«Қыз Жібек» – қазақ қыздарының тағылымды ұйымы

Қазақ қыздарының парасат мектебі, отандық жоғары білікті педагог кадрлар даярлайтын іргелі білім ұясы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қыз Жібек» клубының республикалық форумы өтті.

Қыздар университетінің Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің мұрындық болуымен«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, белгілі ғалым-педагогтар, үлгілі көпбалалы аналар мен еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

G-global платформасында өткен жиынды департамент директоры Жаңагүл Сұлтанова ашып, жүргізіп отырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен тең» деген сөзін нақты іс жүзінде қолдана отырып, еліміздегі жоғарғы оқу орындарындағы қыздар ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу, өзара тәжірибе алмасу басқосудың басты міндеті. Бүгінгі қыз – ертеңгі ибалы жар, сыпайы келін, қамқор ана. Жалпы, қыз баласы – ұрпақ тәрбиесі мен сабақтастығының мызғымас ұйытқысы. Осынау жолда «Қыз Жібек» клубының атқаратын өзіндік үлесі өте зор. «Қыз Жібек» клубы – аяулы аруларымыздың тәрбиелі, парасатты, жан-жақты болып өсуіне ықпалын тигізіп жүрген бірден-бір клуб десем артық айтқаным емес. Бүгінде еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарындағы «Қыз Жібек» клубы ең алғаш Қыздар университетінің қабырғасында ашылған болатын.Қоғамда өзіндік азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен  ұштастыра  білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін ұйым идеясын кеңінен тарату мақсатында оның бөлімдері өзге де білім ордаларында ашылған болатын. Алдағы уақытта аталған бірегей клуб көптеген игілікті істерге ұйытқы болуды көздеп отыр, – деп атап өтті Жаңагүл Сұлтанова.

Форум барысында қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Османқызы «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында пайымды да келелі ойымен бөлісті. Ал Жалпы педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева қазақ қызының жаңа ғасырдағы бейнесі туралы баяндап, университеттің оқу үрдісіне енгізілген «Қазақ аруы» пәні туралы жан-жақты ақпарат берді. Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова қазақ қыздарының ибалығы мен инабаты туралы сөз қозғап, «Қызым саған айтам…» тақырыбындағы бейнедәрістер сериясын таныстырды. Сондай-ақ жиында Қыздар университетінің Phd докторанты, «Қыз Жібек» клубының бұрынғы төрайымы Маржан Ақтаева ұйымның тарихына шолу жасаса, клубтың белсенді мүшесі Салтанат Серікқызы оның басты бес бағытын атап өтті.

Форум аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қыздарға арналған студенттік клубының белсенді мүшелері онлайн байланысқа шығып, ұлттық салт-дәстүр, қыздар тәрбиесі төңірегінде атқарып жатқан жұмыстарымен, қолға алған жобаларымен таныстырды.

Жиынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Қайрат Жүніс қорытындылап, шараға қатысқандарға университет ректорының «Алғыс хатын» табыстады.

Форум зияткерлік әлеуеті биік, салауатты өмір салтын ұстанатын қазақ қызының жаңа образын насихаттау және еліміздегі қыздар клубтары арасында өзара ынтымақтастық байланыс орнатуды басты мақсат етеді, деді Қайрат Жүніс.

Жандар АСАН,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы