Арлан және Бағлан Аңқауов: «EXPO-2017-де ұлттық бренд ретінде жобамызды шетелдіктерге көрсетеміз»


Тағдыр тауқыметіне мойымай, денсаулығында кінәраты болса да қоғамға, Отанына қызмет қылып, «бір кірпіші болып қалануды» мақсат етіп жүрген азаматтарды көргенде, он екі мүшесі сау мына мен өзіме «Олар не істеп жүр, мен не бітіріп жүрмін?» деп сұрақ қоямын. Айналамдағылардың бәрі аяғын анық басып, асын ауырмай тауып жүргендіктен, айықпас дерті бар, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүшкіл жағдайын байыптай бермейді екенмін. Жақында тұтас ел біле бермесе де, Торғай жұртшылығына таныс, он саусағынан өнер тамған ағайынды Арлан мен Бағлан Аңқауовтармен кездесудің сәті түсті. Он алты жыл бұрын әкелерінен айырылған олар төрт ағайынды. Төртеуі де бірдей сырқатпен мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында екен. Алайда әкелерінен қолөнер шеберлігі бойларына дарыпты. Алдымен, студиясын көпшілікке насихаттап жүрген төрт ағайындының кенжесі Бағланмен жолықтым. Ол мені «Астана Mall» сауда, ойын-сауық орталығында өтіп жатқан жеке көрмесіне алып барды. Жол-жөнекей оған анда-мында шапқылаудың сондай қиынға түсетінін көзіммен көрдім. Қостанайдағы кәсіпорындарына қала маңындағы ауылдан қатынайтынын естігенде, тіптен таң қалдым. Өнерге деген құштарлық, елге қызмет етуде бұдан өткен жанкештілік бола ма екен, сірә?!

IMG_0162

Қош, ойын-сауық орталығына барғанымызда «Coworking Multispace» коворкинг жобалар залында ағайындылардың қолынан шыққан туындылар ілініп тұр екен. Бағланның айтуынша, көркемсурет жасаудың технологиясы аппликациядағы қой жүнінен аналогы жоқ жаңа технология, өнертабысқа әлемдік патенті бар. «Arlan Design» авторлық интерьер дизайны студиясының бас ұстасы, туындылардың авторы, үйдің үшіншісі Арланмен және кенжесі Бағланмен әңгімелестім.

