Президент бастамасы – басты бағытымыз

Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мемлекеттің қастерлі борышы және әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы орайда Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты былтырғы қыркүйектегі Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», – деп атап көрсетті. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовпен болған сұхбатымыз мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек пен қолдауға, басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмысқа арналмақ.

– Еркін Егембердіұлы, өмір болған соң, адамдар түрлі жағдайда мертігіп, мүгедектікке ұшырап жатады. Олар қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі үшін облыста қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу туралы Мемлекет басшысы әркез еске салып келеді. Былтырғы Жолдауында да мұны атап көрсетті. Қазіргі уақытта облыс бойынша 45388 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 1-ші топтағылар – 4226, 2-ші топтағылар – 16974 және 3-ші топтағылар – 17405 адам. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 6738 адам бар. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,9 пайызын құрайды.

Басқарманың сан-салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Яғни, мүгедектігі бар адамдардың тіршілік-тынысының шектелуін жеңіп шығуы үшін жағдай туғызуға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру болып табылады.

Мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі қарап-күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралуына жағдай жасауда арнайы оңалту құралдарының алатын орны ерекше екені даусыз. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде «Әлеуметтік қызметтер» порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдар «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы техникалық оңалту құралдарының барлық түріне және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере алады.

Осы портал арқылы оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы уақтылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттырып, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни, мүгедектігі бар адамдар өзінің жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген оңалту құралдары мен қызмет түрлерін электронды форматта дербес өзі қалаған өнім берушіден ерікті түрде таңдай алады.

– Мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге былтыр қанша қаржы бөлінді және қандай құралдар алынды?

– Оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге және облыстық бюджеттен 297,3 миллион теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 11215 мүгедектігі бар адам тиісті құралмен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған 846 сурдотехникалық құрал, мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған 1140 тифлотехникалық құрал алынды. Белсенді және баяу жүріп-тұруына арналған 924 кресло-арба, аяқ-қолды немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын 5082 протез-ортопедиялық бұйымдар мен денсаулық жағдайларын түзету үшін 3491 санаторлы-курорттық емделу жолдамалары берілді.

Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен бөлінген 1,5 миллиард теңгеге 9300 мүгедектігі бар адам міндетті гигиеналық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Оның ішінде табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған 10217 гигиеналық құралмен қамтылып, еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызмет көрсетуге байланысты мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі маманының 615 қызметі, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және нысандарға барған кезде көмек көрсету бойынша жеке көмекшінің 233 қызметі көрсетілді.

Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы «Әлеуметтік қызметтер» порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы жоспар бойынша 85 пайыз болса, ол 95,7 пайызды құрады. Порталда 23565 өтініш тіркеліп, 22548 өтініш қанағаттандырылды. Бұл – республикада алдыңғы 2-ші орын көрсеткіші болып отыр.

2023 жылы «Әлеуметтік қызметтер» порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларын 90 пайызға орындау жоспарланып отыр. Былтыр 85 пайызға орындалған болатын. Жыл басынан 1278 мүгедектігі бар адамның өтініші қанағаттандырылды.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың түрлі нысандарға қиналмай кіріп-шығуы қандай деңгейде, осы жайлы да айта отырсаңыз?

– «AMANAT» партиясының «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес 2022 жылы стандарттарға сәйкес келетін мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына бейімделген объектілердің үлесі шамамен 40 пайызды құрауы тиіс болатын. Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1295 нысанды бейімдеу, ал 2022 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған еді.

Тараз қаласы мен аудандарда 2022 жылы бейімдеу жұмыстарына осы 259 нысанға 191,3 миллион теңге қаржы бөлініп, барлық 259 нысан бейімделуден өтіп, ол жылдық жоспардың 100 пайызын құрады. 40 пайыздық меже де толық орындалды. Ал биыл жыл соңында стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 60 пайызды құрауы тиіс. Оған қол жеткізу үшін биыл Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

– Мүгедектігі бар адамдарды оңалту-сауықтыру жайлы не айтар едіңіз?

– Өткен жылы облыс көлемінде басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемеде 2027 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Атап айтсақ, 7 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 1209 қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар адамдарды және балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 536 мүгедектігі бар адам мен балаларға және 2 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтарында 282 адамға қызметтер ұсынылды. Аталған мекемелер арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну жұмыстарын биыл да өз деңгейінде жалғастыруда, қазіргі кезеңде 1433 адамға қызмет көрсетілуде.

Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020-2022 жылдары Талас, Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарында сыйымдылығы 101 орындық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары және Талас ауданы Ақкөл ауылында 200 орындық жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар жағдайындағы орталық, Қордайда 15 орындық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Тараз қаласында сметалық құны 5,5 миллиард теңгеге 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға оңалту және бейімдеу көпсалалы орталығының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс 2021 жылдың 10 қыркүйегінде басталды, биыл нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар ағымдағы жылы Тараз қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» және «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығын» ашу жоспарлануда. Оның алғашқысы – зейнеткер жасындағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасауда оларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетуді көздейді. Ал екіншісі аутизмі және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларға туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге жағдай жасайтын және олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешенін ұсынатын болады.

Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен 14 бөлімшесі және 1 бөлімшеден тыс қызметі тарапынан үйде қызмет көрсету жағдайында 1438 жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылды. Оның 727-сі қарттар, 202-сі мүгедектігі бар азаматтар және 509-ы мүгедектігі бар балалар.

Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 11 күндіз болу жағдайында мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, 340 қарт және мүгедектігі бар азаматтар мен балаларға және 16 үйде қызмет көрсету бөлімшелерінде 1426 жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылды.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуге деген құштарлығын жақсы білеміз. Оларды жұмыспен қамту қалай жүзеге асуда? Осы жайлы да білсек.

– Дұрыс айтасыз, мүгедектігі бар азаматтар он екі мүшесі сау адамдардан кем жұмыс істемейді. Олардың бойында ерік-жігер, жұмысқа деген құштарлық зор. Сондықтан да ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі – оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту болып табылады. Жергілікті атқарушы органдар еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіпорындардағы жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгілейді.

Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің қаулыларымен 2022 жылы 76 мекемеде 160 жұмыс орнына квота бекітіліп, ол толығымен орындалды. Жалпы, өткен жылы 3326 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 899-ы тұрақты жұмыстармен қамтылды, 488 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 56 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 28-і «Жастар практикасына» жолданды, 2 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасында, 6 адам «Алғашқы жұмыс орны», 21 адам «Күміс жас» жобаларында жұмыспен қамтылса, 191 адам қайтарымсыз гранттар алды, 1621 адам «Бастау-Бизнес» курстарында, 58 адам кәсіптік оқыту курстарында, 4 адам онлайн оқыту курстарында оқудан өтті.

Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, 2023 жылға 52 мекемеде 86 квоталық жұмыс орындары бекітілді. Сонымен қатар 2023 жылдың 1 ақпанына 276 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 215-і жұмысқа орналасты, олардың 42-сі тұрақты жұмыстармен қамтылып, 173-і уақытша жұмыстармен қамтылды. Уақытша жұмыстармен қамтылғандар ішінен: 164-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 5-еуі әлеуметтік жұмыс орындарына, 1-еуі «Жастар практикасына» жолданып, «Ұрпақтар келісімшартымен» 1 адам, «Күміс жас» жобасымен 2 адам жұмысқа тұрды.

Мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешуді қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің және Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің барлығында мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда.

Қорыта айтқанда, мемлекеттің ерекше жандарға қоғамда тең мүмкіндіктер жасау саясатын өз құзыреті шегінде жүзеге асыру біздің басқарманың басты міндеті болып қала бермек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.
aqjolgazet.kz