Қазақстанның барлық өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Ауа райының бұзылуына байланысты «Қазгидромет» РМК бірнеше өңірде ескерту жариялады.
Алматы облысында 11-14 наурыз аралығында күннің жылынуынан, қар жамылғысының тұрақсыз болуынан және қатты жауын-шашынның әсерінен Үлкен және Кіші Алматы су бассейндерінде қар көшкіні қаупі сақталады. Осыған байланысты қар жатқан тау бөктеріне шығуға тыйым салынады.
11 наурызда Ақмола облысының батысында жаяу бұрқасын күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстік-батысында тұман болады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз өңірдің солтүстік-батысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
Алматы қ аласында 12 наурызда күндіз қатты жаңбыр жауады. Шығыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с құрайды.
11 наурызда Ақтөбе облысының оңтүстігі мен шығысында көктайғақ болжанады. Облыстың басым бөлігінде тұман күтіледі. Өңірдің солтүстік жартысында жолдарда көктайғақ сақталады.
11 наурызда Атырау облысының оңтүстігінде, солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі.
11 наурызда Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысы мен оңтүстігінде тұман болжанады.
11 наурызда Шығыс Қазақстан облысын да жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, күндіз жылдамдығы 15-20 м/с құрайды. Ауа температурасы күндіз 2-7, облыстың оңтүстігінде 10 градус жылы болады.
12 наурызда күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Өңірдің солтүстігі мен батысында көктайғақ болады. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде екпіні 23-28 м/с күшейеді. Ауа температурасы түнде 0-5 градус, күндіз 0-5, облыстың оңтүстігінде 8 градус жылы болады.
11 наурызда Абай облысының күндіз оңтүстігінде жаңбыр күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, Жарма ауданында күші 25 м/с жетеді. Ауа температурасы күндіз 2-7, облыстың оңтүстігінде 10 градус жылы болады.
12 наурызда күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Облыстың солтүстігінде, шығысында көктайғақ болады. Жел оңтүстік-шығыстан екпіні 23-28 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 0-5 жылы, күндіз 0-5, облыстың оңтүстігінде 8 градус жылы болмақ.
11 наурызда Маңғыстау облысының батысында, солүстігі мен оңтүстігінде тұман күтіледі.
12 наурызда Жетісу облысында жаңбыр, күндіз оңтүстігінде, таулы аудандарында қатты жаңбыр болады. 11 наурызда шығыстан жел соғады, Алакөл көлдері ауданында екпіні 15-20, кей уақыттарда 23-28 м/с жетеді.
11 наурызда күндіз Түркістан облысының тауларында, 12 наурызда түнде және таңертең оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында қатты жаңбыр күтіледі. 11 наурызда күндіз облыстың таулы аудандарында, 12 наурызда тәулік бойы таулы және тау бөктерлі аудандарында найзағай ойнайды. Күндіз тау асуларында желдің күші 23 м/с жетеді.
Шымкент қаласында 12 наурызда түнде және таңертең кей уақытта қатты жаңбыр, найзағай күтіледі. 11 наурызда таңертең және күндіз, 12 наурызда тәулік бойы желдің күші 15-20 м/с құрайды.
11 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын, тұман болжанады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, батысы мен шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
11 наурызда күндіз Павлодар облысының солтүстігі мен батысында көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, өңірдің онтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
11 наурызда Қостанай облысының оңтүстік жартысында көктайғақ, тұман күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын болады. Желдің екпіні – 15-20 м/с.
12 наурызда Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, шығысында, таулы аудандарында қатты жаңбыр күтіледі. 11 наурызда күндіз облыстың батысында, 12 наурызда күндіз облыстың оңтүстігінде, батысын мен шығысында найзағай байқалады. Желдің жылдамдығы 23 м/с құрайды.
Сондай-ақ синоптиктердің мәліметінше, 11-12 наурызда Жетісу, Алматы облыстарында және Алматы қаласының маңындағы аймақтарда жаңбыр түрінде жауын-шашын жауып, ауа температурасының көтерілуіне байланысты қардың қарқынды еруі, еріген қар суының жиналуы және тау беткейлерінен тасқын судың ағуы, өзен-көлдерде мұздың әлсіреуі және су деңгейлерінің көтерілуі күтіледі. Бұл ретте өзен-көлдерде су арнасынан асып, су басу жағдайлары болуы ықтимал.

turkystan.kz.