы белгілі. Көбісі сол ағысқа қарсы жүзу қиын деп біледі. Сондықтан да еш қарсылықсыз пенде атаулының көбісі сол ағыспен бірге ағып жүреді. Айтпағым, өмір-өзенге қарсы жүзу емес, тек ағыстың дегеніне көнбей, адамның жүзу бағытын өзі қалыптастыруын айтам. Қуаныш пен жұбаныш, өкініш пен мұң қайғы. Бұлардың барлығы өмір бақи тұрмайды, алма кезек зулайды. Арыстанша арпалысқан осы өмірде көп пенде гүлдей нәзіктік танытады. Шөп секілді тез сынып қалады. Ал ондай қағажу тартқан жүрек, қураған дене Жаратушысын есінен шығармай жүре алуы екіталай. Сол себепті, Адам баласына тастай берік болмақ керек. Шәкәрім атамыз бір сөзінде:

Мен кетемін, келеді тағы өмірге мендей,

Олар мінді көреді, қисық жерін жөндей, – деп сөзін былай жалғастырады:

Сен бола гөр аққа жақ, болам десең адам,

Адал еңбек берер бақ, бассаң соған қадам.

Айнымайтын ақ жүрек пен таза ақылды адамның

Таппасы жоқ бұл өмірде, осынымды ұқ, балам!

Қасиетті Құран Кәрімде: Олар, түйеге қарамай ма, қайтіп жаратылған? Олар, аспанға қарамай ма, қайтіп көтерілген? Олар, тауларға қарамай ма? Қайтіп тігілген? Олар, жерге қарамай ма, қайтіп төселген? («Ғашия» сүресі, 17-20 – аяттар)

Осы аяттарға қарап өмірінде алдына үлкен мақсат қойған кісіге 4 қасиет керек дер едім:

Бірінші, тау секілді тұрақты, табанды, берік болмақ керек. Екінші, Жер секілді кішіпейіл, қарапайым болмақ керек. Үшіншіден, аспан секілді рухы биік болуы маңызды. Төртінші, түйе секілді шыдамды, сабырлы болу олжалы болмақ.

Мына жалған өмірде адамдардың көбісі материалдық жағдайын көп ойлайтыны рас. Дүниені көп ойлау уайымын сейілту турасында келесідей кеңестер берер едім:

  1. Рызық-несібе Алладан, оған ешкім кедергі бола алмайды. Тағдырға жазылған әркімнің ырыздығы оны айналып өтпейді. Кемітілмей өзіне бұйырады.
  2. Аллаға сыйын, Аллаға сүйен, барлығын да беретін Ол сенің Иең! Тәуекелшіл бол. Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің.
  3. Бұйырған кетпес, жүгірген жетпейді. Нәсіп болса өзі-ақ келеді. Алла Тағала қанағатшыл құлына молынан береді.
  4. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші әр нәрсенің өз мезгілі бар, көктем де қыстан бұрын келмейді, уақытымен келеді.

Байлық пен кедейлік, қуаныш пен қайғы, жақсылық пен жамандық мәңгілік емес екендігін әркім ұмытпағаны абзал.  Шәкәрімше айтсақ:

Білімділер насихат көп жазады,

Адам үшін уайым жеп жазады,

Байқап оқып отырсам, соның бәрі:

«Дүниені дүм, алдамшы» деп жазады.

Адам өмірде бір жетістіктерге жетіп жатса оны міндетті түрде көре алмайтындар болады. Бір үлкен істі бастайын деп жатса, кері тартатын, әлгі адамның ниетін бұзатын адамдар аз емес. Сондықтан да осы турасында мына бір оқиғаның ғибрат алатын жері бар:

Бір күні бір топ тасбақалар тауға шығуға ниет етеді. Жолда келе жатып көбісі шыдай алмай артқа қайтады. Бірақ сонысымен қоймай одан әрі жолдарын жалғастырып бара жатқан тасбақаларға: «Ей, сендер де кері қайтыңдар. Бәрібір жете алмайсыңдар. Қарасаңдаршы әлі қаншама жол бар» деген секілді кері тартпа әңгімелерін қоса кетеді. Расында да көбісі таудың басына жете алмай кері қайтады. Тек бір ғана тасбақа тауды бағындырады. Сөйтсе әлгі тасбақа керең екен. Бұдан түйгеніміз пенде алға қойған ісін міндетті түрде жасап көру керек. Біреулер жаны ашып айтады, біреулер көре алмай айтуы мүмкін, әлі саған ерте дегендей. Мейлі жаны ашып айтқан күннің өзінде әлгі адам білмейді ол істің қандай нәтижемен бітерін. Себебі ол пенде. Белгілі аудармашы Герольд Бельгер айтқан екен: «Сен де, мен де – пенде» деп. Сол секілді сенің мына ісің дұрыс, бұрыс деп айтуы мүмкін біреу. Бірақ ол анығын білмейді. Бірақ, жақсы кісілерден ақыл сұрауға әлбетте болады.

Көтеріп тұрып, құлатады өмір,

Қуантып тұрып, жылатады өмір.

Етегің толып еңірегенде

Қайтадан өзі жұбатады өмір.

Әрине, бір Алланың қалауымен… Сабырлы болайық!

                                                         Дайындаған: Амантай Тойшыбайұлы