IMG_0164
Арлан Аңқауов

— Арлан аға, Бағлан ініңіз әлемде баламасы жоқ технологиямен жұмыс істейміз деп еді. Кәсіптеріңізбен толығырақ таныстыра кетсеңіз…
— Менің мамандығым — үй ішін әрлендіру дизайнері. Осы жағынан ыңғайым болғандықтан, екі ағам мен інім, төртеуміз бірігіп, студия ашуға бел будық. Іс жүргізу жағынан үлкен ағам мен інім көмектессе, мен негізгі өнімдерді жасаушымын. Екінші ағам ұлттық қолөнерге жақын. Оның бойында әкемізден берілген сондай бір қабілет бар. Теріден торсық жасайды, тоқып-өру, жабыстыруға да икемді. Менің суретшілік талабыма көздері жеткен бауырларым өнерімді ары қарай дамытуға күш салатын болып келісті. Жастайымыздан қазақтың қолөнер бұйымдарын көріп өскендіктен, қабілетімізді неге ұлттық нақыштағы дүниелерді жасауға пайдаланбасқа деп ойладық. Сөйтіп, алдымызға мақсат қойып, бес жылдан бері «Arlan Design» студиясында кәсіппен айналысып келе жатқан жайымыз бар. Мен мамандығыма сай авторлық интерьер дизайнымен айналысамын. Мәселен, еуропалық стильде үйлерді жабдықтау дегенді естіген шығарсыз. Міне, сол секілді біз де өзіміздің авторлық өнімімізде қазақтың исі аңқып тұрғанын, ұлттық нақыштың айқын көрініп тұруын қаладық. Жүннен түрлі ұлттық нәрселер жасай келе түрлі ойлар туындады. Содан қазақтың киіз үйінің фонын интерьерде пайдаланудың жолын ойлап таптым. Шаңырақ, кереге, текемет, кілем секілді элементтер жобамыздың құрамына кіреді. Жаңа технологиямызды бүгінде патенттеп алдық. Енді соны алға қарай дамытып, брендке айналдырсақ деген арманымыз бар.
— Жобаңыздың басты ерекшелігі неде?
— Жоба идеясының сыртында өзіндік қолтаңбам бар. Ерекшеліктер ою-өрнекте, түстерде және композицияда дер едім. Себебі мен ешкімнен көшірмеймін, өзімнің қиялымнан туындаған дүниені киіз қылып басамын. Әртүрлі жанрда жұмыс істеймін. Бірақ көрген адам бірден түсіне қояды деп айта алмаймын. Өйткені ойымды көркемсурет арқылы тұспалдап жеткіземін. Жасалған бұйымнан жүре-жүре жануардың т.б. бейнесін, музыкалық аспаптарды тауып алуы мүмкін. Мысалы, Астанадағы №1 музыка мектебінің интерьерімен айналыстық.
— Жұмысыңыздың жүруіне қандай кедергілер бар?
— Кішігірім студиямызда шәкірттер дайындап та жүрміз. Себебі, дені сау адамға қарағанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға өнерді алып жүру өте қиын. Мәселен, денсаулығы жақсы азаматтарға өнерін өрге жүздіріп, бизнесін дөңгелетіп кету екі есе ауыр болса, біз үшін ол төрт есе ауыр. Мұны көп адамдар түсіне алмайтыны белгілі. Десе де, біз мүмкіндігі шектеулі жандармыз деп жатып алмай, жұмысымызды жүргізгіміз келеді. Мұңаймай, алға қарай ұмтыла бермекпіз. Осы өнерімізден ем тауып, өзімізді сабырлылыққа шақырып отырамыз, жұмысымыздан ләззат аламыз. Тек бізге қаржылай қолдау қажет. Алда EXPO келе жатыр. Біз де тамшыдай болса да өз үлесімізді қосып, ұлттық бренд ретінде жобамызды шетелдіктерге ұсынғымыз келеді.

IMG_0182
      Бағлан Аңқауов

— Бес жылдың ішінде біраз белестерді бағындырыпсыздар, тарқатып айтсаңыз.
— 2015 жылы студиямыз Қостанай облысы Меценаттар клубының бейнелеу өнері номинациясындағы «Шабыт» сыйлығының лауреаты атандық. «Қазақ хандығының 550 жылдығының» Республикалық алтын белгісімен марапатталып, Ақтөбе қаласындағы «Шеберлер ауылы» атты қолөнер шеберлерінің VI Республикалық фестивалінде II орынды иелендік. Алғаш рет БАӘ-нің Абу-даби қаласында өткен шейх Заид қорының Халықаралық мәдени фестивалінде туындыларымызды шетелдіктердің назарына ұсындық. Біздің басты мақсатымыз — Қазақстанның қолөнерінің дамуына шамамыз келгенше үлес қосу. Оны жалғыз жасау оңай емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел азаматтарының біздің авторлық жобамызға үлес қосып, қолдау танытқанын қалаймыз. Ал «Көктем лебі» атты көрмеміз 25 наурыздан бастап жұртшылық назарына ұсынылуда. Ұйымдастырушылар — «Гулидина» галереясының жетекшісі Гүлнұр Оразымбетова және біз.
— Шабыттарыңыз қашан, қалай келеді?
— Көшпенділер табиғатпен бір үйлесімдікте болып, ұлан-байтақ далада көшпенділердің өзіндік дүниетанымы қалыптасып, көшпенді қазақтың ерекше материалдық және рухани мәдениеті қалыптасты. Бұл ерекшеліктер қазақтың фольклорында, ою-өрнектерінде және тотемдік жануарларында көрініс тапты. Осыларды тіреу етіп, автор көркемсуреттердің тақырыбына арқау етті. Ағамның көркемсуреттерінің ішінен қазақтың аңыздарын, ертегілерін, ақ селеулі кең жазиралы даланы, тарихи тұлғаларды, көшпенді өмір салтты, қазақтың ділі мен ұлттық ерекшеліктерін білдіретін бейнелерді таба аласыз. Арлан біздің бабаларымыздың көшпенді өмір салтынан, өткен сол тас дәуірінен осы күнге дейін мұра болып келген салт-дәстүрімізден шабыт алады.

