Елорда аумағын масалардан зарарсыздандыру жоспары 20%-ға ұлғайды
Нұр-Сұлтан қаласында маса мен шыбын-шіркейлерге қарсы дезинсекциялау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Жұмыстар таңертең және түнгі уақытта жүргізілуде. Бірінші кезеңде жертөлелер, су қоймалары қамтылатын болады. Ағымдағы жылы масалардан зарарсыздандыру жоспары қала аумағында 20%-ға, су қоймаларында 25%-ға ұлғайды. «Су қоймалары мен қорғаныс бөгеттерін дер кезінде өңдеп, масаларды дернәсіл кезеңінде жою маңызды. Бұл шара масалардың қаланың кварталішілік аумақтарында көбеюі болдырмауға мүмкіндік береді. Масалардың көбеюі үшін қолайлы жағдайдың туындауына байланысты, 15 сәуірден бастап қаланың су айдындарында және қорғау кедергілерінде жәндіктерге қарсы кең ауқымды дезинсекция жұмыстары басталды», – деді қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін дезинсекция жұмыстары қаланың кварталішілік аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, көшелерде жүргізілетін болады. Масалармен тиімді күресуде жертөлелер, мектеп, балабақша аумақтарын, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын, базарларды, сауда үйлерін өңдеу маңызды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі