Дүниені өзгерту үшін өзіміздің өзгеруіміз қажет
Бірде қонақта бір жап-жас жігіт:
Бауыржан ата, сіз қай жүзге жатасыз? — деп сұрады.
Мен тұтас қазақпын. Мені бөлшектеу мүмкін емес! Мен бір қазақ емеспін, бар қазақпын. Осындай сезім сенің де, сен секілді жастарымыздың да жүрегіне ұяласа екен деп тілеймін. Түсінсең: «Дүниені өзгерту үшін өзіміздің өзгеруіміз қажет» -деген ұлы көсем Махатма Ганди өсиеті бізге де арналып айтылған.
Әлгі жігіт үндемей, төмен қарап, ойға батып отырып қалды. Онысын жақсылыққа жорыдым. Менің ойымша, қара халық ешкімді алалап, жек көрмейді. Қайта «күн — ортақ, жақсы — ортақ,, деп кеңпейілділік, бауырмалдық танытып, жатты да жатырқамайды. Бұл біздің халқымыздың ұлылығы, кемеңгерлігі. Ең өкінерлік жай — бәрін бүлдіріп, ел ішіне ылаң салып жүрген, жаңа айттым ғой, жағымпаз пайдакүнемдер, алаяқ, мансапқұмарлар. Егер осы арамзалардың қулық-сұмдығына алданбай, өз тізгінін өз қолына алып, қолжаулықтан құтылар болса, менің халқым жер жүзіндегі асыл халықтың біріне айналар еді. Бойында соған лайықты қасиеттердің бәрі бар.
Бауыржан Момышұлы