ER01
— Екі ағаңыздың ұлдары да қолөнерге бейім екен. Өздеріңіз қашан отау құрмақсыздар?
— Біз, ағайынды Сәрсен, Дәурен, Арлан және мен Бағлан Аңқауовтар — төртеуіміз де бала кезімізден сирек кездесетін және қозғалыс-тірек аппаратының әлсіреуіне алып келетін ауру — миопатия Дюшена Эрба-Рота диагнозымен ауырамыз. Үлкен ағамыз экономист болса, Дәурен қолөнер бұйымдарын дайындайды, ал менің мамандығым — филолог. Менің міндетім — студияның бұқарамен байланысын күшейту, бір сөзбен айтқанда, кәсіпорынның жарнамасымен айналысамын. Байқағаныңдай, денсаулығы мықты азаматтардың бір өзі атқаратын жұмысты төртеуіміз жабылып жасап жүрміз. Өнеркәсібіміздегі қиындықтың үлкені — жұмысқа барып-келу жағы. Біз Қостанай маңындағы ауылдан күнде қалаға қатынап жүрміз. Бұл да өз деңгейінде жобамыздың іске асуына кері әсерін тигізіп отырған бірден-бір фактор. Мемлекет тарапынан жәрдемақы, ем-домнан кенде қалып жатқан жоқпыз. Отыздан асып бара жатқандықтан, Арлан екеуміздің де бөлек шаңырағымыздың, бала-шағамыздың болғанын қалаймыз. Әкеміз Қызылбай осыдан он алты жыл бұрын дүниеден өтіп, тағдыры тауқыметке толы төрт ұлды анамыз Балдырған бір өзі өсірді. Тағдыр сынына мойымай, бізді өсіріп-жетілдірген, әлі күнге ауылдағы бар ауыртпалықты көтеріп, бізге мейірімін төккен анамызға алғысымыз шексіз. Енді тек Қостанай қаласынан пәтеріміз болса, мақсатымызға жету жолында бір қиындықтың шешілгені деп білер едік. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, біздің ірі жобаны жүзеге асыруға көзіміз жеткенмен, қолымыз жетпей тұрғанын жасыра алмаймыз. Алдыңғы екі бауырымыз аяқтанып, екеуі де ұлды болды. Жанболсын мен Аманжол есімді інілеріміздің денсаулықтарында, Аллаға шүкір, ешқандай кінәрат жоқ. Тағы бір қуаныштысы, қолөнер бұйымдарын жасауға қызығушылықтары зор, Арланның шәкірттері болып өсіп келе жатыр. Сондай-ақ, халық арасынан шыққан қайырымды, жомарт жандар біздің өнерімізді бағалап, бізге үй-жай жағынан көмектессе, кәсібімізді одан әрі дөңгелетіп, қазақтың ұлттық қолөнерінің дамуына өз үлесімізді қосар ма едік…
— Әсерлі әңгімелеріңіз үшін көп рақмет! Алла Тағала дерттеріңізге шипа, кәсіптеріңізге береке берсін!

P.S. Көрмені өз көзіммен көріп, мүмкіндіктері шектеулі жандар деп аталып жүрсе де, төртеу көзі түгел болса, әлі талай биікті бағындырарына сенім арттым. Ендеше, осы азаматтардың амандығын Алладан тілеп, оларға қолымыздан келгенше көмектесейік, ағайын!

Ермұрат Шопан