Емханадағы балаға қалай қамқорлық жасалады?
Алматы қаласындағы №10 емханадағы баланы дамыту кабинетінің міндеттеріне баланың физикалық және психологиялық дамуын бағалау, әртүрлі аурулардың алдын алу және емдеу, сондай-ақ ата-аналарға арналған кеңестер мен ұсыныстар кіреді. Бүгінде мұндай қызмет түрінің емханада барын көп тұрғындар біле бермеуі мүмкін. Сол себепті осы кабинеттің жұмысымен арнайы танысуды жөн көрдік. Баланы дамыту кабинеті – әртүрлі жастағы балалардың денсаулығын жан-жақты бақылауға және қолдауға арналған арнайы медициналық кабинет. Баланы дамыту кабинетінің мейірбикесі Садуақасова Сандуғаш Әлдибайқызымен таныса отырып, ана мен бала арасындағы жұмыстарын айтып беруді жөн көрдік. Бұл кабинет – баланың әл-ауқаты мен дамуын қамтамасыз етуге көмектесетін отбасылық дәрігер мен отбасы арасындағы көпірдің бір түрі. Біздің жұмысымыздың маңызды бөлімдерінің бірі – ана сүтімен емізуді насихаттау. Бұлай емізу тиімділігі бала мен ана арасындағы психоэмоционалдық жақындық және екеуінің де денсаулығына өте тиімді. Ана сүтінің баланың иммунитетін көтеруге пайдасы зор. Ішкі құрылысына, ішектерінің қызметіне, аллергиялық ауруларды болдырмауға емізудің пайдасы көп. Емізу жас босанғаннан кейінгі қан кетуден қорғайды, босанғаннан кейін әлін тез жинауға көмектеседі, сүт безі және жатырдың қатерлі ісігінен және бастапқы айларда қайта жаңа жүкті болудан қорғайды, отбасы бюджетін үнемдейді. Сонымен қатар, кабинетте бала күтімін, дұрыс тамақтануы, физикалық белсенділігін, психологиялық және эмоционалдық даму мәселелерін түсіндіреді. Қосымша тамақтану, оны дұрыс даярлау, қандай тағамдар беру керек екеніне, кеңес берілетін ресурстық кабинет бар. Дұрыс тамақтану баланың болашақта денсаулығына тиімді, қант диабеті, семіздіктен, тері аурулары, қан қысымы және тағы басқа аурулардан сақтайды. Бұл кабинетте ата-аналарға бала күтімі туралы кеңестер, ұсыныстар беріледі. Баланың өмірге келген сәтінен бастап ана сүтімен, одан соң 6 айынан бастап қосымша тамақ қосып беру және оның мөлшерін айтамыз, 2 жастан 5 жасқа дейін баламен қалай ойнап, дамуы туралы ата-аналарға дәріс оқып, сұхбат жүргіземіз. Рационалды тамақтану, жеке бас гигиенасы, әке мен ананың бала өмірінде дамуына себепші екенін, зорлық-зомбылық, қауіпсіздік жағдайлар секілді тақырыптар қозғалады. Жас аналарға, жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға тамақтану пирамидасы туралы ақпарат беріледі. Бала дамыту кабинетінде аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Баланың есту қабілетінің бұзылуы оның өмірінің алғашқы жылдарында байқалмай қалуы мүмкін. Ал ол оның сөйлеу және психикалық дамуының тежелуіне себепші болады. Ерте кезеңнен бастап емдеу тиімді. Скринингтен өтудің маңыздылығы баланың есту қабілетінің бұзылыстарын ерте анықтау сөйлеу және қарым-қатынастық дамудағы ықтимал асқынулардың алдын алуға қажет. Қажет болған жағдайда уақытылы емдеу мен оңалтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осындай кабинетте жұмыс жасағаныма 6 жылдан асады. Ата-аналар мен олардың балалары үшін бірқатар негізгі функциялар мен мүмкіндіктерді ұсынады. Көрсетілетін қызметтер шеңберінде баланы тұрақты тексеру жүргізіледі, оның ішінде физикалық тексеру, талдаулар, өлшеулер және ықтимал мәселелер мен ауытқуларды анықтауға бағытталған диагностикалық процедуралар. Сонымен қатар кабинетте әртүрлі инфекциялар мен аурулардан қорғауды қамтамасыз ету үшін профилактикалық егулер ұсынылады. Баланы дамыту кабинетінің негізгі функцияларының бірі – ата-аналарға арналған кеңестер мен ұсыныстар. Кабинетте жұмыс істейтін дәрігерлер ата-аналарға бала күтімі, тамақтану, физикалық белсенділік, психологиялық және эмоционалдық даму мәселелерін түсінуге көмектеседі. Олар сондай-ақ басқа мамандармен өзара әрекеттесу бойынша ұсыныстар бере алады. Егер балаға ортодонттар немесе логопед сияқты мамандардың тексеруі қажет болса, учаскелік дәрігеріне ескертіп, әрі қарай ем-шара алуына ықпал етеді. №10 емханадағы баланы дамыту кабинетінің мейірбикесі Сандуғаш Әлдибайқызымен сұхбат соңында істеп жатқан жұмыстарына береке және жемісті күндер тілей отырып, еңбектеріңіздің абыройын берсін деп тілек білдіреміз.
Г.Тұрлыбекова